12 Шілде, 2012

Олимпиадаға 15 күн қалды

337 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Олимпиадаға 15 күн қалды

Бейсенбі, 12 шілде 2012 7:31

Дүбір

Жанкүйер деген жақсы ат

Лондон Олимпиадасының бұрынғы жарыстардан ерекшелігі сол, жанкүйерлер үшін ең шығыны көп дода болғалы тұр. Олимпиадаға барған соң, жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатын көруге бәрі құмартады. Елдің барлығы тұманды альбион атанып кеткен Лондон қаласының әсем орындарын көріп, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқысы келеді.

 

Бейсенбі, 12 шілде 2012 7:31

 

Дүбір

 

Жанкүйер деген жақсы ат

 

Лондон Олимпиадасының бұрынғы жарыстардан ерекшелігі сол, жанкүйерлер үшін ең шығыны көп дода болғалы тұр. Олимпиадаға барған соң, жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатын көруге бәрі құмартады. Елдің барлығы тұманды альбион атанып кеткен Лондон қаласының әсем орындарын көріп, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқысы келеді.

Дегенмен, орташа есеппен алғанда қазақстандық әр жанкүйердің бару-қайтуы мен 4 жұлдызды қонақ үйде тұруы және әр жарыстарға билет алуға кемінде 2,5 мың доллар қажет екен. Мұндай қаржы еліміздегі екінің бірінде бар дей алмаймыз. Сондықтан, шын жанкүйер жарысты ауылда, ал, шенеуніктер мен әкім-қаралар Ұлыбританияда отырып тамашалайды.

Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдың 10 мамырында Лондон қаласында өтетін ХХХ Жазғы Олимпия ойындары жанкүйерлерінің штабы құрылды. Мұндай штаб алғашқы рет Қазақстан Республикасы Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің қолдауымен құрылып отыр. Осыған дейінгі жарыстарда қазақстандық жанкүйерлер тарыдай шашылып, әрқайсысы өз бетімен жүретін болса, Лондонда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын болады.

Олимпиада қарсаңында Лондон қаласында өтетін ХХХ Жазғы Олимпия ойындары жанкүйерлерінің штабының үйлестірушісі Римма ТӘЖІБАЕВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік.

– Сіз Қысқы Азия ойындары қар­саңында даАлматыда еріктілермен жұмыс істедіңізЕндімінеОлимпиадақар­саңында қазақстандық жанкүйерлердің басын қосуға бел буыпсыз.Жалпыбұл жоба қаншалықты үдеден шығып жатыр?

– Біздің мақсатымыз – ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының барлық жанкүйерлерінің басын қосу. Олардың қатарында Қазақстаннан баратын жанкүйерлер, Еуропа елдерінде тұратын қазақстандық отбасылар мен студенттер, сондай-ақ, қазақ спортшыларына болысатын шетелдік жанкүйерлер де бар. Өйткені, Олимпиадада өнер көрсетететін Александр Винокуров, Илья Ильин сынды атақты спортшыларды Еуропа халқы жақсы таниды. Сондықтан, шетелдік жанкүйерлерді де бөліп жармай, «Абылай ханның ақ туының астына жинағандай», қазақтың көк байрағының астына бастарын біріктірмекпіз.

– Лондон Олимпиадасындағы жарыс билеттері осыдан бір жыл бұрынсаты­лымға түсіп қойған едіАқпараттар ағынына сәйкесбилетке зәруадамдар өте көп сияқтыАлбізде жанкүйерлер штабы небәрі екі айбұрын ғана құрылдыБұл хәкім Абай айтқандайқолды мезгілінен кешсермеу емес пе?

– Әрине, дәл солай. Бірақ, бұрын-соңды Олимпиадалар қарсаңында мұндай жобалар іске асқан жоқ. Ендігі ретте, Ұлттық Олимпиада комитетімен бірігіп, қазақ жанкүйерлері үшін барлық Олимпия ойындарын қолжетім­ді етуге тырысамыз.

Расында, Олимпиада билеттерінің барлы­ғы сатылып кеткен. Қуанышымызға орай, Ұлттық Олимпиада комитетімен келісім-шартқа отырған әлдебір туристік фирма мыңдаған билеттерді алдын-ала сатып алған екен. Әсілі, бүгінде барлық мәртебелі жарыс­тардың билеттері осындай турфирмалардың қолына өтіп, жанкүйерлер үшін екі есеге артық бағаға сатылады. Біз осы жағынан келгенде аздап шығындалдық. Бірақ, жоқ деп қол қусырып қалғаннан жақсы емес пе?!

Әйтсе де, аталмыш турфирманың сатып алған билеттерінің саны бізді қанағаттандыра алған жоқ. Көп адам Лондон Олимпиадасына билет тапшылығынан бара алмай қалды. Бі­рақ, билет жетпей қалған жанкүйерлер Лон­дондағы қазақстандық баспасөз орталығынан жарыстарды тамашалай алады.

– Лондон Олимпиадасы қарапайым жанкүйерлер үшін қолжетімді болмай шық­ты. Англияға Қазақстаннан тек ау­қатты адамдар ғана аттанады деген сөз қаншалықты шындық?

– Барлығы әкім, барлығы шенеунік, бар­лығы кәсіпкер дей алмаймыз. Бірақ, дені сондай ауқатты жандар. Араларында қарапайым қазақ жанкүйерлері де бар. Олимпиада үшін тірнектеп жиған қаржысын жұмсағалы бара жатқан жанкешті жанкүйерлерді де кездес­тірдік. Бірақ, әкімдер мен федерация басшылары жанкүйерлік таныта алмайды деуге болмайды.

– Қазақ жанкүйерлері өзгелерден қалай ерекшеленеді?

– Шындығына келсек, Қазақстан Лондон Олимпиадасына ерекше дайындықпен бара жатыр. Тіпті, қазақ жанкүйерлеріне арналып арнайы форма да тігіліп, спортшыларға рух беретін әнұран жазылды. Сондай-ақ, қазақ­стандық жанкүйерлерден бөлек, Лондонға Еуропада тұратын 700-ге жуық қазақ диаспорасы аттанады. Лондонда білім алып жатқан мыңға жуық қазақ студенттерін де жина­мақпыз.

– 2008 жылы Бейжіңге қазақ спортшылары тарихымызда ең көп жолдама алып, 135 спортшы өнер көрсетті. Тіпті, сол Олимпиадаға барған қазақ жанкүйер­лерінде де есеп жоқ. Енді, биылғы Олимпиадада қазақ жанкүйерлерінің аздығы спортшылардың рухын көтеруге жетпей қалмай ма?

– Біріншіден, Қытай – іргеде жатқан ел. Қытайда Олимпиадасыз-ақ, ары-бері сапармен жүрген қазақтарды да жиі кездестіруге болады. Ал Англия – Еуропаның өзінен алыс жатқан ел.

Біз Лондонға аттанған жанкүйерлерден қазақ спортшылары қатысатын барлық жа­рыс­тарда болуын талап етеміз. Расында да, спортшылар қолдауға мұқтаж. Жарыстың 24 түрінен өнер көрсететін отандастарымыздың барлық өнерін тамашалауға уақыт табамыз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен, Жандос БАЙДІЛДА,

журналист.

Алматы.

 

Үш алтыннан үміттіміз

Жақында Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Қазақстан спортшыларының Олимпия ойындарына дайындығы жөнінде кездесу өткізіп, ойларымен бөлісті.

Кездесуде Т.Ермегияев спорт­шыларымыздың Олимпиадаға дайындығына тоқталып, дәл қа­зір  105  жолдаманы  115  отан­да­сымыздың жеңіп алғанын, осы спортшыларға үміт артылып отырғанын айтты.

– Олимпиадада кез келген елдің мерейін асыратын нәрсе – ол ең әуелі алтын жүлде, мем­лекеттік туымыздың биіктен көрініп, әнұранымыздың шыр­қа­луы. Сондықтан біздің спортшыларымыз Олимпиадада кем дегенде 13 медаль, соның ішінде, 3 алтын жүлдені алуы керек. Егер олар 13 жүлдеден көп жүлде алып, бірақ соның алтын медалі аз болса, біз командалық есепте артта қаламыз. Міне, сондай жағдайды болдырмау үшін бізге кем дегенде 3 алтын медаль керек, – деді ол.

Осы орайда, ол зілтеміршілер мен боксшыларға көп сенім, үміт артылып отырғанын жасырмады. «Биылғы Лондон Олим­пиадасына сегіз ауыр атлет бара жатыр. Оның ішінде, бесеуі міндетті түрде жүлдеге таласады деп отырмыз. Ал кімнің алтынға ие болатыны олардың бағына, бабына, дайындығына байланысты. Боксшыларымызға да сондай сенім артып отырмыз. Бұл жерде де боксшының бабы мен бағына көп нәрсе байланыс­ты болады», – деді агенттік төрағасы.

Сонымен бірге, Талғат Ермегияев ауыр атлетикадан жолдама алған жаңа легионерлерге де тоқталды. «Жаңа легионерлерге келетін болсақ, олар Қырғыз­станнан келген. Екі жылдан бері Қырғызстанда жаттықты. Қазір Олимпиадаға жан-жақты дайындалып жатыр. Біздің ойымызша, Энвер Түркелери сияқты маман­ның қол астында жаттықса, олар әлі талай биік белестерді бағындырады», – деді ол.

Одан кейін агенттік төрағасы биылғы Олимпиада Қасиетті Ораза айына тұспа-тұс келіп отырғандықтан, оған Қазақ­станнан баратын мұсылман спортшылар­дың ораза ұстауына болатынын атап өтті. «Қазір біз Олимпиа­даға бара жатқан спортшылары­мызға жан-жақты жағдай жасап жатырмыз. Әрбір спортшының жеке бөлмесі болады. Ал ораза тұтуға келсек, мұсылмандардың парызы болғандықтан, ниет еткен спортшыларға біз қарсылық танытпаймыз. Өз ыңғайына қарай ораза ұстауларына болады», – деді агенттік төрағасы.

Сонымен бірге, Т.Ермегияев Олимпиада кезінде спортшыларымызды тамақтандыру мәселе­сінің маңыздылығын айтып, Ойындарда отандастарымызға елден арнайы тамақтардың да апарылатынын, соның ішінде, қазы-қарта сияқты калориялық астың тек спортшыларымызға ғана арналатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы Ораза айы 20 шілдеде басталып, 18 тамызда аяқта­лады. Ал 27 шілдеде басталатын Лондон Олимпиадасы 13 тамызға дейін жалғасады.

Биылғы Олимпиадаға Қазақ­стан спортшылары алғаш рет сем­серлесу, су добы және әйел­дер боксынан жолдама жеңіп алды.

Қазақстандық олимпиада­шы­лар­дың алғашқылары Лондонға 18 шілде күні жолға шығады. Ал қалған спортшылар Ұлыбри­танияға жарыс кестесіне сай барады.

Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсім Жәлелитденованың айтуынша, негізінен, спортшылар сол елдің климатына жақсы бейімделу үшін жарысқа 2-3 күн қалғанда аттанады. Олимпиадаға Қазақ­станнан 180 адамдық делегация, яғни спортшылар, жаттықтыру­шылар, массажшылар мен дәрігерлер барады.

 

Олимпиада жанкүйерлерінің әнұраны

Олимпиада қарсаңында Лондон төрінде ел намысын қорғайтын отандастарымызды қолдау мақсатында жанкүйерлердің әнұраны жарияланды. Бұл жолы да былтыр Қысқы Азия ойындарының әнұранының авторы болған әнші, композиторлар Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер Серік Қалиевтің сөзіне жазылған Олимпиада жанкүйерлері әнұранының авторы атанды. Енді, міне, бүгін Олимпия ойындарына екі жұмадай уақыт қалғанда, біз оқырмандар назарына сол Олимпиада жанкүйерлері әнұранының сөзі мен нотасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Сөзі: Серік Қалиевтікі.

Әні: Ескендір Хасанғалиев пен

Біржан Хасанғалиевтікі.

Олимпиада –

Біздің ортақ жарысымыз,

Топты жарған Азияда барысымыз.

Спорттағы еселенсін табысымыз,

Жеңіс үшін, жеңіс үшін алға!

 

Қорғаймыз біздер тәуелсіз елдің намысын,

Жігерді қайрап сенімі елімнің жанысын.

Әнұран ойнап, көтеріп биік байрағын,

Біз жеңеміз, жеңеміз!

 

Олимпиада – выбирает только смелых,

Дух победы чемпионов окрыляет.

Олимпийский нам огонь всегда сияет,

Чемпионов вдохновляет вперед!

 

Спорт – это смелость,

это – дерзание и взлет,

Только отважный к финишу первым придет.

Упорство духа, мечта к победе нас ведет,

Где молодость – там рекорд!

 

Олимпиада –

Жансын біздің жұлдызымыз,

Батыр елдің дара туған ұл-қызымыз.

Қазақстан – жалғыз Отан күн нұрымыз,

Жеңіс үшін, жеңіс үшін алға!

Арғы беттен бір жаңалық

Лондон мен оның маңындағы бірнеше қалада жарыстар өтетін спорттық кешендер мен алаңдар­ды Ұлыбританияның қауіпсіздік органдары мен тәртіп сақшылары бақылайтын болады. Бұл шаралар Лондонның кейбір тұрғын­дары­ның қытығына тиіп жатқан­ға ұқсайды. Мәселен, жақында Лондонның шығыс бөлігінің бір топ тұрғындары Жоғарғы сотқа үйлерінің шатырына зениттік зымыран кешендерінің орналасуына қарсы шағымданған болатын. Бірақ сот олардың арыздарын қанағаттандырмай, кері қайтарып тастау туралы шешім шығарды. Сөйтіп, мұндай шарада үй иесі­нен еш нәрсе сұралмайтын болды.

Жақында 5 мың медальді де бри­тан монархтарының символдары сақталатын Тауэр қама­лында сақ­тау туралы шешім қабылданды.

Күткеніміз – жеңіс

Әсілі, Жаратушы иеміз жұ­мыр басты пендесін әр мүшел жасқа толарында сындарлы сәт­тен өткізіп, ширатып, шыңдап, орнықтырып, тіпті жарқын бола­шақтың тың бір жолдарын да ашып беретін тәрізді. Әлбетте, таңдау адамның өз еншісінде. Әлем спортында бұл күндері аты құрметпен атала бастаған даңқты балуан, Жетісу өңірінің төл перзенті Дәурен Жұмағазиев те жеке өмірінің сондай сындарлы бір сәтінде, яғни алғашқы мүшеліне толарында қатты тол­қыды. Оның таңдауында спорт және ғылым жолы тұрды.

Мектепте үздік оқушылар көшін бастап, әсіресе, математика пәнін сүйіп оқып, есеп шы­ғаруда тең-тұстастарынан оқ бойы озып жүретін Д.Жұмаға­зиев­тің анасы математика пәні­нің мұғалімі болғандықтан ба екен, ұлын Алматыдағы физика-математика мектебінде оқытуды қалады. Ойын баласы көп нәр­сеге жете мән бермесе де жүрек қалауын тыңдап, үлкен спортқа бет бұрды. Перзентінің таңдауы­на ата-анасы еш қарсылық көрсетпей ақ баталарын берді. Он үш жасында Алматыдағы мек­теп интернатқа оқуға қабыл­данып, бірден еркін күрес үйір­месіне жазылды. Ауылда ересек балалармен де күш сынасып қалатын жағдайларда еш тайсалмай, жауырынын жерге тигізбей өскен өжет ұл еш нәрседен қай­мықпады. Жаттығу барысында сан алуан тәсілдерді көрген сайын ынтызары ауып, әр қимылға жете мән беріп, «күрес те математика секілді екен, әр қимылды ойластырып, есептей білу қажет екен ғой» деген ой түйді. Бір күні сол ойын жаттықтыру­шысына айтқанында ағайы шын риза болып, оны бауырына басып «саған үкілі үмітімді артамын, ол үміт бір менің ғана емес, артыңдағы қалың еліңнің үкілі үміті» деген еді…

Еркін күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2011 жылғы Азия чемпионы, Ыстам­бұл қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль алып, ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына жолдама иеленіп, 60 кило. салмақ дәрежесінде биылғы жыл­дың 11 тамызында боз кі­лем­ге шығатын Д.Жұмағазиевке артылған ел үміті осылай басталған еді.

– Еңбекқор, ақылды, өзіндік әдістері мол, иық тіресе алатын қарсыластарының әр қимылын жіті бақылап, зерттеп, жаңа әдістер ойластырып, байыпты­лы­ғы­нан танбайтын Д.Жұмаға­зиев биыл жиырма бес жаста. Күрес те шахмат ойыны секілді. Қарсыласыңның ұтқыр тәсілінің бірі оң аяққа кіру екенін аңғар­дың ба, миыңның бір түкпірінде оған оң аяқты бермеу керектігі жазылып тұруы керек. Мұның барлығы біздің балуанның санасында сақталған. Оның бойында ұтқыр балуанға тән қасиеттердің барлығы бар. Батыр бала жүректі, ешқашан «көреміз» деп екіұшты жауап айтпайды. Құдай аузына салып тұрған шығар, ұтамын деген сөзді ылғи нық сеніммен айтады, – дейді Алматы облыстық Олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры Мәулен Мамыров.

Қорыта айтқанда, жігерлі жігіттің тілеуқорлары сындарлы сәтті тағатсыздана күтуде. Ауыл балалары Д.Жұмағазиевке елік­теп, сәті түскенде оның әр қада­мын мүлт жібермей есінде ұстаған. Сондықтанбүлдір­шіндер әлемі тіпті бөлек. Үлкен­нің де, кішінің де күткені жеңіс. Сол елдің үкілі үміті ақталғай!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Суретте:  Дәурен Жұмағазиев сол жақта.

Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».