Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның 11-сынып оқушысы Құсман Бақытжан бүгінге дейін баламасы ешбір елде жасалмаған жел турбинасын таныстырды. 16 жастағы оқушы әкесімен бірге жасаған екі қалақшадан ғана тұратын жел турбинасының көптеген артықшылығы бар екенін айтып берді. «Жел турбинасының бұл түрі әлемде жоқ. Бұл екі қалақшасымен ғана энергия шығарады, дизайны ерекше. Энергияны көп өндіреді. Ауыл шаруашылығына және энергия жоқ немесе энергия көздері ауыр алынатын жерлерде қолдануға болады. Орнату, жөндеу оңай. Ең бастысы, экономикалық жағынан өте тиімді. Қазіргі кезде ең арзан деген жел турбиналарының бағасы 1 миллион теңгеден асатын болса, мұның бағасы жарты миллионға да жетпейді», дейді жоба авторы.
Нұр-Сұлтан қалалық №73 физика-техникалық мектеп-лицейнің 10-сынып оқушысы Жұмабек Нұрахмет жұртшылыққа «Флорариум – экологиялық өнім» аталатын жобасын көрсетті. «Флорариум дегеніміз – өсімдіктерді сақтауға және өсіруге арналған шыныдан немесе мөлдір материалдан жасалған қорап. Оның ішінде белгілі бір температура сақталады және өсімдікке зиян келтіретін жәндіктер кіре алмайды. Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – флорариумға тамшылатып суару технологиясын қолдануымыз. Бұл үй өсімдіктеріне өте ыңғайлы. Сонымен қоса біз топырақтың ылғалдылығы датчигін ойлап таптық. Ол тамшылатып суарылған кездегі топырақтың ылғалдығын анықтауға мүмкіндік береді», дейді ол.