Саясат • 22 Сәуір, 2019

Инвестициялар тарту жөніндегі кешенді экожүйені құру — ҚР Үкіметінің маңызды міндеті

546 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің экономикасына инвестициялар тарту мәселелері қаралды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ə. Смайылов, Сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов және АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Инвестициялар тарту жөніндегі кешенді экожүйені құру — ҚР Үкіметінің маңызды міндеті

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ə. Смайылов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 30% жоғары деңгейде ЖӨҚ және негізгі капиталға инвестициялар тарту, инвестициялар тарту жөніндегі кешенді экожүйені құру туралы тапсырмаларын орындау еліміздің Үкіметі үшін аса маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінде инвестициялар тартудың тиімді тетіктерін құрып, аталған саладағы барлық инфрақұрылымды қайта қарау қажет.

Ә. Смайылов осыған байланысты ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Қолданыстағы тетіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілді, проблемалар анықталды, ағымдағы қызметтің тиімсіздігінің себептері анықталды.«Барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен жұмыс тобы инвестициялар тартудың жаңа тәсілін әзірледі. Тараптардың пікірлері ескеріліп, ортақ ұстаным қалыптасты. Жаңа архитектураның іргетасы ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі болады», — деді қаржы министрі.

Кеңес құрамына ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары, басты министрліктердің бірінші басшылары, АХҚО, ұлттық басқарушы холдингтердің, «Атамекен» ҰКП, Қазақстандық инвесторлар кеңесі қауымдастығының басшылары, сондай-ақ, ҚР Жоғарғы сотының, ҚР бас прокуратурасының, ҚР ҰҚК басшылары кіреді.

АХҚО инвестициялар тарту және Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестірудің бірыңғай орталығы болып анықталады. Ол өңірлік инвестициялық хаб болады. Инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету және инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастыру орталықтандырылған болады. «Kazakh Invest» АҚ АХҚО әкімшілігіне сенімді басқаруға беріледі. Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылады («Жобалар фабрикасы»). Заманауи цифрлық технологияларды енгізумен визалық және көші-қон режимін одан әрі ырықтандыру шаралары қабылданады. Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарының географиясын кеңейту көзделген.

Жоғарғы сотпен және Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету ұсыныстары әзірленеді.

Жаңа архитектура аясында жобаларды ілгерлетуді төрт кезеңмен жүргізу жоспарланып отыр:

  • бірінші кезеңде Өңірлік инвестициялық хабтағы барлық әлеуетті инвестициялық жобаларды орталықтандырылған жинау жүргізіледі («Жобалар фабрикасы»).

  • екінші кезеңде АХҚО сарапшылары мен кеңесшілерін тартумен «Kazakh Invest» базасында жобаларға өңдеу және талдау жасау. Жобалар шетелдік инвесторлар үшін ұғынықты жүйеге келтіріледі.

  • үшінші кезең дайын болған жобаларды ілгерлетуді қарастырады, ол үшін АХҚО қолда бар арналары мен СІМ инфрақұрылымы пайдаланылады.

  • төртінші кезеңде АХҚО заңды инфрақұрылымын пайдаланумен Инвестициялық хаб базасында келісімшарттар жасалатын болады.

Сонымен қоса, Ә. Смайылов атап өткендей, бұл архитектура қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады. Жаңа архитектура таныстырылымын биылғы 16 мамырда Астана экономикалық форумы аясында өткізу көзделген. 

«Ұсынылған шаралар инвесторлар үшін инвестициялық субсидиялар пакетін шоғырландырып, жедел құруға және таза тікелей инвестициялар көлемін арттыру бойынша кешенді жұмыстарды бастауға мүмкіндік береді. Үкіметтің алдағы отырыстарының бірінде жаңа тәсілдерді іске асырудың барлық қажетті шараларының толық тізімі мен тиісті Жол картасы қарастырылатын болады», — деді сөз соңында Ә. Смайылов.

Сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов 2019 жылғы І тоқсанда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, инвестициялар тарту бойынша кешенді экожүйе құру жұмыстары басталды. Әрбір салалық министрлікте, әкімдікте, ұлттық компанияларда инвестициялық жұмыстар мен экспорт үшін жеке жауап беретін бірінші басшылардың жауапты орынбасарлары анықталды.

Б. Атамқұлов дипломатиялық миссия басшыларына елде болудың нақты міндеттері мен тиімділік көрсеткіштері жеткізілгенін айтты. Инвестициялар тарту үшін 40 басымдықты ел анықталды. Негізгі назар АҚШ-қа, Германия мен Жапонияға аударылатын болады.

Сонымен қоса, инвесторларды барлық деңгейлерде қолдау үшін барлық мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл процесін автоматтандыру бойынша жұмыстар белсене жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ҚР СІМ «Kazakh Invest» АҚ базасында жобалар мен инвесторларды онлайн режимде қолдау бойынша ақпараттық-мониторингтік жүйені (СRM) іске қосты. Бұл жүйе инвесторға инвестицияалды, инвестициялық және инвестициядан кейінгі кезеңдерде қолдау көрсететін болады. Осылайша, онлайн режимде әрбір инвестициялық жоба бойынша проблемалық мәселелерді дәлме-дәл анықтау мүмкіндігі туады. Қазіргі кезде Министрлік $40 млрд астам сомаға шетелдік қатысуымен, 41 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен 174 жобаға мониторинг жүргізіп жатыр. Әрбір жоба бойынша Жол карталары әзірленіп, бекітілген.

Инвесторлар Шетелдік инвесторлар кеңесі, Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес, ЕВРОБАК (Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы) тәрізді диалог алаңдарында заңның үстемдігі, теңге бағамының құбылмалылығы, инфрақұрылым жүргізу және жер телімдерін бөлу, салықтық құқық бұзушылықтарды декриминалдандыру, миграция мәселелерін бірнеше рет көтерген. Аталған барлық мәселелер бойынша ҚР СІМ тиісті Тұжырымдама мен заң жобасын әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне жолдады.

Сонымен қатар, сыртқы істер министрі ҚР-дағы қолданыстағы заңнаманы аймақтық деңгейде өз позицияларын сақтау үшін қайта қарастыру және жаңғырту қажеттігін атап өтті.

«Біз “Астана” халықаралық қаржы орталығы аясында инвестициялар тарту бойынша экожүйелер құру туралы ұсыныстарды толық қолдаймыз», — деді Б. Атамқұлов.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов өз баяндамасында АХҚО-ның Үйлестіру кеңесін және Аймақтық инвестициялық хаб құру жөніндегі Үкімет бастамаларын толық қолдайтынын айтты.

«Біз қалыптастырылып жатқан инвестициялық вертикаль шетелдік капиталмен жұмысты жаңа деңгейге шығарады деп санаймыз», — деді АХҚО басқарушысы.

АХҚО әкімшісі Үйлестіру кеңесінің жұмыс органына айналады, оның негізгі функциялары омбудсмен — ҚР Премьер-Министрі офисінің жұмысын ұйымдастыру, инвестициялық жобалар үшін құжаттар әзірлеу, қаржы стандарттары мен модельдерін дайындау болып табылады. АХҚО құзыреті ағылшындық құқық қағидаттарына негізделетін Қаржы нарығын реттеу комитетінен, АХҚО сотынан, Халықаралық төрелік орталығынан тұрады. Қаржылық инфрақұрылым Тікелей инвестициялар қоры мен АХҚО биржасын қамтиды.

Бұл вертикальдің маңызды бөлігі «Kazyna Capital Management» Даму банкі тәрізді қаржы институттарының қатысуы болады. Қ. Келімбетов атап өткендей, мұндай вертикальді аймақтық деңгейде де құруға болады.

Әділет министрі М. Бекетаев АХҚО ерекше құқықтық режимінің артықшылықтарына қатысты түсініктеме берді. Конституцияға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленген. Сондай-ақ Конституциялық заң қабылданды. Халықаралық қаржы орталығы аумағындағы инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Ресми тіл — ағылшын тілі. Қаржы орталығы аумағында тәуелсіз сот құрылды, онда сот әділдігін ағылшын судьялар жүзеге асырады.

«Аталған шаралардың барлығы меншік құқығын қорғауға және сот төрелігін тиімді іске асыруға кепілдік береді. Бұл экономиканың одан әрі өсуін тікелей инвестициялар салып және ірі жобаларды іске асыра қамтамасыз ететін шетелдік инвесторлар үшін маңызды белгі», — деді министр.

Қазақстанда инвесторлардың жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті адами капитал қалыптасуда. Ағылшын тілін еркін меңгерген және үздік әлемдік университеттерде білім алған халықаралық деңгейдегі заңгерлер даярланды.

Сот әділдігін нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық рейтингтерде көрініс табады. Халықаралық құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 7 жыл ішінде 10 тармаққа өсім көрсетіп, 126 елдің ішінде 65-орында тұр.

«Инвесторлар Қазақстанның бизнес үшін тұрақты әрі жайлы жағдайларды қамтамасыз ететін сенімді серіктес екенін сезінуі тиіс. Мұндай басымдықты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы белгіледі», — деп түйіндеді М. Бекетаев.

Өз кезегінде Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А. Прейманис инвестициялар тартудың жаңа тәсілдері туралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері Шетелдік инвесторлар кеңесімен және халықаралық сарапшылармен тығыз жұмыс жасай отырып, көп жетістікке қол жеткізді, сондай-ақ, жаңа құрылым тікелей инвестициялардың ағынын ұлғайтуға қарқын береді.

«Біз жаңа тәсілдің регламенттерін пысықтауға, сондай-ақ келешекте жаңа құрылымда белсенді жұмыс істеуге дайынбыз, ол инвестицияларды тартуға ғана емес, экономикадағы жүйелік сын-тегеуріндерді жақсы түсінуге мүмкіндік береді», — деді А. Прейманис.

Бұдан өзге, отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтанов сөз сөйледі.