Экономика • 23 Сәуір, 2019

Басымдық – инвестициялық ахуалды жақсарту

946 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі инвестициялық ахуалдың мән-жайы баяндалып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бекітілді.

Басымдық – инвестициялық ахуалды жақсарту

Кедергілерді жою керек

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары − Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елге инвестиция тартуда туындайтын кедергілерді атады. Оның айтуынша, соңғы жылдары әлемдік инвестициялық ахуал күрт өзгеріп, тартылған инвестициялық қаражат төмендеген.

− Жаһандық тікелей инвестициялар көлемі 2017 жылы 23 пайызға, 2018 жылы 19 пайызға, яғни 1,2 трлн АҚШ долларына дейін төмендеген. Тиісінше, инвестициялық ағымдар үшін әлемде бәсекелестік күрт өсуде. Төмендеу тренді жалпы жаһандық деңгейде де, дамушы елдерде де байқалады. Әсіресе, дамушы елдерде инвестициялар үшін бәсекелестік артып келеді. Оған біздің көршілеріміздің көрсеткіштері дәлел бола алады. Мәселен, 2019 жылдың 15 наурызында Қытай шетелдік инвестициялар туралы жаңа заң қабылдады. Сарапшылардың бағалауынша, он жыл ішінде бұл қадам олардың экономикасына 1,5 трлн АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Ресейде тікелей инвестициялар қоры құрылған, 50-ден аса жобаға 1,5 трлн рубльден астам инвестиция жүзеге асырылды. Өзбекстанда да биыл қаңтар айында 1 млрд доллар шамасында тікелей инвестициялар қоры құрылды», деді министр.

Баяндамада айтылғандай, Қазақстанға тартылған инвестициялардың басым бөлігі шикізат өндіру саласына бағытталған. Жалпы, инвестиция көлемінің үштен бірі ғана шикізаттық емес секторға тиесілі екен. Қазақстанда 2016 жылы тікелей инвестициялар көлемі 8,5 млрд доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 3,8 млрд долларға кеміген.

− Сондықтан бізге сапалы инвестиция тарту үшін жаңа тетіктер керек. Қолданыстағы механизмдерге талдау жүргізіліп, тиімсіз тұстары белгіленді. Негізгі тұжырым мынадай: қазір мемлекеттік органдар мен ұйымдар ара­сында инвестиция саласында инвестиция­ларды жалпы үйлестіруге мән берілмеген. Инвестициялық климатты қалыптастыру­да министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалары айналысады. Бірақ олардың әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейді. АХҚО-да жасалған құралдарды пайдаланбайды. Әлемдік инвестициялық қоғам үшін түсінікті форматта ресімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз, – деді Ә.Смайылов.

Үйлестіру кеңесі құрылды

Қаржы министрі Ә.Смайылов өз баяндамасында Премьер-Министр А.Маминнің төрағалығымен елімізде Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылғанын хабарлады.

− Инвестиция саласындағы жүйелі проблемаларды шешу үшін 19 сәуірде жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы бойынша инвестициялар тартуға арналған жұмыстың жаңа жобасы жасалып, еліміздегі инвестициялық қызметті жүйелендіру көзделіп отыр, – дейді Ә.Смайылов.

Кеңесте стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асырудың ерекше шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітілмек. – Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Кеңес құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Премьер-Министрдің орынбасары, негізгі министрліктердің (Әділет, Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ішкі Істер министрліктері), «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші басшылары, сондай-ақ Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді», деді министр. Жиында белгілі болғандай алдағы Үкімет отырыстарында аталған кеңес­тің инвестициялық ахуалды жақсартуға бағыт­талған жол картасы таныстырылмақ.

 Қазақстанның артықшылығы бар

Қазақстан Еуразия құрлығында шетел­дік инвесторлар үшін ағылшын құқығы негізін­де шетелдік төрешілердің жұмыс істеуіне жағдай жасап отырған бірден-бір мемлекет. Әділет министрі Марат Бекетаев: «Инвестициялар бүгін қажет. Бизнес үшін қажетті сенімділікті ағылшын құқығы, ағылшын тілі және ағылшын соты береді. Қазақстанға инвестициялар ғана емес, оған қоса жаңа технологиялар да қажет. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғау бо­йынша Үкімет бірізді саясат жүргізеді. Қаржы орталығы аумағында зияткерлік меншікті халықаралық тіркеу бойынша ыңғайлы сервис қамтамасыз етіледі, дейді ол.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда инвесторлардың жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті адами капитал қалыптасады. Ағылшын тілін еркін меңгерген және әлемдік университеттерде білім алған халықаралық деңгейдегі заңгерлер қазірдің өзінде даяр.  Сот әділдігін нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық рейтингтерде көрініс табады. Халықаралық құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 7 жыл ішінде 10 тармаққа өсім көрсетіп, 126 елдің арасында 65-ші орынға көтерілді. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес, бірақ инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында ағылшын құқығы мен шетелдік төрешілер – біздің Еуразиялық өңірдегі бәсе­кедегі бас­ты артықшылығымыз. Әлемдік биз­нестің 80 пайы­зы ағылшын құқығын таңдай­ды. Сол себепті ағылшын құқығына негіз­делген Гонконг және Дубай сияқты қаржы орталық­тары өз елдерінің экономикаларына ірі инвестицияларды табысты тартады. Инвесторлар Қазақстанның бизнес үшін тұрақты және жайлы жағдайды қамтамасыз ететін сенімді серіктес екенін сезінуі тиіс, деді министр.

Айта кетерлігі, елімізге сырттан келген инвестициялардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласына бағытталып отыр. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов өткен жылы елордаға рекордтық көлемде инвестиция тартылғанын, сырттан түскен қаржы алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты. Қалада іске асырылып жатқан ірі жобалар жоғарыда аталған инвестициялық қаражаттың есебінен жүзеге асқан. Десе де биылғы көрсеткіш көңіл көншітерлік емес.

– Биыл құрылыс жұмыстарының азаюы­на байланысты инвестиция көлемі де төмендеп отыр. Өйткені инвестициялардың 70-80 пайызын құрылыс құрайды. Біз өткен жылдардағы инвестицияларға талдау жасадық. 2019 жылға арналған болжамды көлемдерді жинап, жос­пар құрдық. Егер орындасақ, былтырғы триллион теңгеден асыруға болады, – деді қала әкімі.


А.Мамин – инвестициялық омбудсмен

Министрлер үйінде талқыланған тақырып­қа қатысты Сыртқы істер министрі Б.Атам­құлов, «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының басқарушысы Қ.Келімбетов, Қазақ­станның шетелдік инвесторлар кеңесі қауым­дастығының басқарма төрағасы А.Прей­манис және де бірқатар облыс әкімдері баян­дама жасады. Жиында инвестициялық мәселе­лерге жауапты органдар бекітіліп, құрылым­дардағы өзгерістер мәлім болды. Қазақстанда инвестициялық омбудсмен міндеттері Үкімет басшысы А.Маминге жүктелді.

− Елімізде алдағы уақытта «Астана» ХҚО инвестицияларды тарту және Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық болып айқындалады. Бұл Өңірлік инвестициялық хаб болады. Сол сияқты онда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бо­йынша қызмет көрсету және инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастыру орталықтандырылады. «Kazakh Invest» АҚ «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға беріледі. Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылады. Заманауи цифрлы технологияларды енгізу арқылы виза және көші-қон режімін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылданады, – деді Ә.Смайылов.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр А.Мамин экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету инвестицияларды тартумен байланысты екеніне тоқталды.

− Бұл мәселеде әлемдік деңгейде ғана емес, біздің аймақта да айтарлықтай бәсекелестік бар. Осыған орай іскерлік орта мен бизнес ахуалды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеуіміз керек. Орта мерзімді кезеңде негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін – ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін арттыру керек. Осы мақсатқа жету үшін экономиканың тұрақты дамуына қажетті тікелей шетелдік инвестицияларды тарту – аса маңызды міндет. Тікелей шетелдік инвестициялар еліміздің дамуының негізгі драйвері, – деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы ел экономикасына шетелдік инвестицияларды жаңа серпінмен тарту бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

− Бүгін инвестицияларды тарту бойынша жаңа тәсілдер ұсынылды. Оның енгізілуі бойынша нақты шешімдер қабылданған. Бұл ретте, біріншіден, инвестицияларды тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады, – деді ол. Үкімет басшысы шетелдік инвестицияларды тарту еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз болатынын атап өтті.