Нұрсұлтан Назарбаев: Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!
Бейсенбі, 5 шілде 2012 8:36
Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.
(Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық олимпияшылармен кездесуде сөйлеген сөзінен).
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XXX Лондон жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады.
Бейсенбі, 5 шілде 2012 8:36
Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.
(Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық олимпияшылармен кездесуде сөйлеген сөзінен).
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XXX Лондон жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады.
Елбасы өзі бұрыннан қалыптастырған дәстүрге сай төрт жылда бір өтетін басты әлемдік бәсекенің қарсаңында егемен еліміздің намысын қорғайтын олимпиадалық команданың дайындығына қанығып, өздеріне әкелік ақ жол тілеу үшін тағы да спортшылар мен жаттықтырушыларды жанына жинады.
– Біздің еліміз қашаннан зор спорттық жетістіктерімен ерекшеленеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша ғана біздің спортшыларымыз әлемдік біріншіліктерде 15 түрлі жоғары награданы жеңіп алды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің кіріспесінде. – Біз кешегі кеңестік кезеңде де спортта алда болдық. Кеңес Одағы тұсында да Қазақстаннан чемпиондар шықты. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін біздің көптеген саңлақтарымыз Олимпиада мен әлем біріншіліктерінде еркін өнер көрсетуге үлкен мүмкіндіктер алды. Еліміздің спорты осы жылдарда айтарлықтай жоғары қарқынмен дамып келеді. Осы ретте өткен жылғы Қысқы Азия ойындарында спортшыларымыздың 32 алтын медальдің иегері атанғанын айтып өтуімізге болады. Мұның өзі республиканың қысқы спорт саңлақтарының құрлықта алдыңғы қатарда тұрғанын көрсетіп берді.
Одан әрі Президент қазақстандық спортшыларды жақсы білетінін атап көрсетті. Бұқаралық ақпарат құралдары күні бүгінге дейін сіздердің әрбіріңіздің үлкен дода алдындағы дайындықтарыңыздың барыстарын ұдайы жан-жақты көрсетіп отырды. Біз осы кездерде Лондонның лицензиясын ұтып алған әрбір спортшымызды Қазақстанға кеңінен таныстырып отыруға күш салдық. Енді, міне, шешуші сәт те келіп жетті – осы айдың соңына қарай біздің бәріміз көптен күткен Олимпиада да басталады. Қазақстан сіздердің осы Ойындарда барынша табысты өнер көрсетулеріңіз үшін барлық жағдайды жасады. Тәуелсіздік жылдарында спорт саласын өркендетуге орасан зор қаржы бөліне бастады. Еліміздің барлық өңірінде спорттық нысандар көптеп салынуда, қайта жөндеуден өткізілгендері де баршылық, деді Елбасы. Сондықтан алдағы Олимпиадада үміттің үкісін тағып отырған саңлақтарымыз нағыз қазақстандық спортшының мінезін көрсетіп, тілеулестері күткен биіктерден көрінулері тиіс. Спортшыларымыз өздеріне миллиондаған қазақстандықтардың көз қадап отырғанын сезінулері керек.
Еліміз ұлттық құрама командасының мүшелері алдына осындай міндет қойған Мемлекет басшысы Ойындарда спорттың 27 түрі бойынша еліміздің 107 спортшысы сынаққа түскелі тұрғанын тілге тиек етті. Жалпы, бұл додаға жер-жаһанның 10,5 мың спортшысы қатысып, спорттың 39 түрінен 302 медаль жиынтығын сарапқа салады.
– Төрт жылда бір айналып келетін Олимпиадаға қатысу және онда жеңіске жету өзін өзі лайықты бағалай алатын әрбір спортшы жетістігінің шыңы болып табылады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте. – Бүгінде спорт – жәй ғана жарыс емес. Ол – кез келген елдің халықаралық дәрежедегі имиджін қалыптастыратын сала. Былайша айтқанда, спорт бір жағынан спортшының жетістігін күллі әлемге көрсетіп жатса, екінші жағынан осы арқылы өзін шығарған елді сол жалпақ жаһанға таныстырып жатады. Олимпиадашылардың жеңісінен кейін балалар спорт секцияларына барады. Бүгінде спорттың бұқаралық сипат алуына айрықша көңіл бөліп отырған мемлекетіміз қазақстандықтардың кемінде 30 пайызы спортпен айналысуын, саламатты өмір салтын ұстануын міндет етіп қойып отыр. Халық әрдайым спорттық жетістіктердің айналасына топтасады, қазақстандық патриотизм негізінде бүкіл еліміз бірігеді. Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.
Осыдан кейін Елбасы 1996 жылы Қазақстанның ұлттық олимпиялық құрамасының тарихта тұңғыш рет дербес команда болып Олимпиадаға қатысқанын еске алды. Соған дейін 1972 жылы Мюнхенде баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтің Олимпиада чемпионы атанып, рухымызды қандай көтеріп кеткенін, гимнасшы Нелли Кимнің екі Олимпиадада бес дүркін чемпион болып, абыройымызды қалай асыра түскенін әңгімеге арқау етті. Егемендік жылдарында боксшыларымыз бірінен соң бірі Қазақстанды айдай әлемге таныта бастады. Солардың сапындағы Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев сынды саңлақтарымыз еліміздің атын Олимпиада тарихына алтын әріптермен қалдырды. Бұлардың бәрі, әлбетте, тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Қайсыбір жылы Қазақстанның велосипедшілер командасы үлкен жетістікке жетіп, күллі жер бетіне еліміздің есімін жалаулата жазып берді. Бұлардың бәрі ешқашан ұмытылмайды. Олар халықтың жүрегінде, санасында, жадында мәңгілікке жарқырап қалып қойды, деді Президент.
– Мен сіздерді бүгін Лондонға жол жүрер алдында сәтті сапар тілеп, ақ батамды беру үшін шақырып отырмын, – деді Елбасы бұдан соң. – Енді өздеріңізді тыңдап көрейік. Соңғы Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері Илья Ильиннің не айтпағы бар?
Осы қаратпа сөзден кейін әйгілі ауыр атлетіміз бірден әңгімесінің тиегін ағытып ала жөнелді. Ол өзінің сөзін Мемлекет басшысына өздеріне көрсетіп отырған ұдайы әкелік қамқорлығы үшін зор алғыс сезімін жеткізуден бастады.
– Еліміздің ұлттық құрамасы Отанымызға абыроймен оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, – деп сендірді ол Елбасын. – Бұл спортшыларымыз үшін жасалып отырған барлық жағдай мен қамқорлыққа біздің қайтаратын жауабымыз болып табылады. Біз әрдайым бүкіл жан-дүниемізбен Сіздің қолдауыңызды сезініп отырамыз. Бейжің Олимпиадасындағы көрсеткіші бойынша Қазақстан алдыңғы отыз елдің қатарына еніп еді. Енді Лондонда біз сол жетістігіміздің кездейсоқ келмегенін дәлелдеуіміз керек. Біз әлемдегі ең мықты деген спортшылардың өзімен лайықты бәсекеге түсуге дайын екенімізді мәлімдегім келеді. Қазақстанның қазіргі заманғы және мықты мемлекет екенін бүкіл әлемге тағы да табандылықпен танытатын боламыз. Сіз менің барша жеңістерімнің нағыз бірлескен авторы болып саналасыз.
Осы жерде ауыр атлеттердің соңғы кездері қол жеткізіп келе жатқан табыстарына сүйсіністік білдірген Мемлекет басшысы құраманың басшылығы тарапына да жылы сөздер айтты.
– Мұнда Алексей Геннадьевичтің көп үлесі бар екенінен хабардармын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Ауыр атлеттерден көп үміт күтуге болатынын да білемін. Мынадай жүрекжарды жылы лебізден кейін ауыр атлетикадан еліміз құрама командасының көп жылдардан бергі үзіліссіз бас жаттықтырушысы Алексей Ни өзін өзі тоқтатып тұра алмады.
– Бүгінде ауыр атлетика бойынша олимпиадалық құрама – тәжірибе мен жастықтың қосындысы, – деді ол бірден Елбасының сөзін ала. – Бұл дайындық, мақсат пен тәжірибе бізге алдағы Олимпиадада лайықты өнер көрсететініміз туралы сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Мен өмір бойы спорт саласында еңбек етіп келемін. Кеңестік кезеңде де жаттықтырушы болдым. Сондықтан бүгінгіні өткенмен салыстыруыма болады. Спортты дамыту үшін қазіргі Қазақстанда барлық жағдай жасалып жатыр. Мұндай қолдау бізде бұрын-соңды болып көрген емес. Біз бірегей спорт кешендері мен спорттағы осы заманғы озық технологияға тікелей Сіздің қолдауыңыздың арқасында қол жеткіздік. Біз мұны анық сезініп, біліп отырмыз. Және оны мақтан да тұтамыз. Осыған байланысты мен Сізге спортшылар мен жаттықтырушылар атынан зор алғысымды айтамын.
Келесі сөздің кезегі грек-рим күресінің шебері Алмат Кебісбаевқа тиді. Ол өзінің сөзінің желісін еліміздегі балуандар шоғырының жас кезінде күреспен айналысқаны үшін Елбасын ерекше жақсы көретінінен тартты. Боз кілем шеберлеріне де Ұлт көшбасшысының бүгінгі жүрекжарды әрбір сөзі қатты әсер етіп отыр. Бұл кездесуден олар бойға қайтпас қайрат алды. «Ақорданың аясынан әкелік қамқорлық жасап отырған Сіздің ықыласыңыздан алған қуатты біз ешқайдан ала алмаймыз. Бұл – біздің тәнімізге емес, жанымызға берілген күш. Қазақ спортшылары қашан да бәсеке атаулының биігі – Олимпиададан құралақан оралған кезі болған емес. Сондықтан да біз осы жолда алдыңғы буын ағаларымыздың даңқты жолдарын лайықты жалғастыруға барымызды саламыз. Сіз артып отырған зор сенімді ақтауға барынша ұмтыламыз», – деді ол.
Лондонда тұңғыш рет өткізілгелі отырған бокстан әйелдер арасындағы турнирдің қатысушысы Марина Вольнова осы ойды одан әрі жалғастырып әкетті. Өзінің сөзін таза қазақ тілінде жеткізген былғары қолғап шебері Қазақстанның спорты үшін әлем алдында мақтануға болатынын мәлімдеді. Ол Олимпия ойындарына жолдама алудың өздері үшін бірінші жеңіс болса, екінші жеңіске Лондонда қол жеткізетінін айтты.
– Ендігі негізгі мақсат – осы сапарда тек Сіздің ақ батаңызбен ел намысын қорғау. Аса мәртебелі Президент, жеңіспен ораламыз деп сендіруге рұқсат етіңіз, – деді боксшы қыз.
Бұдан кейін Лондондағы үкілі үмітіміздің бірі, жеңіл атлет Ольга Рыпакова сөз алды.
– Сіз бір жолы біздің елімізді барысқа теңеп едіңіз, – деді ол ерекше толғаныс үстінде. – Бұл – шынында өте бір әдемі теңеу. Сол Қазақстан барысы осы кезге дейін қатарынан үш рет рекордтық секіріс жасады. Бірінші секіріс – тәуелсіздіктің қалыптасуы мен мемлекеттіліктің нығайтылуы. Екіншісі – онжылдықтағы екінші секіріс табысты даму мен самғауды білдіреді. Ендігі жерде, үшінші онжылдықта, біз жетістіктеріміз бен жеңістерімізді бекітуіміз керек.
Қорытынды сөзді Мемлекет басшысы алды.
– Мені Ұлыбритания басшылығы Олимпия ойындарына шақырды, – деді Президент. – Ол жерге баруға ниеттеніп отырмын. Бәлкім, әлдеқандай жарыстарды көрудің мүмкіндігі туып қалар. Ең бастысы, мен сіздердің дайын екендіктеріңізді анық аңғардым. Елдің спорттағы жетістіктері оның әлемдегі орнын белгілеп береді, мемлекеттілігін нығайтады, халықтың топтасуына ықпалын тигізеді. Мен Үкіметке ғылыми-зерттеу институты мен антидопинг орталығын ашу мәселесін зерттеп білу туралы тапсырма бердім. Біздің спорттық әлеуетіміз жақсы. Осы мүмкіндікті дамытатын боламыз. Бүкіл Қазақстан сияқты біздің спорттық командамыз да көпұлтты. Бұл – Қазақстан халқының спорттық ассамблеясы. Мұның маңызы өте зор. Яғни, бүкіл Қазақстан сияқты достықпен, бір командамен өнер көрсету және де жеңіске жету қажет.
Осы орайда Елбасы еліміздегі жанкүйерлер спортшыларымызға жан-жақты дем беріп, барлық қолдау шараларын атқаратындығын баса айтты. Бейжің Олимпиадасына мен де бардым, қалашықта болдым. Біреулеріңізбен кездескен де шығармыз және осы жолы да бұл дәстүрді жалғастыратын боламыз, деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты қабылдаудың соңында Нұрсұлтан Назарбаев еліміз ұлттық құрамасының еліміздің Олимпия ойындарына апаратын Мемлекеттік туын команданың ту ұстаушысы – балуан Нұрмахан Тінәлиевке өз қолымен табыс етті.
Осыдан кейін сөз алған Нұрмахан Тінәлиев осынау көрсетіліп отырған зор сенім үшін Елбасына алғыс сезімін жеткізді. Ол Елбасының сенімін, барша елдің сенімін ақтау үшін, көк туымыздың көк жүзінде шарықтап, әнұранымыз әлемге шырқалуы үшін, Қазақстанның күшті және өркендеген мемлекет ретінде даңқын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесудің түйінінде Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен жаттықтырушыларға Лондонда өтетін Олимпия ойындарына сеніммен аттанып, жеңіспен оралуды тіледі.
Соңынан Мемлекет басшысы олимпиадашылармен бірге ескерткіш суретке түсті.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».