Оған игілікті шараны ашып, тұрғындардан алдымен сүйінші сұраған Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахеттің сөйлеген сөзінен жауап іздеп көрейік. «Ғылым мен мәдениеттің, өнердің ордасына айналған ару Алматымызда халқымызға еңбегі сіңген небір тұлғалардың есімдері құрметпен аталып тұратын игі дәстүр бар, – деді белгілі ғалым-кеңесші. – Бүгінгі салтанаттың бір ерекшелігі сол – ауылда өсіп, ауыл шаруашылығын өркендетіп, ауылдың жайын күйттеген арда азаматымызға сол кездегі астанамыз Алматыда неліктен соншама құрмет көрсетілді екен дейсіз? Шынтуайтында нағыз еңбек майталмандарына кеше де, бүгінде де лайықты көңіл бөлініп ілипат көрсетілген, көрсетіліп келеді де. Ендеше, кіл өнер мен мәдениеттің, ғылымның марқасқалары қатарында астанамыз Алматыдан сол кезде ауыл адамына үш бөлмелі пәтердің тегін берілуі тектен тек емес, ұлы еңбектің өтеуі деп ұғынумыз керек».
Құрығы құтты жылқышының ұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрғали Биғазиев қала әкімі кеңесшісінің салиқалы сөзін былай сабақтастырды.
– 80-жылдардың басында ел аралауға шыққан Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев атақты «Луговой» асыл тұқымды жылқы зауытына ат басын іркеді. Ауыл еңбекшілерімен жылы шырайлы кездесу барысында Димекең әкеміздің еңбек көрсеткішіне қатты сүйсініп бас шайқағаны бар екен. Сонда, «Айналайын Нәдір, өркенің өссін, маңдай терің ақталсын, өзің тұрмасаң да өсіп келе жатқан шиеттей бала-шағаң бар екен, кәдеңе жаратарсың», – деп Есентай өзенінің жағасынан осы үш бөлмелі үйді сыйға тартқан. Ағайынды он баланың дені осы үйде өстік-өндік. Игі іске тікелей қолдау көрсетіп, қамқор болған қала басшылығына мың да бір рахмет. Бүгін, міне, әкеміздің рухы, ел қамын жеген абыз ағаларымыздың құрметі үшін жасалып жатқан үлкен тарихи оқиғаға баршаңыз куә болдыңыздар.
– Еліміз етек-жеңін жинап, Тәуелсіздік туын көтерген тұста Нәдір ағамыз билік орындарына өтініш жасап ауылымызда алғашқы мешітке орын тауып, оның алғашқы тасын өз қолымен қалап еді, – деді Көкдөнен ауылынының имамы Қайрат қажы. Ауылда да, Алматыда да айшықты ізі сайрап жатқан Социалистік Еңбек Ерінің, КСРО Компартиясы ХХVІ сьезінің делегаты даңқты жылқышының ел игілігі үшін еткен ерен еңбегі туралы салтанат барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қыдыралы Қойтай, ішкі істер саласының ардагері, полковник Сатымбек Рыспаев және басқа да азаматтар қызықты естелік-ойларын ортаға салды. Белгілі айтыс ақыны Серік Қали жырдан шумақ шашты.
Тарихқа бай мыңжылдық жасы бар Алматының мұрағаты бүгін тағы бір айтарлықтай құнды дерекпен, құжатпен, оқиғамен толықты.
АЛМАТЫ