56 кило салмақта жұдырықтасқан әлем чемпионы деген дардай атаға бар қандасымыз үндістандық Кавиндер Сингх Бишттен ұтылып қалды. Әрине, бұл жайсыз хабардың жанкүйелердің көңіліне селкеу түсіргені рас. Бірақ бұл – бокс! Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Бұл – бокстың заңдылығы.
Бұған дейін Қайратттың талай дүбірлі додада ел намысын абыройлы қорғағанын білеміз. 2017 жылы Гамбургте әлем чемпионы атанды. 2013 жылы Алматыда әлем чемпионатының қола медалін иеленді. 2014 жылы Азия ойындарында үшінші тұғырға табан тіреді. 2015 және 2017 жылдары құрлық біріншіліктерінде қола жүлдені еншіледі. 2015 жылы Дүниежүзілік бокс сериясында бас жүлдені олжалады. Өкінішке қарай, бұл жолы Ерәлиевтің жолы болмады.