Акция барысында аталған университеттің Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова сөз алып, кітаптың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, барша жасты кітап оқып, білімдерін шыңдауға шақырды.
Ал, университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы «Жас кезімізде кітапты таласып оқитын жастар көп болды. Бүгінде интернет дәуірінде студенттер, тіпті жас оқытушылардың өзі ғаламторға көп жүгінеді. Бірақ интернеттегі мәлімет білімді шыңдай алмайды, ол тек ақпарат көзі болмақ. Нағыз білім – кітапта. Шетел жастары айына шамамен 500 АҚШ доллар қаражатын кітап сатып алуға жұмсайды екен. Біздің де жастарымыз кітап сатып алуды әдетке айналдырса деймін», деп, өз ойымен бөлісті.
Мереке қарсаңында кітапсүйер қауым арасында «Менің сүйікті кітабым» әдеби дилижанс байқауы да ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде ең көп кітап оқыған студенттер осы жиында марапатталды. Сайыстың қорытындысына сәйкес, 41 кітап оқыған технологиялық факультеттің студенті Дариға Қоңырова бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 38 кітап оқыған гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті Жазира Жәкенова мен 27 кітап оқыған осы факультеттің студенті Индира Дүйсенбаева бірінші орынды иеленсе, гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті Айдана Төртқұлбаева мен технологиялық факультеттің студенті Аружан Бейбітова екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, 12 және 14 кітап оқыған Диана Қанай мен Назерке Исраилова үшінші орынға ие болды. Бас жүлде мен бірінші орынды иеленген үш студент «Балдәурен – Қапшағай» Республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама жеңіп алса, қалған жеңімпаздар кітаптармен және ТарМУ-дың брэнд өнімдерімен марапатталды.
Аталған акция аясында оқу ордасының қабырғасынан «COWORKING ZONE» жастардың еркін ой алмасу орталығы ашылды. Бұл орталықта студент жастар өз оқыған кітаптарын өзгелермен бөлісу мақсатында сөреге қалдырып кете алады. Және оқыған кітаптары туралы ойларын ортаға салып, әңгімелесулеріне де болады.