Отандық өнім өндіруде көшбасшы кәсіпорындардың бірі атанған «Әлем БТ» мекемесі еліміздегі шешуші саяси науқандардан шет қалған емес. Қайта оған белсенді қатысып келеді.
Халық қалаулыларымен бірлесіп өткізілген жиында да аталған еңбек ұжымы елдегі әлеуметтік және саяси келісімді қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен бағдарламаларды ойдағыдай іске асыру туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары отандық және сыртқы саясатта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету құралы ретінде алдағы сайлаудың маңыздылығын түсіндірді.
Мәселен, басқосуда Елбасы көшін бастап, тұғырын биіктеткен тәуелсіздіктің арқасында еліміздің әр өңірінде жаңа экономикалық аймақтар құрылғаны, ел әлеуетінің өсіп келе жатқаны, ал президенттік сайлау республикамыздағы әрбір азамат үшін өте маңызды науқан екені атап көрсетілді. Өзін осы ел мен жердің иесі санаған әрбір қазақстандықтың саяси науқанға белсене атсалысуы, сайлауда шынайы дауыс беруі қажет. Қалалық мәслихат депутаттары мен жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлерімен өткен кездесуде осы мәселелерге баса мән берілді.
Сонымен қатар үнқатысу алаңында кәсіпорын басшылары кезектен тыс сайлауға дайындық жұмыстарының тыңғылықты жүргізіліп жатқанын айтып, саяси маңызы зор науқанға сәттілік тіледі.
ШЫМКЕНТ