02 Маусым, 2013

Ала сиыр, тұлып және Аққыз әже

597 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ала сиыр, тұлып және Аққыз әже

Балалық деген базарды балағы­мызды түріп тастап армансыз, алаңсыз аралап жүргенбіз. Балауса балдәурен кезеңнің көктемесінде көңілдерге көк кептер қонып, ешнәрсенің парқын біле бермейміз. Таңертеңнен шешем ағарған ішкізеді. Кейде көгілдір қыраттарға шығып, шеңгел-шеңгелдің арасынан жуа теріп келеміз. Балалық шағыңызда айранға жуа араластырып ішкеніңіз бар ма? Бір жапырақ нан табыла қалса, бала үшін бұдан артық тамақ болмаушы еді ғой.

 

Балалық деген базарды балағы­мызды түріп тастап армансыз, алаңсыз аралап жүргенбіз. Балауса балдәурен кезеңнің көктемесінде көңілдерге көк кептер қонып, ешнәрсенің парқын біле бермейміз. Таңертеңнен шешем ағарған ішкізеді. Кейде көгілдір қыраттарға шығып, шеңгел-шеңгелдің арасынан жуа теріп келеміз. Балалық шағыңызда айранға жуа араластырып ішкеніңіз бар ма? Бір жапырақ нан табыла қалса, бала үшін бұдан артық тамақ болмаушы еді ғой.

Жалаңаяқ жолдастарыммен жуа тере кеткенмін. Жолай бір бау балауса шөп жұлып алып тымпыңдап көтеріп келдім. Ондағы ойым – біздің асырау­шымызға айналған ала сиырдың өзінен аумай қалған бұзауына беру. Оның енесі бізге ағарған сыйлап жүр ғой.
Иығымдағы шөпті тастай беріп денем дір етті. Кішкене ғана бұзау қозғал­майды, көздері бір нүктеге қадалып қалған. Ұстап көрдім. Қуыс кеуде, құр мүсін. Шошып кеттім.
– Апа! – деп қорадан атып шыққа­нымды білемін. Одан арғысы есімде жоқ.
Әжем маңдайыма суық шүберек басып отыр екен.
– Қорқып қалған ғой, – деп таң­дайымды көтерді.
Кейін білдім, ала сиырымыздың әдемі бұзауы әлдеқашан өліп қалыпты. Сиырды идіру үшін әкем мен шешем бұзауды сойып, терісіне шөп толтырып қойыпты. Оны тұлып деп атайды екен. Байғұс сиыр сол тұлыпты бұзауым деп еміреніп иіскеп, емшегінен шелек-шелек сүт сорғалайтын көрінеді. Бос тұлыпқа еміренген ала сиыр бізді сүтке қарық қылғанмен, «бұзауы» өспей-ақ, идіріп ембей-ақ қойды.
Күндердің күнінде өзінің құр тұ­лып­қа алданып жүргенін сезді ме, бауырына жақындаған шешемді теуіп, сүзіп, алакөздене өкіріп маңайына жолатпай қойды. Содан өрістен төрт ем­шегі сыздап тағатсызданып келмейтін болды.
* * *
…Көршіміздің Қорабай деген ұлы болды. Мектепте оқып жүргенде тен­тектігімен аты шықты. Жоғары сынып­қа өткен кезде шараптан дәм ауыз тиді. Сол, сол-ақ екен, Қорабай қарадай жүріп бүкіл ауылды қырып жіберетін «өнер» ашты. Мектептен соң училищеге түсіп, механизатор болып оралды. Кеңшар басшылары, комсомол комитеті оны әскерге аса «құрметтеп» шығарып салды.
– Әскерде танкі айдадым. Коман­дирдің өзін танкімен тырқыратып талай қудым, – деп аузына арақ тигенде бөсіп отырғанын талай естідік.
«ДТ-75» деген шынжыр табанды трактор беріп еді, көп ұзатпай оны нағыз «танкіге» айналдырып шыға кел­ді. Ішіп алғанда адамдарды көше-көшемен трактормен тырқыратып қуатынын әлі ұмытқанымыз жоқ. Ошақбайдың шарбағын ойрандап кеткені бар, Маусымбектің қорасын бұзып кеткені бар, ауданға айдалып, он бес сөтке «қонақ үйге» жатып келген күндерінде есеп жоқ. Сонда да ес кірмеді Қорабайға.
– Бұл диюды үйлендірейік. Ке­ліннен ұялар. Балалы-ша­ғалы болса тентек­тігі тыйылар, – десті үлкендер жиылып.
Енді Қорабай кө­кем­нің өз тойында өзі төбелес бас­тап, бүкіл ауылды қырып кете жаздаған «концер­тін» қаз-қалпында қағазға түсірсек, төрт-бес парақ қор болады. Мелдебек жәкемнің қолының сынғаны, Сұлтан көкемнің басы жарылғаны, Түктібай ағаның иығы шығып кеткені, Тоғыз­бай­дың тепкінің астында қалып, бет-ауызы көнектей болып ісіп, адам танымастай күйге түскені, бүкіл ыдыстың сынып-күйрегені сияқты «ұсақ-түйек­ті» айтпай-ақ қоялық.
Айтпақшы, учаскелік инспектор Қарасарт Жаңбырбаев Қорабай көкемді сол күні ауданға айдап, көзін бақы­райтып он бес сөткеге жауып-ақ тас­тайтын еді, ауылдың ақсақалы, қара­сақалы түгел жиналып: «Бүгін ғана шаңырақ көтерді, тойдың бәлесі ғой. Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде, ағайын араз болмасын, тентегімізді өзіміз тезге саламыз. Бір жолға кешір», – деп жата жабысып жалынбағанда. Сөйтіп, Қорабай көке­міз туралап келген «тажалдан» осылай аман қалды.
– Ой, атасына нәлет! Төбелеспесе тойдың несі қызық? Қатып кеткен төбелес ұйымдастырдым-ау. Әттең, өз тойым болып, қолымның қышуы қан­бай қалды, – деп жүрді бұл дүлей көпке дейін.
Үйіне тезек түсіріп, сексеуіл түсіріп жүрген Қорабайды ел «түзелдіге» санап-ақ қалған еді. Қайдағы?! Бір күні тракторын жау қуғандай безілдетіп келе жатқанын көріп үй-үйге, қора-қораға тығылдық. Сол түні көршіміздің иті үріп, сиыры мөңіреп, балалары ұлардай шулап, жеңгеміз асаудай тулап шықты. Көкеміздің үйіне әлдекім­дердің кіргенін, оны ұйықтата алмай алысып шыққанын бала болсақ та көзіміз бақырайып жатып білдік. «Біз­дің үйге кіріп кетпесе екен» деп Құдайға жалбарынып, көрпе астына жасырындық. Кіш­кен­тай жүрегіміз бүлк-бүлк соғып жатып: «Қорабай көкем бұ­дан кейін арақ ішпесе екен, балалары қоян­дай қалтырап отырмаса екен», деп тәңірден ті­ледік.
Бірақ, біздің бұл тіле­гіміздің де, Аққыз әжеміздің көкке ем­ше­гін сауып жал­ба­рынғанының да шапа­ғаты болмады. Тозақ уының ащы тырнағына тұзақталған Қора­бай кө­кемнің көздері ештеңені көрмей, ақыл-есін тұман торлап, ібілістің соңынан ере берді. Шайтан судың құлына айналған көкеміз қарайғанды қас дұшпан санап, қара­дан-қарап соқтығысатын. Соңғы кезде көзіне белгісіз елестер еніп, түні бойы аласұрып шығады екен дегенді ести­тінбіз. Жеңешеміз темірден жаратыл­ған жан-ау, сірә. Көкемнің қолақпандай жұдырығына көпке дейін шыдап бақты. Бет-ауызы көкала қойдай болып ісініп, ел көзіне қарауға шамасы келмей, бұқпантайлап, жүзін орамалмен орап үйде көміліп отырды. Ешкімге, тіпті, төркіндеріне де тіс жарып шағым айтпады.
– Маңдайыма жазылғаны осы шы­ғар. Құдай салды, мен көндім, – дегенін естіп, апам талай рет риза болып келген.
Сөйткен, солдаттың етігіндей сірі жеңгем де бір күні сөгілді. Қатты бір тепкенде бүйрегі езіліп, аудандық ауруханадан бір-ақ шықты. Емделіп, беті бері қараған соң шаңырағына оралар деп ойлағанбыз. Шашы жалбырап жү­гіріп жүрген жапырақтай қызын да, кіш­кентайынан булығып өскен, оңай­лықпен сөйлей қоймайтын қарадома­лақ баласын да көргісі келмей, төркініне тартып кетті.
– Енді көрме­генім Қо­рабай­дың үйі болсын. Балалар есін жинаса, шешеле­рін бір күні өз­дері-ақ табар, – депті.
Бұл соңғы сөзі.
Ал, ағамыздың «арақты қоямын» деген сөзі­нің шет-қиыры болмады. Оның «қойдым» дегені енді бізге «тойдым» дегендей ес­тіле бас­тады.
Көкеміздің пси­хикасында да біз біліңкіремейтін бір­деңелер байқалды. Кейін білдік, мұны «психоз» дейді екен. Жүйке жүйелері жұлым-жұлым болып зақымданған көкеміздің құла­ғына түрлі дауыстар естіліп, көз алдына қорқынышты елес­тер көрініп, арақ ішкен түні «шайтандармен шайқасып» шығатын болды.
Күндердің күнінде ағайындар жиналып Қорабай көкемнің қол-аяғын тұтқын секілді тарс байлап, әлдеқайда алып кетті. Алқаштарды емдейтін арнайы ауруханаға жатқызған ба, бірер айдан соң ағамыз мең-зең күйде қайтып келді да араға көп уақыт салмай «ескі досымен» қайта қауышты.
Дүрбелең қайта басталды. Көкемді тырп еткізбей қол-аяғын арқанмен байлап, емші-тәуіптерге емдеуге әкетті. Осы сапардан ол кәдімгідей оңалған­дай болып оралды. Жүзіне қан жүгі­ріпті. Бір таң қалғанымыз – қолынан құман түспейтін болыпты.
– Иә, аруақ! Ұзағынан сүйіндіргей, – деп қариялар қуанып жүрді.
Бір күндері болғанда Қорабай көкемнің көздері тұманданып, қолына құманды алып Қойбағар жәкеме тұра ұмтылды деседі. Сол сол-ақ екен Қорабайдың бәз-баяғы бейберекет әрекеті бұғып жатқан жыландай басын көтеріп, цунами желіндей сумаңдата, солқылдата соқты дейсіз бір. Ол жолындағының бәрін жайпап бара жатты.
Әжемізді ескі қорымдағы ата­мыздың қасына табыстап, үйге кел­гендер жаға­ларын ұстапты деседі. Үйде іліп алар ештеңе қал­мапты. Қора тып-типыл. Ағайын-туыс жылу жинап, әжеміздің жетісін, қырқын өткізді.
– Сорлы Ақ­қыз, қу тұ­лыпқа телмі­ріп өтті. Осы жал­ғызы адам бола ма деп арқа еті арқа, борбай еті борша болып ғұмыр кешті. Жастай же­сір қалып, бір ба­ланың соңына қа­рап қалып еді. Қа­раң қалғыр Қора­бай, шешесіне не жақ­сылық көрсет­ті? Енді бұл алқаш не істер екен? – деп үлкендер жи­налған кезде аһ ұрып отырғанын бала болсақ та естідік. Сонда кішкентай жүре­гіміз атқақтай соққан.
Бір күні жеңешеміз келіп, ұлы мен қызын алып кетті.
– Үлкейген соң елін табар. Әзірге Қорабайдың тепкісін көр­месін. Жанымды жалдасам да жау­таң­датпай жеткізермін, – депті жеңешеміз.
Сөйтіп, айдың-күннің аманын­да бауырларымыз басқа жұртқа кетті. Жылай-жылай кетті. Жаутаңдап кетіп бара жатқан көздеріне қарай алмадық. Жүрегіміз қан жылады.
Тірі тұлыпқа айналған Қорабай көкем де бір күні біржола тыныш тапты. Үрейге бой алдырған ол қораға барып арқанға мойнын салыпты.
Бірақ ұлы мен қызының басына бір уыс топырақ салмағаны қатты батты.
Енді кім іздейді, сізді көке!
* * *
Жуырда баспасөз беттерінен мына мәліметті оқып жағамды ұстадым. Ресми дерек бойынша, республикамыз­да­ғы наркологиялық мекемелерде 235416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Бір адамға күніне 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді дейді тағы бір есеп. Еліміздің тұрғын­дарының 33,3 пайызы, яғни үштен бірі арақ ішеді. Жас ерекшеліктеріне келсек, 40-49 жастағылар көш бастап, 20-29 жастағылар одан кейінгі орында. Ал, 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды екен. Дүние­жүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін құртатынын айтады.
Ұлттың тегін құртқаны емей немене, Қорабай көкемнің басынан өткер­гендерінің өзі талай қасіреттің өзі емес пе? Қай қазақ баласын қаңғытып жібереді? Қай қазақ отбасының береке­сін кетіреді? Шариғат та өзіне-өзі қол салғанды қош көрмейді. Оларға тіпті жаназа да шығармайды деседі. Шешесі қолы – көсеу, шашы – сыпырғы болып жүріп ит өліммен өлді. Әйелі босаға­сын аттағалы рахат, отбасы қызығын көре алмай-ақ кетті. Ұлттың тегі құрымағанда енді несі қалды?
Ер-азамат әрбір отбасының ұстыны, тірегі. Әр әке-шеше өмірге ұл бала келсін деп тілегенде «соңымда ізім қалсын» дейді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Әрбір шаңырақ өмірде өз орнын тапқан ұлы – ізбасарымен мақта­нады. Ал, сол ат тұяғын басар тайдың тағдыр талайы бұралаң жолмен өтсе ше? Онда отбасы үмітінің өшкені. Арамызда қаншама отбасы өз шаңырағын ортаға түсіріп, ішімдіктің құлына айналып жүр десеңші. Өткенде өмір бойы жоғары қызметте істеген бір кісінің жалғыз ұлы ең ауыр індет – есірткіге елтиді деп естігенде не айтарымды білмедім. Сол жалғызбен бірге жалқы үміт те жалп етіп сөнді. Ендігі әке тағдыры не болмақ? Ол да құр тұлыпқа иіген біздің әлгі ала сиыр сияқты өлімтік ұлға үміт артып келді ғой.
Қызық. Сиыр ғой – мал. Түйсік атау­­лыдан жұрдай. Құр тұлыпқа алданды. Ал, адамдар ше?..
Адамдар алданбайды. Бірақ, үмітін өшіре алмай өтетіндері өкінішті.
Ей, адамзат баласы! Сен де бір үй­дің үкілеген үмітісің. Әкең мен шешең, туыстарың, бауырларың құр тұлыпқа емес, тұлғаға қарап қуансын.
* * *
Тұншығып ояндым. Біреу алқы­мым­­нан сығымдап қысқандай, алқы­нып тұрмын. Түс көріппін.
Баяғы бала кезім екен деймін. Ала сиыр аларып қарайды. Үйге қарай айдаймын, қашады. Арғы жақтан Аққыз әжем көрінді. Көзінде мұң. Жанарында жас. Бір уыс болып бүктетіліп қалып­ты. Айтпақшы, соңғы кезде оны «бүкір кемпір» дейтін. Қолын маңдайына қойып ту-у алысқа қарағыштайды.
– Қорабай, а, Қорабай, қайдасың?
Әне, ана қыраттан Қорабай көкем көрінді. Қап-қара болып түтігіп кетіпті. Артына қарайламайды. Жападан жал­ғыз жалаңаяқ от кешіп бара жатыр. Осы оттың шетіне келгенде Аққыз әже сос­тиып тұрып қалды. Алаулаған от өткел берер емес. Бүкір кемпір бүк түсті.
– Қайт, балам, қайт!
Аққыз әженің ащы айқайы екен мені оятқан.
Сол күні Аққыз әжемнің бейітінің басына барып құран оқыдым. Күтімсіз қорымның үстін арамшөп басып кетіпті.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.