Медицина • 23 Сәуір, 2019

Отандық урологтар 90 жастағы тыл ардагеріне күрделі ота жасады

1301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Б.О Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының дәрігерлері 90 жастағы тыл ардагеріне күрделі ота жасап, қуығынан алты бірдей тас алды. Жеңіс күні қарсаңында Урология ғылыми орталығының ұжымы қарияны келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекемен құттықтап, ауруханадан шығарып салу рәсімін өткізді.

Отандық урологтар 90 жастағы тыл ардагеріне күрделі ота жасады

«90 жастағы Мұқанов  Игенкүл зәр шығару жүйесінің қиындауы мен қуығының сыздап ауруы мазалап, Урология ғылыми орталығына келген болатын. Бұған дейін пациент емханалық жағдайда емделген. Көптеген аурухана дәрігерлері науқастың жасын, қосымша ауруларын ескеріп, Урология ғылыми орталығына жіберген. Мұндағы білікті дәрігерлер мен профессорлар қарияның қуығында тас жиналып қалғанын анықтап, 16 сәуір күні күрделі операция жасады. Операцияны андрология бөлімінің дәрігері Хахазов Якуб екеуміз жасадық. 2 сағатқа созылған операция нәтижесінде науқастың қуығынан 6 тас алынды. Көпшілікті қуықтағы тастың неден пайда болатыны толғандырады. Оның көптеген себептері бар, аденома, қуық мойының беріштенуі, простата безінің ісігі, түрлі үрпі жарақаттары әсер етуі мүмкін. Адам ағзасында зәрдің тежелуі секілді құбылыстар байқалып, белі мен шабы, қуық аймағы ауырады. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн. Үйде өздігімен емделу, тек қана ауруды асқындырады. «Ауру – астан» демекші, тамақтану тәртібін қадағалап отыру керектігін біз халыққа үнемі ескертеміз», дейді қарияның емдеуші-дәрігері, уролог-андролог Әлижан Қожамжаров.
  Урология ғылыми орталығында тиісті ем шараларын қабылдаған қарияның денсаулығы қазір бірқалыпты. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, ата-әжелеріміз аман болсын. Біз олардың жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Үлкендерге құрмет көрсету – біздің басты парызымыз», дейді орталық мамандары.