Жыл жемісті, өмір келісті болады
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:33
Қазақ халқында «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Шынында да, 2012 жыл Қазақстан халқы үшін ерекше табысты болды. Бәрін тізіп жатпай, екі оқиғаны ғана атап өтсек. Тұманды Альбион елінде қазақ елі сайыпқырандарының Жазғы Олимпиада ойындарында 7 бірдей алтын алқаны жеңіп алып, 205
Жыл жемісті, өмір келісті болады
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:33
Қазақ халқында «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Шынында да, 2012 жыл Қазақстан халқы үшін ерекше табысты болды. Бәрін тізіп жатпай, екі оқиғаны ғана атап өтсек. Тұманды Альбион елінде қазақ елі сайыпқырандарының Жазғы Олимпиада ойындарында 7 бірдей алтын алқаны жеңіп алып, 205 мемлекеттің ішінде 12-ші орынға табан тіреуі, Экспо-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу мәртебесіне ие болуы өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып орын алғанымызды дәлелдесе керек. Сарабдал саясаткер Елбасы Н.Назарбаевты экономикасы дамыған әлем мемлекеттері жетекшілерінің беделі мен іскерлік қабілетіне сай мойындауы да көп мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтыны түсінікті болса керек. Алдағы уақытта да көк байрағы желбіреген қазақ елі өсіп-өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарып, адамдар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүре берсін деп кей сәтте ойға берілемін, толғанамын.
Өңірдің өркендеу өрісі – өндіріс. Шығыс Қазақстан облысы үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландыру бойынша елімізде көш бастап келеді. Таяудағы бірер жылда жалпы құны 611,9 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Мұның ішінде 565,7 миллиард теңгенің 9 жобасы республикалық индустрияландыру картасына жатады.Өткен жылдың өзінде өңірде ондаған кәсіпорындар іске қосылды, жаңадан отыз мыңға тарта жұмыс орындары ашылды. Еліміздегі көлік құрастыру зауытының көшбасшысы «Азия-Авто» өткен жылы 16 мың жеңіл көліктер құрастырып, 48 миллиард теңге кіріс кіргізді. Биыл кәсіпорын көліктердің 20-ға тарта түрін шығармақ. Кәсіпорын басшылары жұмысшыларға арнап бір мың пәтерлік тұрғын үй құрылысын бастамақ. «СемАЗ» серіктестігі «Беларусь» тракторы мен «Даэво» автобустарына қоса биылдан бастап «Жедел жәрдем» көлігін шығара бастамақ. «Өскемен титан-магний комбинаты» кореялықтармен бірге титан құймаларын шығаратын жаңа өндірісті, «Казцинк» ЖШС Риддер, Зырян қалаларындағы бөлімшелерінде өндірісті арттыру мақсатында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Облыста өткен жылы 50 тірек ауылдары құрылып, олардың өркендеуіне 18 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге, әлеуметтік ғимараттар салуда да нақты жобалар бар. Өскемендегі Абай, Пушкин ескерткіштері, биыл пайдалануға берілетін Жамбыл атындағы қазақ драма театры, басқа да құрылыстар қаланың келбетін жаңартып тұр. Алдағы уақытта Кенді Алтай тұрғындары мемлекеттен субсидия алмай, өз бетінше өздерін қаржыландырса деген ойға берілемін.
Бүгінгі жетістік ертеңге өлшем емес. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ең алдымен халықтың тұрмысын жақсартып, оларға барлық жағдайды жасау қажеттігі айтылған. Ол үшін не істеу керек? Еңбек адамдарының алаңсыз демалып, бос уақыттарында бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін бағытты да бағдарлы жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Былтырдың өзінде өңірде бірнеше спорт модульдері, отызға тарта хоккей қорапшалары, теннис корттары салынды. «Казцинк» ЖШС ғана алты теннис кортын салып берді. Қазір барлық қалалар мен аудан орталықтарында мұз алаңдары бар. Онда адамдар демалып ғана қоймай, денсаулықтарын түзейді. Мен осыған қуанамын. Халықтың әлеуеті артып, адам жанын шуаққа бөлейтін жақсы жаңалықтар жиі бола берсе деп тілеймін.
Бердібек САПАРБАЕВ,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
ӨСКЕМЕН.