Қазақстан • 23 Сәуір, 2019

«Қазақ-корей» форумы аясында 32 келісімге қол қойылды

749 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстан-Корея бизнес-форумына қатысты.

«Қазақ-корей» форумы аясында 32 келісімге қол қойылды

Жиында сөз алған Қазақстан Президенті Оңтүстік Корея Қазақ­станның сауда және инвес­тициялық маңызды серіктес­терінің бірі екенін атап өтіп, Мун Чжэ Ин мырзаның сапары екі ел арасындағы өзара ынты­мақтастықты одан әрі кеңейтіп, экономикалық салалардың дамуына тың серпін беретінін жеткізді.

− Қазақстан мен Корея арасында ерекше достық қатынас орнады. Екіжақты сауда-эко­номикалық әріптестік жоғары қарқынмен сипатталып отыр. Қазақстан мен Корея арасында инвестицияны қорғау туралы келісімге 1996 жылы қол қойылған еді. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 7 млрд АҚШ долларына тарта инвестиция құйды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  Осы орайда Президент Корея Рес­­пуб­­ликасы Азия өңірінде Қа­зақ­станның ең ірі сауда әріптес­те­рінің бірі саналатынын атап өтті.

− 2017 жылмен салыстырсақ, тек 2018 жылы тауар айналымының көлемі 2 еседен астам деңгейде өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Біздің елдер бір­лес­кен жобаларды экономиканың түрлі секторларында жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда құрылыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, машина жасау, қаржы, денсаулық сақтау және басқа да салалар қамтылды, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел арасындағы әріптестіктің тың серпінмен дамуына «Самал жел» атты экономикалық ынты­мақ­тастық бағ­дарламасы негіз болмақ. Бұл туралы Корея Респуб­ликасының Президенті Мун Чжэ Ин кеңінен тоқтала келіп, Қазақстан бүгінде Еуразия құрлығындағы хаб ретінде әлемге танылып отырғанын жет­кізді.

− Қазақстанға келгенде Корея еліне деген ерекше ықыласты сезінеміз. Оған негіз де жоқ емес. Біз дәстүрі мен танымы, тарихы мен тағылымы ұқсас елдерміз. Содан да болар, кезінде сіздердің ел­деріңізге қоныс аударылған корей ұлтының өкілдерін қазақстандықтар ерек­ше ықыласпен қарсы алып, бауыры­на басты. Мәдени-рухани байланыс­пен қатар экономиканы дамытуға бағытталған барлық салаларда да өзара әріптестік орнаған. Екі ел арасындағы та­уар айналымы былтыр рекордтық көрсеткіш орнатса, Корея тарапынан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 4 млрд долларды құрайды. Қазақстан Үкі­меті жүзеге асырып отырған инфра­құрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішін­де инновациялық индустрияландыру, көліктік-транзиттік бағыттарды дамы­ту бастамасы бізде қолға алынған «Жа­ңа Солтүстік саясат» стратегиясымен үн­десіп отыр. Осы ретте төрт бағыт бо­йынша екі ел үшін аса тиімді бастаманы бірлесіп атқаруды ұсынамын. Негізінен бұған дейін екі ел арасындағы байланыс энергетика, ресурс, инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілсе, бо­ла­шақта денсаулық сақтау, технология, қаржы, мәдениет салалары бойынша да байланысты тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Менің бұл жолғы сапарымда Қазақстан мен Корея арасындағы ұзақ­мерзімді экономикалық жобаларға қол қойылды, – деді Корея Президенті.  

Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда ше­тел­дік инвестицияның Қазақстанға жыл сайынғы тартылуының деңгейі  10 есеге өсті. Егер де 2005 жылы Ко­рей инвестициясының Қазақстанға бағыт­талған көлемі 50 млн доллар болса, 2018 жылдың қо­рытындысы бойынша бұл көр­сеткіш 500 млн долларға жеткен.

Қазақ-корей бизнес форумында сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин екі ел арасындағы экономикалық көрсеткіштер жайында баяндады. Оның айтуынша, елімізде шетелдіктердің қатысумен 24 мың компания жұмыс істейді. Оның 500-ден астамы Оңтүстік Корея елінің кәсіпорындары. Олардың басым бөлігі экономиканың машина жасау, құрылыс, логистика, медицина, тамақ өнеркәсібі, металлургия сынды салаларында өз өнімдерін ұсынады.

− Кореялық «Хай Вилл» компаниясы Нұр-Сұлтан, Шым­кент және Түркістан сынды қа­ла­лардың құрылысын жүргі­зуге белсенді қатысуда. Тәуел­сіз Қазақстан тарихындағы алғаш рет қолға алынған мемле­кеттік-жекеменшік әріптес­тік қағидаттарындағы ірі инфра­құ­ры­лымдық жоба − Korean express way компаниясымен бірле­сіп жасалған Алматы айналма ав­томобиль жолын салу және пай­далану бойынша ірі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар әріптестік эко­но­микалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Үкі­мет­аралық комиссияның 8-ші оты­рысы аясында Алматыда қуаты жылына 45 мың автомобиль болатын HYUNDAI зауытын салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Соның аясында 2023 жылға дейін жылына 30 мың автокөлік, ал 2025 жылға дейін жыл сайын 45 мың автокөлік шығару жос­парланып отыр. Сонымен қатар біздің елдеріміз арасында тікелей әуе рейстері жолға қойылып, визасыз режім енгізілді, – деді Үкімет басшысы А.Мамин.

Екі ел арасындағы сауда және ин­вес­тиция­лар, энергетика, өнеркәсіп, логис­тика, жаңа инновациялық өндірістер құру, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мәдениет және білім сияқты бағыттар бойынша елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын «Самал жел» экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Форум аясында 32 келісімге қол қойылды, соның ішінде құны 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 келісім қаржылық негізде жүзеге асатын болып бекітілді.