Әлем • 23 Сәуір, 2019

Украина өз таңдауын жасады

707 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сонымен көптің назарын бұрған Украинадағы президент сайлауының екінші кезеңі аяқталды. Украин елі өзінің алтыншы президентін сайлап алды. Екінші кезеңге екі кандидат өткен еді. Олар қазіргі ел басшысы Петр Порошенко мен актер Владимир Зеленский. Қазіргі мәліметтерге қарасақ, В.Зеленскийге 73,24%, ал П.Порошенкоға 24,44% халық дауыс берген.

Украина өз таңдауын жасады

21 сәуірде экзит-полдың нәти­желері мәлім болғанда Поро­шен­ко өз жеңілісін мойындады жә­не 1 айдан соң қызметін босатып­ бе­ретінін, алайда саясаттан кетпей­тінін мәлімдеді. Оған қоса, Украина Еуропаға бет алған жолынан қайт­пауы керектігін қайталап кетті. Мұ­ны бесінші басшының соңғы өсиет сөзі деуге де келеді. Саясаттан кет­­пей­мін дегені тегін емес, алда Пар­ламент сайлауы келе жатыр. Қа­зір Порошенконың партиясы заң шығарушы органда басымдыққа ие. Бұған дейінгі сұхбаттарында Зеленский де Еуроодақ пен НАТО-ға мүшеліктен бас тартпайтынын мәлімдеген. Жалпы Украинаның қазір­гі халінде басқа жолды таңдау мүмкін емес сияқты. Ресеймен Дон­бастағы соғыс, Қырымның аннексия­сы жоғарыда айтылған жолға итер­мелейді. 

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші, Украинадағы биылғы сайлау алдыңғыларынан ерекшелеу болды. Неге? Біріншіден, биліктегі президенттің рейтингісі о бастан төмен болды. Екіншіден, саяси фаво­риттердің қатарына әртістер, яғни Зеленский секілді актер, Вакарчук сияқты әншілер шықты. Үшіншіден, бұрынғыдай нақты екі негізгі кандидат анықталмады (Ющенко мен Янукович, Тимошенко мен Яну­кович). Төртіншіден, сайлауға қа­тысуы мүмкін деген кісілердің рей­тингісі сайлауалды кезеңде күрт өз­геріп отырды.  Мысалы, жазда Поро­шенко 6-шы орында болса, күзде кандидат Юлия Тимошенко топ бастап тұрған еді.

31 наурызда өткен президент сайлауының бірінші кезеңінде Украинадағы 24 өңірдің 19-ы Зе­лен­скийге көбірек дауыс берді. Екінші кезеңде тек Львов облысы ғана Порошенконы көбірек қол­дады, қалған өңірлерде Зеленский жеңіске жетті. Жұрттың өз таңдауын жасауына жұма күні, 19 сәуірде Киевтің орталық стадионында өт­кен кандидаттардың үлкен пікір-сайыс кездесуі ықпал еткен секілді. Атал­ған дебаттың мерзімі, өтетін орны туралы кандидаттар көп уақыт бойы келісе алмады. Порошенко 14 сәуір десе, Зеленский 19 сәуір деп тұрып алды. Ал Украинның сайлау заңы бойынша дебат телеарнаның студиясында өту керек. Жалпы стадионда кездесу идеясын ұсынған Зеленский. Шоумен осылайша үлкен шоу жасағысы келген шығар. Ол мақ­сатына жетті де. 22 мың халық жи­налды. Порошенко оның айтқан жеріне, айтқан уақытында келді.

Жұрт күткен пікір-сайыс 60 минут жалғасты. Шараны өткізудің құны 6-8 млн гривнаны құрап, оны қос тарап бөліп төлеген. Кездесу қызу өтті. Екі жақ та бір-біріне айыптар тақты, эмоцияға берілді, дауыстары қарлықты. Порошенко Владимир Зеленскийге саяси тәжірибең жоқ, 2014 жылы Донбастағы соғысқа неге бармадың десе, актер қазіргі басшыға: неге біздің президент ең бай олигарх, ал Украина ең кедей ел? Неге Донбастағы соғысты әлі тоқтатпадың деп қарсы мін тақты.

Сөз барысында Зеленский Донбас­тағы соғыста көз жұмған әрбір әкенің баласынан, күйеуінен айрылған әйелден кешірім сұрап, тізесін бүкті. Пре­зидент Порошенкоға сіз де со­лай жасаңыз деп ұсыныс жасады. Порошенко келісті. Бірақ жиыл­ған халыққа қарап емес, оларға ар­қасын беріп, жанындағы туды сүйді. Бұл көптен күткен кездесу еді. Украиналықтарды мазалаған сұрақ­тар көтерілді. Шоу элементтері де қолданылғанын жоққа шығаруға болмайды. Алайда шынайы әрі ашық президент сайлауы үшін қажет шара екені даусыз. Мұндай шаралар президент сайлауы өтетін өзге елдерде де ұйымдастырыла ма екен?

Алайда Украина халқының бүйрегі неге актерге бұрылды. Ал 5 жыл ел басқарған президент По­рошенкодан неге жұрттың көңілі қалды? Актер, комик Владимир Зеленский Украинаға «95 квартал» шоуы және «Халық қызметшісі» сериалы арқылы танымал болды. Бұдан басқа бірнеше фильмге де түсті. Былтыр Украинаның тек 6 пайыз азаматы ғана оны танымаймын деген. Бір сөзбен айтқанда, Зеленский бұған дейін де өз елінде өте танымал медиа тұлға болды.

Енді халық оны бірнеше себеппен қолдауға даяр екен. Біріншіден, «Халық қызметшісі» атты сериал саяси жанрда түсірілген. Сериалдың рейтингісі өте жоғары. Өйткені Зеленский ойнайтын бас кейіпкер Василий Голобородько қатардағы ұстаздан аяқасты президент атанып, елдің армандаған мемлекет басшысына айналады. Сериалда Украинаның ішкі проблемалары анық көрсетіледі. Яғни, бейсаналы түрде халық кейіпкер Голобородько мен Зеленскийді байланыстырып, ол өз кейіпкері сияқты президент болады деп үміттеніп отырған болар. Екіншіден, сарапшылар Украина халқы сонау 2004 жылғы революциядан бері келе жатқан бұрынғы саясаткерлерден шаршады, олардың үміті ақталмады, олар жаңа, тың есімді көргісі келеді дейді. Үшіншіден, Президент Порошенконың жіберген қателіктері, берген уәдесін орындамауы, елде орнаған олигархат Зеленскийдің алға шығуына жағдай жасағандай. Басқаша айтқанда, Зеленскийді қолдаушылардан гөрі қазіргі президентке қарсылар және үлкен өзгерістерді қалайтындар кө­бірек болған сыңайлы. Осы факторлар жеңімпазға 73 пайыз дауысты қамтамасыз етті деуге болады.

Енді Украин жұрты Порошен­коны неге қолдамады деген сауалға келсек. Негізгі себеп – ақталмаған үміттер сияқты. Яғни, 2014 жылы Майдандағы революцияның нәти­жесінде билікке келген Порошенко үйіп-төгіп уәде берді. Реформалар жүргізуді жоспарлады. Бірақ нәтиже жер­гілікті халықтың көңілінен шықпағандай. Мәселен, Украинада жемқорлық әлі кең таралған мәселе. Жемқорлық индексінде бұл ел әлемде 120-орында. Коммуникалдық тарифтер де халықты жиі мазалайды. Ресей үнемі газымен үркітеді. Экономика өсімі 3 пайыз ғана. Украина Еуро­падағы ең кедей елдің бірі есептеледі. Алайда  Петр Порошенко оңай беріле салған жоқ. Осы сайлауда жеңу үшін бірнеше маңызды қадамдар жасады. Біріншіден, Орыс православ шіркеуінен Украин шіркеуін бөліп алды. Екіншіден, Азов теңізінде Украина теңізшілерін Ресей шекарашылары тұтқындаған кезде, өз елінде әскери жағдай жариялап, халқын Ресейге қарсы біріктіруге тырысты. Бірақ сырттай мұның бар­лығы имидждік пиар қадам, сайлау­да жеңудің амалы деген бағаны өз еліндегі сарапшылар да, басқалар да айтып жатты. Яғни, Порошенко халықтың діні, тілі және армиясына негізделген патриоттығы арқылы жұрттың қолдауын жимақ болды. Сайлау қорытындысы бұл ұмты­лыстың сәтсіз шыққанын көрсетті.

Сонымен, 41 жасар Кривой Рогтың тумасы Владимир Зеленский 42 миллион халықтың жаңа басшысы. Оның алдында шешілмеген мәселе шаш-етектен. Халықтың Еуропаға ұмтылған үмітін ақтау, Қырымды қайтару, Донбастағы соғысты тоқтату, жемқорлықты азайту, экономиканы көтеру, кедейлікті азайту, жұмыс орнын ашу, олигархиямен күрес және тағысын тағылар. Оның саяси тәжірибесі жоқ, оның ел басқаруға көмектесетін командасы да болмай тұр. Бірақ халық қолдады. Енді алынған міндетті орындап, сенімді ақтау керек. Бұл миссияның қаншалықты сәтті шығатынын уақыт көрсетеді.