А.Грищук – әлем чемпионы
Жұма, 13 шілде 2012 7:25
Астанада тұңғыш рет шахматтың жылдам (рапид) және блиц түрлері бойынша өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Бұған дейін жылдам шахмат бойынша өткен жарыста ресейлік Сергей Карякин әлем чемпионы атанса, норвег Магнус Карлсеннің екінші, болгар Веселин Топаловтың үшінші орынды иеленгенін хабарлағанбыз. Енді, міне, рапидтен сындар өтіп, әрі қарай блицтің финалына жалғасқан жарыста бас жүлдені мүмкін болған 30 ұпайдың 20-сын жинаған ресейлік Александр Грищук жеңіп алды. Екінші орынды Магнус Карлсен иеленді. Ол чемпионнан небәрі жарты ұпайға қалып қойды. Ал үшінші орынға тұңғыш әлем чемпионы Сергей Карякин ие болды.

Соңғы әлем чемпионы атағы үшін блицтен өткен сынға осылардан басқа тағы Ле Куанг Льес, Борис Гельфанд, Теймур Раджабов, Петр Свидлер, Александр Морозевич, Веселин Топалов, Дмитрий Андрейкин, Шахриер Мамедьяров, Василий Иванчук, Виорел Бологан, Николай Чадаев таласса, біздің елдің намысын Ринат Жұмабаев пен Павел Коцур қорғады. Осы екі шахматшымыз 14 және 16 орындарға ие болды. Алғашқысы – 12, екіншісі 8 ұпай жинады.
Енді блицтен әлем чемпионы туралы қысқаша айтып өтсек, Александр Грищук бұған дейін де әлемдік тәжді басына өлшеп көрген. Ол 2006 жылы шахматтың осы түрінен әлем чемпионы атанған болатын. Сонымен бірге, 2005 және 2009 жылдары топтық әлем чемпионы болса, 2009 жылы Ресей чемпионы, 2000 және 2002 жылдары Олимпиада чемпионы атанған. Содан кейін 2010 жылы Ресей құрамында Олимпиаданың күміс жүлдегері, келесі жылы әлем чемпиондығына үміткерлер жарысының жартылай финалисі, әлем кубогының финалисі болған. Ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, халықаралық гроссмейстер. Оның осы кезге дейінгі ең жоғарғы көрсеткіші 2 761 ұпай еді. Енді блицтен екі дүркін әлем чемпионы атанғанда оның бұл көрсеткіші бұдан да өсетіні сөзсіз.
Астанада өткен әлемдік бәсекеде А.Грищукті басқалардан бір нәрсе ерекшелендіріп тұрды. Ол жарыс кезіндегі үзіліске дейін шыдамай шылым тартуға шығып отырды.
Чемпионатта екінші-төртінші үстелдерді ресейлік-украиналық үш шахматшы бөліп алды. Дмитрий Андрейкин, Сергей Карякин және Василий Иванчук өзара бақ сынасып, араларынан суырылып шығуға барын салды. Дегенмен, соңғы сәтте солардың ішіндегі рапидтен әлем чемпионы Карякиннің жолы болды. Бұл сында ол 18,5 ұпай жинап, үшінші орынға табан тіреді.
Осы орайда Карякиннің де блицтен әлем чемпионы атағын жеңіп алуға мүмкіндігі болғанын айта кету керек. Чемпионатта бұған дейін 2004 жылы Украина құрамында Олимпиада чемпионы, 2007 жылы әлем кубогының жүлдегері атанып, 2010 жылы Ресей құрамында Олимпиаданың күміс жүлдегері болған шахматшы өте жақсы өнер көрсетті. Ол Астанаға қос бірдей әлем чемпионаттарын жеңіп аламын деп те келген екен. Бірақ, ол бір ғана әлем чемпионатын жеңіп алды. Оның өзінде жеңіп алғаны қандай атақ десеңізші. Тұңғыш әлем чемпионы деген атақ. Ал Грищук болса, керісінше Астанаға мүлдем әлем чемпиондығын жеңіп аламын деген мақсатпен келмеген екен. Ол бұл сынға ауырып келіп, ауырып кетті. Жарыс бойына біресе орамалмен маңдайын басып, біресе көз-мұрнын сүртіп отырған шахматшыны блицтен әлем чемпионы болады деп кім ойлаған. Міне, бақ деген қайда жатыр.
Енді келесі әлем чемпионаты тамыз айында Түркияда өтеді. Оған, біздің құрамада Жансая Әбдімәлік сияқты ең жас гроссмейстеріміз бар, шахматшыларымыз қатысады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».