Руханият • 23 Сәуір, 2019

Науаи жыры – Нұр-Сұлтан төрінде

513 реткөрсетілді

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Қазақстанның Өзбекстандағы жылына арналған «Шығыс жұлдызы Науаи» атты халықаралық әдеби кеш өтті.

Іс-шараға Өзбекстан Респуб­ли­ка­сының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саиди­кром Ниязходжаев, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, науаи­тану­шы, философия ғылым­дары­ның докторы Мұхамедәли Әли Ахмедов, Әлішер Науаи шығар­маларын қазақ тіліне аударған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, «Шығыс жұлдызы – Науаи» мәнер­леп оқу байқауының қаты­су­шылары қатысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары-Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев өз сөзін­де Шығыстан шыққан бірегей тұлғаларды айтқанда Хафиз, Фирдоуси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәмимен қатар Науаидың есімі де мақтаныш­пен еске алынатынына тоқталды. Сон­дай-ақ хакім Абай бірегей тұл­ға­ның шығармашылық зертханасына терең үңілсе, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рах­ман­құл Бердібаев сияқты үлкен ғалымдар мол мұрасының кең танылуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев болса Өзбекстан мен Қазақстан үшін Төле би, Әйтеке би баба­лары­мыздың, Жалаңтөс баһадүрдің, Абылай хандардың мұралары екі елге де ортақ екенін айтты. «Мысалы, рухани құндылықтары ортақ туысқан екі ел үшін де Абылай хан, Жүсіп Жалаңтөс ортақ тұлғалар. Осы бағытта тарихтың зерттелмеген тұс­тары әлі көп. Туыстық та­мыр­ды нығайту бізге парыз», де­ді депутат Ф.Қаратаев. Ақын Несіп­бек Айтұлы Әлішер Науаи­дың ғазал­дарын қазақ тіліне тәр­жіма­лап, жеке жинақ шығар­ғанын, ҚазҰУ-дің шығыстану фа­куль­­­тетінде қызмет еткен жыл­­дары про­фессор Өтеген Кү­міс­­баев Науаи ғазалдары мен Абай шығар­машылығының сабақ­­тас­­тығын зерттеп, бірнеше ғылы­ми еңбек жазғанын еске салды. Ал Алма­ты­дағы ең әсем көше­лер­дің біріне Науаидің есімі берілуі көр­шіл­ес жатқан екі ел қа­рым-қаты­насын жақындататын жай­лар­дың көптігін көрсететінін жеткізді.

– Қазақстан мен Өзбекстанды бағзы замандардан бергі достық қатынастар байланыстырады. Біз – тарихымыз ортақ, тіліміз туыс, тату көршілік салтын ұстан­ған бауырлас елдерміз. Осы ерекше­ліктерімізді негізге ала отырып, екі мемлекет басшылары 2018 жылы Өзбекстанның Қазақ­стандағы жылын және 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.

Өткен жылы –Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 200-ден астам іс-шара өткізілгенін атап айтқым келеді. Олардың екі халықты бұрынғыдан бетер жақындата түскені, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытудың маңызды факторына айналғаны ақиқат, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Әлішер Науаи XIV ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген түркі халық­тарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мем­лекеттік қайраткер. Оның шығар­ма­лары ХV ғасырдың өзінде Мәуерен­наһр мен Хора­сан­да ғана емес, Иран, Әзербай­жан, Шығыс Түркістан, Үндіс­тан, Мысыр, түркі елдеріне, кейін­нен Еуропа мен Америка кіта­п­ханаларына тарады.

Кеш барысында Әлішер Науаидің өмірі туралы бейнеролик көрсетіліп, қонақтар «Аналар аманаты» қолөнер шеберлері орталығының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Достық үйінің акт залында шығармашылық ұжым­дардың концерттік бағдар­ламасы ұйымдастырылды.


Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кеуректің ащы дәмі

Қазақстан • Кеше

Ұлы дала өрнектері

Аймақтар • Кеше

Өгіз аяң өндімейді

Аймақтар • Кеше

Ғарыш пен жарыс

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар