30 Қаңтар, 2013

Күнге сіңген киіктер

604 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Күнге сіңген киіктер

Ұлытау поселкесінен біраз ұзағаннан кейін мәши­­не осында әкелген асфальт жолдан солға бұрылып, қырға өрледі.

…Жезқазғаннан Ұлытауға келгенде, су мәселесі болмаса, айтарлықтай қинала қоймадық. Ұлытауға жеткенше Құр-Қарағанды, Серікбай, Есілбай сияқты өзен аттары жазылған тақтайшыларды көргеніміз болмаса, оның сусыз арналары қаңсып жатыр. «Кезінде осы өзендердің көбі тау сілемдерінен сарқырап ағып, малды ағызып әкетеді екен», – дейді бізді бастап келе жатқан журналист әріптесіміз Шахбадат Ибадатов көңілсіздікті сейілткісі келген сыңаймен.

 

Ұлытау поселкесінен біраз ұзағаннан кейін мәши­­не осында әкелген асфальт жолдан солға бұрылып, қырға өрледі.

…Жезқазғаннан Ұлытауға келгенде, су мәселесі болмаса, айтарлықтай қинала қоймадық. Ұлытауға жеткенше Құр-Қарағанды, Серікбай, Есілбай сияқты өзен аттары жазылған тақтайшыларды көргеніміз болмаса, оның сусыз арналары қаңсып жатыр. «Кезінде осы өзендердің көбі тау сілемдерінен сарқырап ағып, малды ағызып әкетеді екен», – дейді бізді бастап келе жатқан журналист әріптесіміз Шахбадат Ибадатов көңілсіздікті сейілткісі келген сыңаймен.

Айнала сағымға оранып, балқып тұр. Жезқазған – Ұлытау аралығында жолаушының жан шақырып, бой жазатын аялдамасы – Күмісбұлақ. Осыдан қазақтың ат қоюдағы тапқырлығы көрініп-ақ тұр ғой. Жолсоқты болып, шөліркеп келген адамға солай көріне ме, бастау суы салқын, мөп-мөлдір. Бір сімірсең өзегіңді ашады. Бұл бұлақтың да бітеліп қалмағанына тәубе дейміз. Иә, Күмісбұлақ көз жасындай, мөп-мөлдір…

Шөлді басқан соң, бастаудан жиырма-отыз метрдей биіктеу жердегі киіз үй формалы бетонды күркеге бас сұқтық. Анадай жерде желідегі құлынды биенің тастан құйылған кескіні тұр. Мүсінші бауырын жерге төсеп жайбарақат жатқан құлынды әдемі бейнелеген.

Бір кездері мұнда сусын сататын адамдар болған көрінеді. «Бұл жерден облыс орталығынан арнайы келіп су әкететін…», – дейді жүргізуші жігіт.

 Қазір соның бәрі естелік тәрізді. Төңіректе сынған бөтелке, шашылған қалбыр… Иесіздіктің белгісі. Табиғаттың осынау сирек сыйының берекесін қашырып отырған өзіміз.

Келісім бойынша қайтарда Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерін жағалап отырып, Сәтбаев қаласына жетіп, одан Жезқазғанға шығу. Қазірше дала жолын жіптей тарқатып, алға қарай жүйіткіп келеміз. Сарыарқаның сырын білмеген адам «адасқанның алды жөн – арты соқпақтың» кебін киері сөзсіз.

Біздің бағытымыз дұрыс екеніне сенімді сияқты­­­мын. Мәшине рөлінде отырған Қайрат жас та болса, жер сырын білетін жігіт екен. Дала жолының кейбір тұсы асфальтке бергісіз. Мәшине зулағанда көтерілген шаң реактивті ұшақтың түтініндей шумақтала созылып қала береді.

Жолсызбен жүрудің басты себебі шынын айтсам, ақбөкендер тіршілігін қалтарыстан бақылау.

– Алаша хан мазарының да төбесі көрініп қалды, – деді бір уақытта менің ойымның үстінен түскен фототілші Амангелді.

– Сарыкеңгірге жақындағанда ақбөкен үйірі кезіге бастайды деуші еді ғой?..

– Иә. Анау ойда ирелеңдеп жатқан – Сарыкеңгір өзені. Содан шөлін қандырып алған киіктер, түс ауа осы қыраттар да тоғын басып, аз-кем аялдаған соң барып өрістейтін. Оны талай көрдік қой.

Біз тағы бір-екі жырадан көтеріліп, жазыққа шыға бердік. Күн көзі бағанағыдай емес, қызуы қайтып, балқыған шойындай төмендеді.

– Ақбөкендер тек осы жермен ғана суатқа түсе ме? – деймін жолсеріктеріме.

– Жо-оқ, бар ғой бар, – дейді жүргізуші Қайрат.

– Қараңғы түскенше кемінде бірер үйір кездесіп қалар. Әйтпесе, бүгін Сарыкеңгірге барып түнеп, таң­­­ертең ертемен аттансақ, Қаракеңгірге жетіп барамыз.

–  Оһ, кетті!..

– Әне, әне!.. – деген екеуінің қосарлана шыққан даусынан сыртқа қарадым.

– Әне, әй-й, жануарлар-ай аңырата тартты дейсің!

– Қайда, қайда?..

– Оң жақта, жотаға қараңыз…

– Екі жігіттің көзі оттай жанып, жүздерін жалын шарпыған кейіпте.

Жігіттердің не көріп отырғандарын, қайдам, мен бірден ештеңе ажыратар емеспін. Темір тұлпар зулап келеді. Әр тұстан бір бұрқ еткен шаңды көріп қа­лам. Шаңды қуалай көз тіккенде жортақтай жортқан киік­терді көзім шалды. Бірақ бұл көрініс көпке ұзамады. Екі-үш минуттың аралығында киік те, шаң да жоқ болды. Демнің арасында далаға сіңіп кетті. Сұлбасын ғана шалдырған киікке көз үйреткен адам болмаса, табиғи ортасынан бірден ажырату да қиын екен. Өйткені, дала да, киік те жез түсті. Қазақтың жезкиік дегені тегін емес-ау!

Ұлытаудан, шамамен, елу-алпыс шақырымдай жүрген соң бір мазарға келдік. Бұл – Жұбан апа күмбезі екен. Маңдайшасы жарықшақтанып, қабырғасына сызат түсіпті. Одан он-он бес шақырымдай жерде Алаша хан мазары. Іргетасы қаланғанына жеті-сегіз ғасырдай өтсе де уақыт теперіші – күн мен жел, жаңбырға онша сыр бере қоймапты. Мамандардың айтуына халық өне­­­рінің осынау бірегей үлгісі XII-XIII ғасырларға тиесілі.

Жазық дала, ашық аспан, шақырайған күн – жез даланың табиғи портреті. Жезкиікке керегі де сол – мидай жазық, бұлтсыз аспан, шыжыған күн. Мидай жазық – оның стихиясы сияқты.

Бөкендер көктемгі «қоныс аудару» кезінде шөл мен шөлейтті аймақтардың шекараларында – Сарыарқа мен Бетпақдала аралығына және Торғай даласының оңтүстік етегіне жиналады. Сонда біршама тұрақтайды. Көнекөз қариялардың сөзімен айтсақ, бұл кезде «Үркер жұлдызы түнде көрінбейді». Ендеше «киіктер лақтайтын уақыт таяды», «айдың жа­ңар­ға­­ны» деген сөз. Бұл кезде Сарыарқа аспанында бұлт сиреп, ауа райы жыли түседі.

Қалмақ елінің даласында талай жылдар бойы киік тіршілігін зерттеуге қатысқан ғалым Борис Иванович Петришев күннің ұзақтығы мен ауа райының тұрақты ашық болып тұруы талдау кезінде тікелей ықпалы барын дәлелдеген еңбегі оқымыстылардың көңілін ерекше аударғаны белгілі. «Бұлтсыз ашық күндері киіктер көп лақтайды, – дейді Б.И. Петришев, – ал керісінше бұлтты күндері сирек туады. Бұл жағдайларда құралайдың дүниеге келуі өзінен-өзі кешеуілдейді. Біз бақылау жүргізген соңғы үш жыл қатарынан сәуірдің соңғы күндері суық болды да, киіктер мамырдың бірінші тоқсанында төлдей бастады. Киіктердің көктемде жаппай қоныс аударуы осыған байланысты».

«Құралайдың салқыны», ақбөкендер жаппай лақтап, 4-6 күн өткен соң, нақтылай түсер болсақ, мамырдың 19-21-інде соғады. Ауа райы салқындап, суық жел тұрады. Жаңбыр жауады. Құралайдың салқыны – жас лақтардың бойының ширауына тікелей әсер етеді. Лағын ерткен киіктер Сарыарқаны өрлеп, жасыл шөпті, кәусар сулы өңірге тереңдеп ене береді.

Жазғы күндері Жаңаарқаны немесе Торғай даласын аралаған адам түске қарай, күннің нағыз ысыған шағында беткейде не кең тақырда шоғыр-шоғыр болып ұйысып жатқан бөкендерді көрер еді. Себебі, тақыр-тегіс, түгел көреді. Сол кауіпсіз тақырдың бір шеті – Сарысу аңғары. Қаракеңгір өзені Сарысудың үлкен саласы.

Біздің де Қаракеңгірге асыға аттанғанымыздың бірінші себебі – өрістеп кетпей тұрғанда киіктің үстінен түсу, одан соң күн ысымай өзен бойына, салқын тоғайға жетіп алу.

…Киіктердің алғашқы үйірі біз Қаракеңгірге таяп қалғанда-ақ жолықты. Бастарын төмен салып, өзеннің күншығысына қарай шаңдата жортып барады. Қайрат зулай алмады. Ағып келе жатқан мәшинені лып еткізе бұрып, сәл шоқырақтатып барып, қайта жолға салды. Көзінен от ұшқан жас жігіт бізге қарап: «Қап, бәлем, жолымызды орап өтуін қарашы, – деді.

Бізден ұзаңқырай берген үйірге бүйірден тағы бір топ қосылды. Сәлден кейін қайта бөлініп кетті. Осының бәрі бір сәттік көрініс еді. Шашау шықпай, жұдырықтай болған дала еркелері сол күйінде бірде оңға, бірде солға тобықтай бұлтақтайды.

Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерінің аңғалары – шошайған бейіт, мазар, күмбез, архитектуралық ескерткіштер. Мана алыстан көз тарта, таң шапағымен күреңітіп тұрған Домбауыл мазарына да жеттік. Киіз үй пішінді, іргесі кең, бел ортасынан көкке қарай сүйірлене шошайған мазар кілең жалпақ қара таспен жымдастырыла өрілген. Бұл VIII-IX ғасырлардағы шеберлердің қолтаңбасы. Жөнге келтірушілер (рес­тавраторлар) табалдырығын төрт-бес баспалдақ жоғарылатыпты. Алыстан қарағанда қараторғайдың қолдан жасалған алып ұясындай.

Бір уақытта Аманкелді күмбездің қасындағы тастан тұрғызылған төртқұлақтан қолын асыра шошайтып:

– Әне… – дейді сыбырлап.

– Ол не?! – Мен де оның ыңғайымен дауысымды бәсеңдеттім.

– Киік…

– Қайда?

– Әне-әне! Ойда жүр. Бізді байқай қойған жок.

Міне, ғажап! Бір үйір киік өзеннің ойпаңдау жағалауындағы қалың шөптесінде жайбарақат жайылып жүр. Төңіректеріне сақтықпен қарайды. «Айт!» десең ата жөнелуге дайын. Киікті жақыннан бірінші рет көруім. Түсі ақ емес, қызғылт сарғыш. Уақыт қыркүйек қой. Қоңыр күзден бастап кысқа қарай түгі бозарады. Боз түк күнге шағылысып ақ болып көрінеді. Ақбөкен аталар кезі осы…

Қайрат біздің көріп тұрғанымызды байқамаса керек, жерден жеті қоян тапқандай: «Киік! Киік!..» – деді. «Қап!». Киіктердің шырқы бұзылды. Бастарын жұлқа көтеріп, бір жерге өсіріле қалды. Бұл жолы олар тура тартатын жазығына қалай шығарын білмей, әрі-бері шиыршықтап, сасқалақтайын деді. Өйткені ар жағы – өзен-тоғай, бер жағы – қауіп. Адамдар, біз жүрміз. Бір қызығы, бұлар манағы қырға қашқақтаған үйірдей емес, күмбезді айналсоқтап, ұзай қоймады. Екпіні де пәс. Жай ғана жер бауырлай ұшқан бір топ тырнадай дөңге шыққанда қылт етіп шалынып қалады да ойға түскенде мүлде жоғалып кетеді.

– Бастап жүрер текесі көрінбейді, біреу оққа байлаған-ау!? – деді Аманкелді.

– Иә, текесіз үйір – бассыз дене секілді, – Қайрат қамыққандай кейіп танытты.

Домбауылдан кейін үш-төрт белден асып, Жошы хан күмбезіне келгенде күн де арқан бойы көтеріліп қалып еді. Тарихтан белгілі атақты Жошы хан күмбезі. Көне тарих куәсі.

Күмбездің киіз үй пішінді төбесінің күйдірілген қышқа сіңірілген бояуы өңін бере қоймаған. Өнердің әдемі үлгісі дерлік.

…Сәтбаев қаласына дейін әлі біраз «ат терле­ту» ке­­­рек. Жол қысқарсын деді ме жерлестері Жақсы­­гелді Се­­­йі­лов пен Кәкімбек Салықовтың «Жез­киі­гіне» бас­­ты:

Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,

Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.

Жез марал жүреді екен арасында,

Мыңдаған бетпақтағы киіктердің.

Сарыарқаның жас перілері емес пе, дауыстары тұнық, жанарлары от шашады. Бұлар бір замандары шалқар далада ат тұяғымен күй шертіп, бүркіт салып, қиқулатып киік қуған бабалар ұрпағы ғой. Қан-жанымыздағы атадан қалған сол бір қасиет осы байтақ далаға жетелей береді…

Аңызда оқтай атылатын киіктер жел, дыбыс және сағымнан жаралған дейді. Сенгің келеді. Сағым (сәуле) мен дыбыстың да (жаңғырық) жылдамдығы зор ғой. Оны айтасыз, Сарыарқада осыдан шамамен 12 млн. жыл бұрын зіл (мамонт), үш ашалы жылқы (гиппарион), керік (жираф), қылыш тісті жолбарыс­тар мен мүйізтұмсықтылар болған көрінеді. Мұз дәуіріне бейімделе алмай қырылып қалған деседі. Киіктер төзген, аман қалған киіктің ғасырмен ғасырды ұластырып, сағым бүркеніп жүргені содан болар?!.

Киіктердің табиғи жаратылыс ерекшелігі, олардың тыныс алу органы – бірнеше қабатты респираторлы-сүзгілі тұмсығы мен өкпесінде екен. Бұл ғалымдар тұжырымы. Сенесің.

Тұңғиық көзі шөп түбінде жасырынып жатқан құ­ралайды бірден шалады екен. Жорта жайылған жез киік бөтен де болса сол құралайды емізеді екен. Жаратылыстың тылсым сыры ғой. Бұл адамдарға сабақ болса, қане!

Көкжал, шиебөрілердің жөні бөлек. Ал адам-қасқырдың қорғансыз киіктерге өштігі алабөтен, тіпті жойқын… Табиғат-Ананың тозып бара жатқаны осыдан шығар. Кім жеңіледі? Кім жеңеді? Бір Жаратушыға аян! Қадіріне жетпесек, біз жеңілеміз.

Жолсеріктерім мәшиненің ырғағымен жосылта ән салып келе жатыр. Мен де қосылдым:

Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?

Жолымды текке кесіп жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі-ай көзің,

Япырмау, дәтім шыдап қалай көрдім…

Сағидолла КӨШІМБАЕВ,

запастағы полковник.

Астана.