– Кеңейтілген отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Әділет, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, мүмкіндіктері шектеулі азаматтар қоғамдық бірлестіктерінің және саяси партиялардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, әкімдер аппараттарының өкілдері бейнебайланыста, – деген Б.Имашев алғашқы сөзді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровқа берді. Ол сайлаушылардың тізімін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік база деректері негізінде жасайтындығын айта келіп, нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады, деді.
Сайлаушылар тізімдеріне республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары енгізіледі. Олар тиiстi сайлау учаскелерiнің аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша тіркеледі. Әр азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Ал уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алынып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі. Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң анықтығы үшiн жауапты болады.
Жалпы, әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, ол өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқылы.
Ал әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан 20 күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына, яғни 20 мамырдан кешіктірмей ұсынады. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi. Сөйтіп азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi беріледі.
Бұл орайда әр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi. Сайлаушы учаскенің орналасқан жері бойынша тұрақты мекенжайға тіркелгенін расталған кезде, яғни ХҚО беретін мекенжай анықтамасын ұсына отырып, тиісті учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін.
Бұдан кейін сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, сайлау учаскелерінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы айтып берді. Оның айтуына қарағанда, Орталық сайлау комиссиясының жұмыс тобы қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасында сайлау өткізу кезінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдарды әзірлеген. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету үшін саяси партияларға және өзге де қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының мүмкіндіктері шектеулі азаматтарын сайланбалы лауазымдарға кандидаттыққа ұсыну, партиялық тізімдерге енгізу, сайлау комиссияларын қалыптастыру кезінде олардың құрамдарына ұсыну туралы айтылған. Сонымен заңнама нормаларын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың дауыс беруге арналған үй-жайларға кедергісіз кіруіне жағдай жасау арқылы сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа жәрдемдесуге міндетті, дейді баяндамашы.
Ал бұл мәселелер шешімін табуы үшін алдымен ғимараттардың бірінші қабаттарында дауыс беруге арналған үй-жайларды орналастыруды, пандустардың, төсеніштердің, тактильді көрсеткіштердің (уақытша рұқсат етіледі) болуын, есіктердің қажетті ойықтарының болуын, жеткілікті жарықтандыруды көздеу және ыңғайлы кіреберіс және жаяу жүргіншілер жолдарының, автокөлік тұрағына арналған арнайы орындардың болуын ескеру қажет. Сонымен қатар сайлау учаскелері Қазақстан Республикасының әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік картасына енгізілуі тиіс. Бұған қоса, зағип-саңырау және саңырау сайлаушылардың көпшілік санының дауыс беруге қатысуы жорамалданып отырған сайлау учаскелерінде жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің жәрдемімен сурдоаудармашылар, тифлосурдоаудармашылар тартылуы мүмкін.
Сайлау комиссиялары дауыс беруге арналған рәсімдер мен материалдарды қолжетімді әрі түсінікті етіп пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі сайлаушылардың саны туралы мәліметтері негізінде сайлау науқаны туралы (дауыс беру уақыты мен орны, негізгі сайлау әрекеттері, қажетті байланыс ақпараты, мысалы, телефон, сайлау комиссияларының мекенжайы), дауыс беру тәртібі, бюллетеньді толтыру тәртібі және басқа да сайлау рәсімдерін жүзеге асыру туралы ақпараттық материалдарды аудиоформатта (цифрлы жеткізгіштерде) дайындайды. Және оқуға ыңғайлы, үлкейтілген қаріппен басылған кандидаттар, партиялық тізімдер туралы ақпараттық материалдарды қажетті мөлшерде дайындау бойынша шараларды қабылдайды. Сөйтіп мүмкіндіктері шектеулі сайлаушыларға арналған ақпараттық материалдар сайлау комиссияларының үй-жайларында орналастырылады.
Ең бастысы, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға сайлау учаскесінде бөгде адамның көмегінсіз (немесе адамның өз таңдауы бойынша көмегін пайдалана отырып) өз дауысын жасырын бере алатындай жағдайлар берілуге тиіс. Сайлаушы дауыс беру үшін келе алмайтын жағдайда учаскелік сайлау комиссиясы оның дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірмей берілуі мүмкін жазбаша өтініші негізінде осы сайлаушының болатын жерінде дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.
Сондай-ақ қазіргі уақытта ОСК жұмысының маңызды бағыттарының бірі – аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін электораттық оқытуды ұйымдастыру. Атап айтқанда, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері сайлау комиссияларының мүшелерін сайлауды өткізу бойынша оқыту үшін оқу-әдістемелік кешенде көрсетілген. Ол үшін қашықтықтан тестілеудің кіші жүйесіне мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты бірқатар тест тапсырмалары енгізілген.