Құм Нарынның қара нары
Жүктің ауырын нар ғана көтере алады. О бастан бар тіршілігі малмен байланысты болған халқымыз ауыр жүкті көтеруден тайсалмайтын, еңбек десе құлшынып шыға келетін ұлдарын қара нарға теңестіреді. Мұндай теңеу екінің біріне айтыла бермейді. Бұл жоғары баға қандай істі болса да қолға алудан қаймықпайтын, әрі оны аяғына дейін жеткізіп тындыра алатын жігіттің жігітіне, азаматтың азаматына ғана қарата айтылады. Осы тұрғыда есімі Ақжайық өңіріне кеңінен танымал тұлға, республиканың ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері Есет Ғабдуллинді өзі туып-өскен құм Нарынның қара нары десек қателеспейміз.
Жүктің ауырын нар ғана көтере алады. О бастан бар тіршілігі малмен байланысты болған халқымыз ауыр жүкті көтеруден тайсалмайтын, еңбек десе құлшынып шыға келетін ұлдарын қара нарға теңестіреді. Мұндай теңеу екінің біріне айтыла бермейді. Бұл жоғары баға қандай істі болса да қолға алудан қаймықпайтын, әрі оны аяғына дейін жеткізіп тындыра алатын жігіттің жігітіне, азаматтың азаматына ғана қарата айтылады. Осы тұрғыда есімі Ақжайық өңіріне кеңінен танымал тұлға, республиканың ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері Есет Ғабдуллинді өзі туып-өскен құм Нарынның қара нары десек қателеспейміз.
Ол кешегі социалистік кезеңде қалыптасқан еңбек дәстүрін бүгінгі нарықтық қоғамда жаңаша бір жолмен жалғастыра білген жан. Еңбектің көрігінде шыңдалған қайрат иесі. Сонау кеңестік шаруашылық құрылымында ферма меңгерушісі, бөлімше басқарушысы делінген аты да, заты да дардай, ортаң қолдай қызметте болды.
Әділін айтқанда сол кезеңде Орал өңірінде бүгінгі кейіпкеріміздің алдына шыға қойған әріптесі жоқ шығар-ау деген ой басым түсе береді. Мұндайда цифрға жүгінген артықтық етпейді. Иә, сол жылдарда Есет Ғабдуллин басқаратын Құрманғазы кеңшарының үшінші бөлімшесінде 45 мың қой, 12 мың жылқы, 1500 түйе, 2 мың бас ірі қара болыпты. Бұл сол тұстағы кез келген ірі шаруашылықтағы мал санынан асып түседі. Осы социалистік меншікті көзінің қарашығындай сақтауды мойынына алған, оны жоғалтпай, қоңын түсірмей ұстай білген ферма меңгерушісі Есет Ғабдуллин еді.
Кейін елде жекешелендіру науқаны басталған кезде Есет ағаның үлесіне 11 сиыр, 22 жылқы, 36 қой және төрт түйе тиіпті. Осындай еншісіне тиген үлес пен пайды ауылдың көптеген адамдары тегін дүниедей көріп оңды-солды шашқаны, бір шыны «Рояль» деп аталатын спиртке немесе екі түйір кір сабынға бір қойды ойланбастан бере салғаны, өкінішке орай, өтпелі кезеңнің бұлтартпайтын шындығы. Кәнігі ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері үлеске тиген малды шұғыл өз төлі есебінен өсіру қажеттігін тез түсінді. Әрі Нарын құмының табиғи- климаттық ерекшелігі, яғни шығынды мейлінше аз жұмсай отырып, кірісті молырақ алуға болатыны майталман өндірісшіні алдағы табысты күндерге жетелей түсті.
Ол аз уақыттың ішінде «Есет» шаруа қожалығын құрып, аяғынан тік тұрғыза білді. Сонымен бірге, мал тұқымын асылдандыру мен ветеринарлық сауықтыру шаралары да қоса атқарыла бастады. Сөйтіп, мал саны күрт өсіп, бір ауданның аумағы тарлық ете бастағандай болған соң жеке меншіктегі үлкен шаруашылықты екі бөліп жүргізу қажеттігі туындады. Мұндайда не істеу керектігін ауыл шаруашылығы өндірісінің тарланы тез түйсінді. Қос ұлы – қос қанатына жауапты жүк артқаны осындай ойдан туындап еді.
Үлкен ұлы Исатай кір жуып, кіндік кескен атамекенде, Нарын құмында мыңғырып өскен малға иелік етіп қала беруі орынды деп табылды. Ал шаруа қожалығының екінші бөлігін кенже ұлы Амантайға тапсырды. Ол облыс орталығына таяу орналасқан Көшім ауылы аумағынан жер алып, әке үміті мен аманатын ақтау үшін іске бел шеше кірісті.
Әрине, бүгінгі мал өсіру ісінің ежелгі ата-баба дәстүрінен түбегейлі өзгешелігі бар. Қазіргі жағдайда ғылыми негіздер мен жаңа технологияларға иек арта алмаған, оған жатсына қараған меншік иелері алысқа бара алмайды. Мұндағы басты мақсат – өнімді ұқсатуға бағдар ұстай білу. Халықтың күнделікті сұранысына ие өнімдер өндіру. Тек сонда ғана елдегі мал өсірушілердің бағы жанып, ұпайлары түгелдене түспек.
«Есет» шаруа қожалығында қымыз бен шұбат шығару зауыты осындай өміршең ойдан бастау алған еді. Қазір мұндағы бәсекеге қабілетті өнімге сұраныс берушілер қатары жылдан жылға арта түсуде. Тіпті таяу және алыс шетелдердің өзінен сұраныс беріп отырғандар да бар. Зауыт конвейерінен тұтыну орындарына жол тартатын халықтық сусындар қошқар мүйіз ою пішіндес арнайы пластмасса ыдыстарға құйылып ұсынылады. Сонымен бірге, өнім өндіруші мен мемлекеттік сатып алушылар арасындағы келісім-шарттарға сәйкес, «Есет» шаруа қожалығы өз өнімдерімен облыстағы әлеуметтік, емдеу-сауықтыру мекемелерін, өкпе ауруларын емдейтін санаторийлер мен ауруханаларды осы сипаттағы «Ивуша балалар» профилакторийін қамтиды.
Қымыздың емдік қасиетін бүгінде әлемнің бірқатар өркениетті елдері танып мойындай бастады. Мойындап қана қоймай, оны өнеркәсіптік негізде өндіруге кірісті. Соның бірі – Алмания. Бұл мемлекет ежелден қазақ халқына тән болып келген қымыз өндірісін бейнебір өздері тауып, бар қасиетін өздері ашқандай кейіп танытып отыр. Осылайша, қымыз өндірісі жөніндегі брэнд пен әлемдік патентті де өздері иемденіп кететіндей көрінеді. Менің бұған таласым бар. Қалай десеңіз де қазақтың кең даласы мен жазира жайлауында еркін жайылған жылқының еті мен қымызына, оның сапалық қасиетіне бірде-бір ел жете алмайды. Мұндай артықшылық пен өзгешелік тек Қазақстан жағдайында ғана мүмкін болып отыр. Мұны бүгінде қымыз өндірісіне бет бұрған өркениетті мемлекеттер ғалымдары да мойындайды, деп ой-пікір тиегін ағытты бізбен әңгімесінде Есет аға.
Иә, еңбек майталманы бұл пікірін тектен-тек айтпағанына, оның қолында әлемдік қымыз өндірісі жөніндегі сараптамалар мен талдаулар бар екенін көргенде көзіміз одан әрі жете түсті. Бұл тек интернет жүйесінен алынған деректер емес екен. Аталған мәселеде «Есет» агроқұрылымының менеджері, Саратов зооинженерлік институтының түлегі, үлкен қызы Айгүлдің жинаған ақпараттары да мол болып шықты. Иә, бүгінгі заман ұшқыр ақпараттар заманы. Оның ағымынан кейін қалып қойсаң, көп нәрседен ұтылғаның. Осындайда әлемдік сұранысқа сай өнім өндіруге бастамашы болып отырған жетпіс үш жастағы Есет ағаның көрегендігі мен біліктілігіне, алымдылығы мен шалымдылығына таңғалмай, тәнті болмай көріңіз.
Бұдан кейінгі кезеңде Ес-ағаң еңбек ету жөніндегі ойларын ортаға тастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек қоғамына жиырма қадам жөніндегі бағдарламалық мақаласымен мұқият танысып шықтым. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің қазақстандық қоғамды тек ақадал еңбек қана алға алып шыға алады. Еңбек етпегеннің өрісі қысқа дейді ол. Есет Ғабдуллин – құр ақылгөйлік пен құрғақ демагогияның адамы емес. Жақсы – ісімен жақсы дегендей, ол өзінің еңбек жөніндегі қағидаттарын құрғақ сөзбен емес, нақты ісімен дәлелдей білген қажымас қайрат иесі. Жетпістен асқан шағында да қазақстандық қоғамның өркендеуіне өз үлесін қосып, жиырма бестегі жігіттей күш-қайрат жұмсап келе жатқан қазақтың қажымас қара нары.
Біз таяуда қысқа әзірлік қамымен Бекетай құмының етегінде үлкен баласы Исатайға ақыл-кеңесін беріп қана қоймай, іске тікелей араласып жүрген Есет ағамен тағы да кездестік. Амандық-саулықтан соң ол кісі бізді үйден дәм ауыз тиіп шығуға шақырды. Ешкім де дәмнен, қазақтың қасиетті дастарқанынан үлкен емес. Аға тілегін қайтара алмадық. Мұның алдында Ақсарай ауылы аумағынан он шақырым қашықтықтағы кең жазықтықтан 500 бас ірі қара мен 500 бас жылқыға арналған бүгінгі заманғы мал семірту кешені құрылысын салып аяқтаған облыстағы ірі меншік иесінің күш-қайратына таңданыс білдіргенбіз.
Қараңыз, айдала, айнала бәрі шеті мен шегі жоқ бұйрат құм. Сөйтіп келе жатқанда көздің жауын алатындай ғажайып кешенге тап боласыз. Бейнебір ертегі секілді. Жоқ, бұл ертегі емес, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың қайсар ұлының былтыр аяқтаған ісінің нәтижесі екен. Әлемдік озық технологияның үлгісін де осы жерден таба аласыз. Малға қажетті су да, жем де бүгінгі инновация жетістіктерінің шалғай ауылға жеткенін айғақтап тұр.
Сонымен бірге, өзі туып-өскен Бөрлі ауылы маңынан Есет Ғабдуллин ағамыз кірсе шыққысыз ақшаңқан үй тұрғызыпты. Мұндағы тұрмыстық жағдай қаладағыдан артық болмаса, бір де кем емес екен. Адам жанына не керектің бәрі де табылады.
«Ес-аға, осындай үлкен үй салу қандай қажеттіліктен туды», дедік біз үйдің сыртқы көрінісі мен ішкі интерьеріне таңғалғанымызды жасыра алмаған күйімізде.
«Халқымыздың тұрмыс дағдысында қара шаңырақ деген ұғым бар. Қасиетті де қасіретті Нарын – бәріміздің атамекеніміз. Біз оған кіндігімізбен байланып қалғанбыз. Ғабдуллиндер әулетінің бүгінгі ақсақалы өзім болғандықтан өзімнен тараған ұрпақ атамекен мен қарашаңырақтың қадір-қасиетін біле жүрсін, ұмытпасын, онымен хабарын үзбесін деген ниетпен тұрғыздым, бұл кең сарайды. Бұл асып-тасу да, бәсеке де, қолда бар қаражатты қайда жұмсауды білмегендік те емес. Тек туған жерге деген тартылыс күшін тереңдетуден туған әкелік, аталық ой ғана. Бұл ісімді зайыбым Ұмсынғаным екеумізден өрбіген ұрпақтарымыз да дұрыс түсінгені мерейімізді өсіріп, көңілімізді тасытады», деп жауап қайтарды бұл сауалға құм Нарынның қара нары Есет Ғабдуллин.
Ұмсынғаным жеңгеміз де бақытын еңбектен тапқан қазақтың алтын құрсақ аналарының бірі екенін қалайша айтпай кете аламыз. Ол еңбек жолын тракторшылықтан бастапты. Иә, сол бір жылдарда. «Таң біліне бір сұлу қыз тракторға отырды…» деп басталатын бір ән бар еді-ау. Бүгінде ретроға айналған бұл тамаша әуен әлі күнге дейін сыры да, сыны да кетпеген Ұмсынғаным жеңгемізге арналғандай көрінеді.
Иә, еңбегімен еленген мұндай жандар қандай құрметке де лайықты болса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөкей ордасы ауданы.
Суретте:
«Есет» шаруа қожалығының жетекшісі Есет Ғабдуллин.