16 Наурыз, 2010

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ

967 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы облысы, Ақсу ауданындағы су қоймасы бөгеті бұзылуының салдарларын жою үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Қаулыға сәйкес 599 838 000 теңге сомасындағы қаржы ағым­дағы екі мақсатты трансферт ре­тін­де бағытталатын болады. 499 838 000 теңгені құрайтын алғаш­қысы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан зардап шеккен Қызылағаш және Егінсу ауылдарының тұрғындарына ма­те­риалдық көмек көрсетуге және сумен жабдықтау жүйелерін қал­пына келтіру, тұрғын үйлерді жөн­деу жұмыстарын жүргізуге ба­ғытталса, 100 миллион теңге мөл­ше­ріндегі екіншісі жаңа тұрғын үйлер салуға жұмсалады. Осы күні Премьер-Министр К.Мәсімов Алматы облысы, Ақсу ауданындағы төтенше оқиғаның зардаптарын жою үшін мемле­кет­тік материалдық резервтегі мате­риалдық құндылықтарға жасалған броньды алу туралы екінші қаулыға қол қойды. Мемлекеттік материалдық ре­зерв­тен бөлінген қаржылар Алма­ты облысы, Ақсу ауданы Қызыл­ағаш және Егінсу ауылдарындағы төтенше оқиғаның зардаптарын жою үшін пайдаланылатын бо­лады. Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қабылдау жө­нінде тапсырма берді. Көлік және ком­муникациялар министрлігіне мем­лекеттік материалдық резерв­тің ма­териалдық құндылықтарын та­сы­малдау мен жеткізіп беру үшін жыл­жымалы құрамды беруді уақы­тында қамтамасыз ету тапсырылды. Бөлінген қаржылардың мақ­сат­ты пайдаланылуына бақылау жасау Қаржы министрлігіне міндеттелді. Облыста Ақсу ауданындағы су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. 15 наурыз облыста қаза тап­қан­дарды еске түсіру үшін “Қа­ралы күн” болып жарияланды. Кеше оқиға орнына Премьер-Министрдің орынбасары – Ин­дустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келді. Төтенше жағдайлар министрі Вла­димир Божко басқаратын опе­ративті штаб Қызылағаш ауы­лының әрбір тұрғынына келті­ріл­ген шығынды белгілеуде. Облыс әкімдігі қаза тапқандарды жер­леу­ге көмек көрсетіп, қаза болған әрбір адамға жергілікті бюджеттен 500 мың теңгеден төленетін болды. Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін зардап шеккен отба­сы­ларына жауапты адамдар бе­кітілді, материалдық көмек аудару үшін үйлердің нақтылы адамдарға жататындығын құжат арқылы растау жұмыстары аяқталып келеді. Қызылағаш ауылында өмір біртіндеп қалпына келе бастады, бірінші болып 33 отбасы өз ме­кен-жайларына оралды. Ауыл тұр­ғындарын көмір, газ, ауыз су, сондай-ақ малдың жем-шөбі тә­різді барлық қажетті дүниелермен қамтамасыз ету жөнінен шаралар қабылданды. Мектеп қалпына келтірілуде, 14 наурызда селолық мектеп пен 120 тұрғын үй электр қуатына қосылды. Телефон байланысын қамтамасыз ету үшін радиоантенна орнатылды. Ауыл тұрғындарын еңбекақы төлей отырып апатты қалпына келтіру жұмыстарына тарту жағы да қарастырылуда. Шалғай учас­келер азық-түлікпен, отынмен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, мал азығын жеткізіп беруде көмек көр­сетілді. Азық-түлік тік­ұшақ­пен жет­кізілуде. Осы мақ­сат­тар үшін 45 тон­надан астам шөп жеткізілді. 87 бас иесіз қалған үй малы құтқа­ры­лып, қауіпсіз жер­лерге шығарылды. Жаңа тұрғын үйлер салуды ұйымдастыру жөнінен шаралар қабылданды. Олар бұзылған үй­лер­дің алаңы мен отбасы мүше­лерінің санына байланысты 2,3 және 4 бөлмелі жаңа үйлер бола­ды деп күтілуде. Төтенше жағ­дай­лар министрі В.Божко зардап шек­кендердің олардың тілектері бойынша “Нұрлы көш” мемле­кет­тік бағдарламасы шеңберінде оралмандар үшін Қазақстанның өзге де өңірлерінде салынған үй­лерге қоныстандырылатындығын хабарлады. Қызылағаш ауылында  маро­дер­лік пен мүліктерді ұрлау жағ­дай­ларының алдын алу үшін по­лиция нарядтары тәулік бойына кезекшілік ұйымдастыруда. Мамандандырылған бөлім­дердің күшімен тасқын болған аймаққа жақын жатқан Алматы-Өскемен автожолының учаскесі қайта қалпына келтірілуде. Талдықорған қаласында тө­тенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі оперативтік штаб­тың “сенім телефоны” желісі ұйым­дастырылды (27-00-99, 27-04-18). Төтенше жағдайлардың зар­дап­тарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда. Ол Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің жеке бақылауында тұр.