Лингвистикалық комиссияның құрамы Орталық сайлау комиссиясының 2015 жылғы 27 ақпандағы қаулысына өзгерістер енгізумен жаңартылған болатын. Онда Орталық сайлау комиссиясының жанындағы лингвистикалық комиссияның құрамы бекітіліп, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі (келісім бойынша) Мырзатай Жолдасбеков төраға болып тағайындалды.
Осыған орай комиссия мүшелері өздерінің жұмысына қатысты ұйымдастыру мәселелерін, «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» Ортсайлаукомның 2005 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен айқындалатын Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімін талқылады.
Осы қаулыға сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін алдымен лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу беріледі. Одан кейін көлемі үш беттен аспайтын баспа мәтінін оқу ұсынылады. Ал лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа сай көпшілік алдында сөз сөйлеуге кемінде он бес минут уақыт беріледі. Бұл туралы Мырзатай Жолдасбеков:
«Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қарсаңында лингвистикалық комиссия құрылады. Осыған орай бүгін біз бірінші мәжілісті өткіздік. Аталған комиссия төрағасы етіп мені тағайындады. Комиссия хатшысы болып педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Назарбаев Университет» ДББҰ «Рухани жаңғыру» Мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай бекітілді. Жалпы заң бойынша президенттікке кандидат өзінің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде емтихан тапсырады. Емтихан үш кезеңнен тұрады. Алдымен жазбаша өтеді. Ол үш беттен аспауы тиіс. Жазуға бір сағат уақыт беріледі. Егер кандидат осы уақыт ішінде үлгіре алмадым десе, оған тағы жарты сағат уақыт қосылады. Мұнан соң комиссия мүшелері ол жазбаны мұқият тексереді. Екінші кезеңде кандидат сол комиссия ұсынған мәтінді оқиды. Ол тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала бекітеді. Соны президенттікке кандидат өзі таңдап алып, 15 минут оқиды. Комиссия мүшелері оны мұқият тыңдайды. Кандидат еркін оқуы тиіс. Үшінші кезеңде үміткер комиссия алдында сөз сөйлейді.Оның да тақырыбы бекітілген. Президенттікке кандидат елдің тарихын, мәдениетін, тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктерін толық білуі тиіс. Мұның бәрін комиссия мүшелері жан-жақты талқылайды», деді.
Ал лингвистикалық комиссияның отырысына оның мүшелері мен президенттікке кандидаттан басқа, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысуға құқылы. Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданып, отырыс хаттамасымен ресімделеді және отырысқа қатысып отырған Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне дереу беріледі.
Осылай деп отырысты қорытындылаған лингвистикалық комиссия мүшелері өздерінің жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылатынын, бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың әрқайсысы бойынша шешім қабылдау процесін байқауға мүмкіндік алатынын атап өтті.