Президент • 22 Сәуір, 2019

Елорда мен Елбасы – егіз ұғым

918 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елордадағы Назарбаев орталығы ғимаратында орналасқан Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында Халықаралық Түркі академиясы және еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газеті бірлесіп шығарған «Түркі интеграциясының архитекторы» және «Елорда эпопеясы» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Елорда мен Елбасы – егіз ұғым
Аталған шараға Парламент Мәжі­­лі­сінің депутаттары, мемлекеттік орган қызметкерлері елімізге танымал қоғам қайраткерлері, отандық оқымысты ға­лым­­дар мен ғылыми сарапшылар, студент жастар, сондай-ақ елімізде қызмет атқарып жүрген елші мырзалар келіп қатысты. 

Тұсаукесердің беташары ре­тін­де көп­­шілік қауымға «Түркі интег­ра­­ция­­сының архитекторы» атты де­ректі фильмі көрсетілді. Түркі интег­рациясы – дегенміз түркі дүние­сі­нің бірлігі мен ынтымағы, саяси-әл­еу­меттік тұтастығы. Ал тарихи тұрғыдан тәпсірлейтін бол­сақ, өткен ғасыр басындағы Алаш қай­рат­­керлерінің  түркі дүниесінің басын қосып, ел қылмаққа ниет еткен ар­маны. Жоғарыдағы фильмнен біз осыны аңғардық. 

Одан кейін қос туындының мән-маңызы туралы сөз қозғаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Халқымыз «жақсы кі­тап – жан азығы» дегендей бүгін қос туындының тұсауы кесіліп отыр. Бұл кітаптардың келешек ұрпақ үшін маңызы зор. Ең алдымен «Түркі интеграциясының архитекторы» басылымына тоқталсақ, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әл­ем­дегі түркі халықтарын өзара жа­­қын­дастыруға жасаған ық­па­­­­­­лы туралы мол мәлімет бар. Яғни Елбасының көшбасшылық қасиеттері мен маңызды қадамдарға бару­­дағы даналық қыры толық ашыл­ған. Мұнда жазылған дүние жүзіне танымал салмақ­ты саясат­кер­лердің, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлері арқы­лы Нұрсұлтан Әбішұлының зор қайрат­керлігін аңғаруға болады. Ал «Ел­орда эпопеясы» кітабында қазақтың бас шаһары жақында ғана атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгерген астанамыз жайлы көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жылы пікірлері топтастырылыпты. Елбасы «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздік тірегі» деп еді. Сол се­беп­ті елорда тарихы – таусылмас мұра. Бұл қос кітап әр үйдің төрінде тұрады деген үміт зор» дей отырып, туын­дыларды жарыққа шығарған екі ұжым­ға алғысын білдірді.   

Мәдени шараны ұйымдастырушы тарап өкілі Халықаралық Түркі ака­де­мия­сының президенті Дархан Қыдырәлі, өзі басқарып отырған ака­демия  соңғы үш жылдан бері түр­кі­тілдес мемлекеттер­де әлеу­мет­тік сауалнама жүргізгенін, осы зерттеулер нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің ең таны­мал тұлғасы ретінде танылғанын атап өтіп, қос туындының мазмұнына тоқталды. 

– «Түркі интеграциясының архи­­тек­то­ры» кітабында түркі әле­мі­нің саясат­кер­лері мен көш­бас­шы­ларының Елбасы Нұрсұлан Назарбаев туралы пайым пікірлері мен сарабдал сараптамалары ай­тыл­­са, екінші кітап «Елорда эпо­пея­­сында» өткен 2018 жылы ел­орданың 20 жылдығына орай ел га­зеті «Егеменде» жарық көрген 280-нен астам мақала, сұхбат, сарап­та­ма, естеліктер топтастырылды, – деген Дархан Қуандықұлы, түр­кі жұртының тағдыры талқыға түскен келелі кездесулерге ұйытқы болған Елбасы Н.Назарбаев Түркі ке­ңесі, Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сияқты іргелі ұйымдардың құрылуына бастамашы болғанын, соның нәтижесінде 2010 жылы Түркістанда өткен жиында Түркияның сол кездегі президенті Абдолла Гүл Елбасының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұс­та­тып, оны «Түркі әлемінің көш­бас­шысы» ретінде бағалағанын жеткізді. Сөзінің соңында Дархан мырза қос туындының жарық кө­ру­і­не  қолдау көрсеткен Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің бас­шысы Махмұт Қасымбеков пен Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Дәурен Абаевқа алғыс білдірді. 


Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төра­ға­­сының орынбасары: 

 – Тұсауы кесіліп отырған қос туын­ды –  қазіргі елімізде бол­ып жатқан сая­си үдерістер кезе­ңі­не қатысты аса қа­жет дүние. Елба­сы­мыз тек тәуелсіз Қа­зақ елінің ірге­та­сын қалаушы ғана емес, әлем қоғам­дастығы, соның ішінде түркі дүние­сінде іргелі істерге бастама­шы болған тұлға. Елбасының толай­ым ісі аталған кітаптарда өте сәт­­ті баяндалған. Өйткені түркі әле­мі Нұрсұлтан Әбішұлын өзінің Ақса­қалы ретінде қабылдайды. Бұ­ған бірден-бір дәлел: әрқилы жағ­дай­да жер шарында туындаған шиеленістердің дұрыс шешілуіне Елбасының тұлғалық қасиеті ықпал етуде. Мұндай мысалдар өте көп. Сол себепті Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі қайраткерлігі, әсіресе  «Түркі интеграциясының архитек­то­­ры» атты кітапта жан-жақты көр­­сетілген. Екінші кітап «Елорда эпо­пея­сына» келер болсақ, шын мә­нінде қазіргі елордамыздың әр­бір кірпіші Елбасының терімен қаланды. Аса қысқа уақытта қала саяси тараптан өте күрделі мәселелерді ше­ше­тін қуатты беделге ие болды. Атап айтқанда, Сирияда орын ал­ған бүліншілік немесе Ресей мен Түркия арасындағы келіспеушілік сияқ­ты халықаралық шиеленісті оқиға­лар­дың нүктесі елордада қойылды.  

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапха­насы­ның директоры: 

– Бұл туындыларда Елбасының көпқырлы қайраткерлігі екі бағытта толымды түрде жазылған. Соның біріншісі – Елбасымыздың барша түркі жұртын бір шаңырақ астына біріктіріп,  басын қосуға деген ерен еңбегін әйгілесе, екінші кітапта қазақ тарихында тұңғыш рет өз қалауымызбен астанамызды таңдап, ала­сапыран жылдары оны көшірудің маша­қаты мен жаңа жерге ел үмітін орнық­­­тырудың аса қиын шаруасын атқарып шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының аңыз ер­лігі баяндалады. Әлқиса, қазақтың ақыны Мағ­жан Жұмабаев «Енші алып қалың түрік тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па» дегеніндей, «Түркі интеграциясының архитекторы» атты кітапта бірқатар мемлекет басшы­ла­ры­ның, әлемге танымал саясаткерлер мен ғалымдардың  Елбасы туралы пайымды пікірлері, құнды ойлары топтастырылыпты. Сондай-ақ туынды түркі халықтарын туысқандыққа, бірлікке, ынтымаққа үндейтін өміршең рухани маңызға ие. 

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты:

 – Адамзат тарихында ізгі істері­мен елге танылған атақты халифа Харун Рашид өзі жаулаған елге «кітап салығы» дейтін пәтуа енгізген екен. Демек, бұл оқиға кітаптың адам­зат өміріне қажет­ті­лігінің дә­ле­лі бол­са керек. Осы орайда халқы­мыз­дың игілігіне орай жарық көріп отыр­ған қос кітап көпшіліктің қуа­ны­шы. Әсіресе күллі түркі дүние­сін түгендеуші тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігіне «Түр­кі интег­­ра­циясының архитекторы» деп баға бе­рілуі өте орынды әрі дұрыс таң­далған шешім. Атал­ған туынды­ны оқыған жан­ның мақ­таныш сезімі оянары сөзсіз. Мұн­да­ғы әлем саясаткерлері тарапынан Елбасына берілген саяси сипаттама­лар бүгінгі қазақ елінің жаңа келбетіне деген қызығушылықты аңғартады. Мәсе­лен, түрік елінің басшысы Режеп Ердоған «түркі бірлігі жолындағы мәрте­белі іске Н.Назарбаевтың сіңір­ген еңбегі өлшеусіз» деп баға беруі зор абырой.  

Жээнбек КУЛУБАЕВ,

Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: 

– Бүгін тұсауы кесіліп отырған қос туындының бірі – «Түркі ин­тег­­рациясының архитекторы» кіта­бында қазақ елінің Тұңғыш Пре­зи­денті жайлы толымды, саяси тұр­ғы­дан шынайы сарапталған жазбалар топтастырылыпты. Туындыда дүние жүзіне танымал саяси сарапшылар мен ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүние­сіне ықпалы және олардың гума­нитарлық һәм мәдени жақтан бірі­гуіне, экономикалық-саяси тұр­ғыдан жақындасуына қосқан зор үлесін айтумен бірге, түркі мем­ле­кеттерінің халықаралық аренада беделінің көтерілуіне сіңірген еңбегі жайлы кеңінен баяндапты. Аталған кітаптың бас кейіпкері Нұрсұлтан Әбішұлы түркі дүниесінің танымал тұлғалары –  Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Гейдар Әлиев, Мінтемір Шаймиев, т.б. қатарында тұрған қайраткер. Өйткені Қазақстан Елбасы өте көреген, ғаламдық саясатты жетік меңгерген адам.   


Рашад МАММАДОВ,  

Әзербай­жан­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: 

–  Қазіргі таңда Әзербайжан Рес­публикасы мен Қазақстан елі ара­сын­дағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынас жыл өткен сайын жаңа серпінмен тың бағытта дамып келеді. Бұл үрдістің қалыптасуына Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үле­сі зор. Бас­қа­сын айтпағанда, Кеңес Одағы ыдырамай тұрған 1991 жылдың күзінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Бакуге ат басын бұрып, түбі бір туысқан екі халықтың байланысын нығайтудың іргетасын өз қолымен қалаған болатын.  Сол  тұста әлем назарын аударған Таулы Қарабақ мәселесі күйіп тұрған еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев болса,  туысқан Әзербайжан елінің тұтас­ты­ғын сақтап қалу жолында туындап отырған бүліншілікті бейбіт жолмен реттеп, көршілес екі халық  әзербайжан-армян қатынастарын халықаралық құқықтық негізде шешу керектігін алға тартқан болатын. Міне, содан бері қарай Әзербайжан мен Қазақстан  арасын­да­ғы әріптестік тұрақты түрде жанданып, жоғары деңгейге көтерілді.