Руханият • 22 Сәуір, 2019

«Дала фольклорының антологиясы» жарыққа шықты

896 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Qazaq радиосының «Алтын қорында» 70 жылдан астам уақыт сақталып келген ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті мен музыкалық фольклорының мол қоры жинақталып, қалың тыңдарманға жол тартты. «Дала фольклорының антологиясы» жинағын «Қазақстан» РТРК АҚ қарасты «Қазақ радиолары» ЖШС шығарып отыр.

«Дала фольклорының антологиясы» жарыққа шықты
Баспасөз мәслихатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов , «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Құрманбек Жұмағали, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, филология ғылымының докторы Аманжол Әлтаев қатысты. 

7 бөлімнен тұратын жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» сақталған ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті мен музыкалық фольклорының мол қоры, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер енді. Бүгінде «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам фонограмма бар. Жинақтағы халық және халық композиторларының жауһарлары алғаш жеткізуші-орын­дау­шыларының орындауында ғана берілген. Баспасөз мәслихатының қатысушылары жинақтың мақсаты мен мазмұнына тоқталып, оған енген «Алтын қордағы» қазақтың құнды жәдігерлері жөнінде кеңірек баяндады.

«100 жылға жуық тарихы бар «Қазақ» радиосының «Алтын қорын­да» сақталған рухани мұра­ла­рымызды жарыққа шығару өте маңызды әрі елеулі оқиға. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық жинақты шығаруға түрткі болды. Ең алдымен, бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз», – деді Д.Абаев. Министрдің айтуынша, жинақтың басты ерекшелігі әншілердің өз дауысымен орындаған түпнұсқа шығармаларды тыңдауға болады. Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылған. Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша», «Дударай», «Жалғыз арша», «Бесқарагер» әндері бар. Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Бозторғай», «Бұлбұл», «Домбыра» әндерін тыңдауға болады. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз жыршы­лар­дың әні де осы жинаққа енгізілген. Күй­ге келсек, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннің орындауындағы құнды шығармалар топтастырылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет екендігін айтқан болатын. Бұл ретте Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов зерттеу мақсатындағы жұмыстардың жалғасатынын, осы бағытта еліміздің түкпір-түкпіріне арнайы экспедиция шаралары ұйымдастырылатынын хабарлады. 

«Таралымы 1 мың дана аудиожинақ ұлттық және республикалық кітап­ха­налар мен жоғары оқу орындарына, өнер мектептеріне таратылады», – «Qazaq radiolary» ЖШС директоры Құрманбек Жұмағали.

Қазақ радиосының «Алтын қорын­да» 1959 жылдан бері «Ертегі» айдарымен 350 хабар дайындалған, соның ішіндегі 70 қазақ ертегісі «Ертегі» айдарымен жинаққа енді. Ал батырлар жырының 50 нұсқасы 2015 жылы термеші Ақан Әбдуәлінің ұйымдастыруымен еліміздің белгілі жыршыларының орындауында қайта үнтаспаға жазылды. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілері топтастырылған жинақтың көпшілікке қолжетімділігін арттыру мақсатында оның арнайы сайты мен мобильді қосымшасын әзірлеу де қолға алынбақ.