Көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі?
Көлеңке түспейтін, көлеңке баспайтын кеңістік бар ма, сірә? Көлеңкенің түр-түсін, бейімделгіш сиқырын да түгесе алмайтындаймыз. Кейде өз көлеңкеңнен де шошып кететінің есіңнен шықпас. Қыр соңыңнан қалмай, құдды, өзіңнің елесіңдей боп, жаның мен тәніңе жабысып алып, жанамалап жыбырлай жымысқыланып, басқан ізіңді аңдитынын қайтерсің? Шіркіннің сұлбасы сұсты! Осы сағымдай сусымалы көлеңкенің кітап оқып еліте түскен оқырманның ойына кіріп алып, үрейін түртіп оятатын шайтандай шатағына қай жүйке жұқармас?
Көлеңке түспейтін, көлеңке баспайтын кеңістік бар ма, сірә? Көлеңкенің түр-түсін, бейімделгіш сиқырын да түгесе алмайтындаймыз. Кейде өз көлеңкеңнен де шошып кететінің есіңнен шықпас. Қыр соңыңнан қалмай, құдды, өзіңнің елесіңдей боп, жаның мен тәніңе жабысып алып, жанамалап жыбырлай жымысқыланып, басқан ізіңді аңдитынын қайтерсің? Шіркіннің сұлбасы сұсты! Осы сағымдай сусымалы көлеңкенің кітап оқып еліте түскен оқырманның ойына кіріп алып, үрейін түртіп оятатын шайтандай шатағына қай жүйке жұқармас? Жемсауына жылжытып, жұтып жіберетіндей. Ақ пен қара тәрізді көлеңкенің де күнгейі мен күңгіртті жағы алмасып жататын тылсымы жоқ па екен, осы?! Әлде, көлеңке ұғымы өңкей салбыраңқы қараңғылықтан тұра ма? Пенденің қара құзғын қарақшысы һәм көрбілтенің күйелеш ысы шығар? Қайткенде де көлеңкеге ықылас түспей қойды-ау. Жүректі қанша жылытып, жібіткің келсе де көлеңкеден суық ызғар шашып тұрады. Әсіресе, ой-санаңды бүркемелеген көлеңкеден төбе құйқаң шымырлап кетеді.
Сонымен әдебиеттің де көлеңкесі салтанат құрып тұр екен-ау! Батыс прозасында көлеңкемен шайқастың не бір шытырман сюжетті шығармалары бар екенін қайда жасырарсың. Көлеңке де тіршілік иесі секілді… Әлдебір нысансыз оның салтанат құруы екіталай екен. Яғни, себепсіз салдар болмайды.
«Көлеңкелер патшалығы» – белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетайдың хикаяттар мен әңгімелер жинағы. Оқырмандарын тапқан орайлы дүние. Ойлы перне, сыршыл сағақ. Дір еткізер сезімге бай. Қорқынышы мен үрейі қоламтасында мүлде өшіп болмағаны тағы сезіледі. Оқып отырып кейіпкер тағдырымен тамырласып кетесің, өрмекшідей өріп жүрген көлеңкелерді байқап, мына өмірге келгеніңе өкінесің. Немесе кітапты оқи, тоқи отырып көлеңкелер кемесімен жүзіп жүргендей ойға кенелесің. Көлеңкелер патшалығындағы көмескі іздерден сыр түйіп, сыралғы бола бастағаныңды аңғармай да қаласың. Себебі мына өміріңнің жүзін жапқан көлеңкелерді бір деммен үрлеп, аршыған жұмыртқадай аппақ ете қою мүмкін болмаса да күнгейге жоныңды жылытып, әлсіреген әліңді жинап, көмескіленген пердені ысырып тастауға талпынатының заңды шығар. Сөйтіп, кейіпкеріңмен жақтасып, көлеңкелермен шайқасып, өнетін де, өнбейтін де іске шатылып кете барасың. Бәрібір көлеңкесіз өмір сүруге болмайды екен… Көлеңкесіз дүние ғапыл екен. Көлеңкесіз ғұмырдан қашу үшін ғайып болғаның абзал. Қасіретті көлеңкенің айықпас лаңы да. Бұл фәни қымбат. Сосын да көлеңкеңді амалсыз сүйретіп-ақ жүре тұрғың келеді…
Аталмыш кітапқа «Құзғын тойған қыс», «Мұң перделеген терезе», «Бесінші «Б»-дағы Бетховен», «Көне сурет» хикаяттары мен «Көк автобустағы кішкентай жолаушы», «Қаңтардағы жылымық» әңгімелері кіріпті. Бұлардың денінде қазақ елінің соңғы жарты ғасырдағы басынан өткерген қилы заман, қиын кезеңдері суреттеледі. 1930-жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, атом бомбасының зардаптары, т.б. көкейкесті тақырыптар шығармалардың қызыл тініндей боп түзіледі. Жазушы сонымен бірге замандас бейнесін сомдауда қайғы мен қуаныш, арман мен үміт желілерін ажырамас ұғыммен үндестіре баяндап, көлеңкелі өмірдің шаттықты, сәулелі тұстарын мән-мазмұнмен даралай білген. Қандай бір ұтылысты да ұтысты, қапылысты да ұрымтал детальдарды күнгейлі, көлеңкелі бірегей сүзгілерден сынапша сұрыптап өткізіп, сапаластыра алуымен алуан қырлы шеберлік танытады. Қос параллель – тоғышарлық пен дарқандық, қысастық пен кеңдік, зұлымдық пен мейірімділік, аярлық пен адамгершілік, топастық пен елгезектік, т.б. қапталдас қарғыбаулы таңбалардың итжығысын көркемдік тезіне сала отырып, тіл сиқырымен бедерлейді. Бір жеңіліс, бір жеңіс. Тазарып, таңғажайып түрленіп қапысын таптым-ау дегенде, әттең, көлеңкелі сұлбаларға жан бітіп, ирелеңдей бастайды… Жазушы да жан иірімінің қақтығысына қапысыз түсіп кетіп, сөзбен паршаланып, жұлмаланып, жүдә, жауынгерлік әддімен, айла-тәсілмен жерден қиралаңдап, итініп тұра бергенде, уай, неткен ажырамас тіміскі «кескін» еді, көлеңке де бауырына кептеліп, кенет күш жиып, өзінің сүйеушісіне айналып, бар болмысын икемдеп, иектеп ала қойғанын қайтерсің. Бұл көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі? Өзінікі ме? Өзгенікі ме? Мүмкін, түзуі өзінікі, қисығы басқаныкі шығар? Қалай ажыратпақ? Міне, түрегелді. Бәрекелді! Мінсіз-ақ! Оу, сонда ілесе ербиген көлеңкеден нендей кемшін сезіледі? Байқайды, әйтеуір өзіне жақпайтын қылығы бар. Жаңа ғана іштей теке-тіреспен қырық қабақ боп, шатысқаны қайда! Сол мерездігін кешірер ме көлеңкесінің?! Кешірмейді! Бітті, енді оны қосағына ешқашан алып, ерітпейді. Дара соқпақпен – ақ жолмен өзі ғана жалғыз жүріп өтуге құмбыл. Бірақ… көлеңкеден ойыңды да, сезіміңді де жасыра алармысың, түге! Қашан құтылады? Көлеңкенің демі бар ма? Жүрегі ше? Ол тіпті, жымдасып біткен нақпа-нақ өзі шығар… Өзін өремқаптырмай, ербеңдеуден бір талмайтын шығар-ау, мына жымысқы түрімен?! Жазушы аңғарымпаздығы, түйсігі, сезгіштігі, көріпкелдігі, көнбістігі – осынша бесқаруымен сайма-сайланып «Көлеңкелер патшалығында» әрі-сәрі ойға кенелтеді. Құдай-ау, осы адамдарда не мін бар? Әлде көлеңкелері ғана кесірлі ме? Мына жалғанда адам болып қалудан асқан бақыт жоқтығын білсе де көлеңкелерсіз бірдеңесі жетіспей тұратындай елегізиді келіп. Бар кінә өзінен шығар, бәлкім, көлеңкесін дос еткен. Көлеңкесінен ажыраудың амалын қалай табады? Ол жағын шаранасында шырмалып жатып ойлануы керек еді. Күнәсіз шағында… Енді кеш шығар… Сірә, аса мінсіз пенде ғана көлеңкесіз болуы бек мүмкін… Бәлкім, періштеде ғана көлеңке болмайтын шығар…
Қаптаған көлеңкенің жыбыры «Құзғын тойған қыс» хикаятында жон арқаны құмырсқаша шағып, көңілді пәс етеді. Ақсирақ аштық. Билік бұғалығына аяусыз буынған тұтастай ауылдың күйреуі. Қаншама отбасы қолдан жасалған зобалаңға жұтылып кетті. Алтын білезігін қап түбіндегі арпаға айырбастап, үйдегі бала-шағасының қамы үшін жанын шүберекке түйіп, бұрқасында жолға түскен бейбақ ананың ізін аңдушы қапылыста оның алқымын саусақтарымен аяусыз сығымдап жіберіп, жанын қиды… «О, сұм дүние, істетпеген нең қалды!!!» – деп әлгі қанішер көлеңке боранға сіңіп бара жатты. Автордың осы төте соққан зауалдан зәрезап болған көңіл-күй шеменін шерлі шертуінде де астарлы мән жатқандай: «Әлде өксік, әлде зар – күңіренген дауыстың тарғыл-тарғыл жаңғырығын соңына ертіп, қараң-құраң теңселген көлеңкені қара түн лезде қылғып қойды…». Теңселген көлеңке! Тентіреп бір түйір дән іздеген көлеңке! Көлеңкенің иесі кім екен? «…жас келіншектің тарқатылған қолаң шашы аппақ қардың бетінде жайыла толқып, желбіреп жатыр». Марқұмның соңында қалған күйеуі мен баласын да қатыгез тағдыр аямады. Қаңғыбастар үйінің ауласына баласын тастап безген дәрменсіз әке көлеңкесі кешікпей айдаладағы шөмелені паналап, жығыла сүрінген еді. Ол бейбақ үсіп өліп, көлеңкесіз қалды… Үймелеген құзғындар көздерін ойып жеп, тояттанды. Қарқ-қарқ етіп қанаттарын ауыр қағып аспанға көтерілген құзғындардың қампиған қарындарының сұлбасы көлеңкесімен зорайып көрініп, зәре-құтты қашырды.
Ауыл басқармасының астына мінген атының жас тастаған тезегінен дән теріп жеп, әбден кенезесі кеуіп, құр сүйегі шодырайған бір топ адам кеңсеге кіріп, байбалам салды. «Тұнық суды лайлап отырған сендерсіңдер», – деп тап-тап берісті бастыққа. Жоғарыдан түскен астықтың аштан қырылып жатқандарға бұйырмай, мініс атының мелдектеп жемделуін саясаттың кертартпа салқынына сыйдырған олар «Тұп-тура Сталин жолдастың өзіне жазамыз», деп өрекпіп жатты. Сталин деп арқа тұта еңіреген, саудыраған тірі аруақтар ышқына шыға бастағанда сыртта әлдене көлеңкелер қараң-құраң етіп, жасырынып қалғандай болған… Кімнің көлеңкесі? Елеске оранған көсемнің көлеңкесі болып жүрмесін? Сондай көлеңкеден де әділдік, араша күткен байғұстар бастық атының ізімен тырбанып, аракідік тастаған жас тезектен дән шұқылап, ауыздарына салып жатты… Әне, маңайды аштық көлеңкелері бүріп, бүркемелеп, жалмап бара жатты.
Жазушы Тұрысбек Сәукетай психологиялық талдамалы туындылардың хас шебері ретінде танылып қалғандығын «Мұң перделеген терезе» хикаятында дара қолтаңбасымен дәйектеп беріпті. Бала Сұлтанның көзімен мына мұңды дүниеге зер сала қарап, өзіндік түйсігімен тұшынғысы келеді. Пердесіз терезеден өмір көлеңкесі онша аңғарыла бермейді екен-ау! Шаруашылық маманы неге қиырдағы шопан ауылына келгіштей береді?! Түнемелік жар жиегіндегі қаңтарылған арба әлдебір арсың-күрсің ентікпе қимылдан шатқалдан шоңқая құлағалы тұрғанынан сұмдық бір сыр түйген әкесінің жас келіншегі бар осы отбасынан күтпеген жерден ошарыла аттанып кетуінде нендей гәп бар? Басшының жымысқы, әдепсіз, әңгіртаяқ, ұябұзар оспадар кәззаптығына жүрегі шайлыққасын, көрсеткен наразылығы екен. Түннің қою тәніне де сондай күйелеш көлеңкелер өшпестей жара салып кететінін қайтерсің!
Бала Сұлтан кейбір адамдарды көлеңкелі мүсін, жасанды бейне ретінде қабылдай бастағанын аңғарады. Бауыры қатты сырқаттанып қалғанда ферма бастығының ауруханаға жеткізуге көлік бермей қоюын түсіне алмай әлек. Жап-жақсы, былайша жұртқа қадірлі басшының бұл мінезі бөтен біреудің көшірмесі сияқты боп көрініп, тіпті сол мейірімсіз кісіні сүлесоқ сүйретпе көлеңкеге теліп қойғаны есінде. Оны көре қалса сүйкімсіз біреумен – сезімсіз, селтеңбай көлеңкеге ұқсатып, жиіркеніп кетеді. Оның қатыгездігін өмірі ұмытпас… Әкесі мылтық кезеніп көндірмегенде, іс насырға шабар ма еді.
Аюдың қонжығын асырап алып, оны Әйәш деп атап, үйретінді қылғалы бері Сұлтанның өмірге аңғарымпаздығы еселеніп кеткендей еді. Ой-пой, балалар алдындағы беделі қалай өсті десеңші. Суқаны сүймейтін кейбір сүмелектерді қонжығының маңайына жуытпай қояды. Әсіресе Жұмашты ыммен-ақ тұмсықтан ұрғандай етіп, тұқыртып тастайды. Өзіне қарсы шығатын текекөзден өшін солай алып жүр. Ол да мың айлалы қу. Қонжығын бір қап мейізге айырбастап алғысы келген амалынан түк шықпады. Өшіккені ме, тәтті орнына бұрыш жалатып, қонжығын қорсылдатып, ұятқа батырғанын қалай ұмытар? Жауырыны жерге тимейтін Жұмашқа ызасы өтіп, бір қулыққа басты. Өзімен ойнап, ұстаса кеткен адамға атылып, жығып салып үстіне қона кететін әдет үйретті қонжығына. Бір жолы Жұмашпен әдейі жұмарласып айқаса кетіп, астына түсіп қалған болып еді, әлгі Әйәшің жалма-жан шалт қимылмен қарсыласын қағып жіберіп, езіп тастардай қонжия кеткені. Содан Жұмаштың әкесі қаһарына мініп кеп, қонжықты қақ маңдайдан атып тастайды… «…қызара балқыған Күн Әйәштің тамшы қанындай көкжиекке тамып бара жатты». «… Бірақ, мен (Сұлтан сөзі – Қ.Ә.) қазір кішкентай құм төбенің басынан, өзімнің еңбектеп шыққан Биігімнен осынау өзгермеген дүниеге өзгерген көзбен, өзгеше көңіл-түйсікпен қарап тұрмын». Көлеңкелі бейне есейіп келе жатыр-ау!
Суреткер Тұрысбектің тұрлаулы талантының алмастай жарқылы қай шығармасынан да гауһартастай көз арбайды. Идея мен көркемдіктің қабысуы, сюжеттік сарабдалдық, композициялық шымырлық, тілдік тереңдік қай тақырыпты да кестелі күйде алып шығуға көмектеседі. Жоқтан бар жасайтындай шеберлік қисынсыздан қиюлап ою-өрнек салады. Лағыл маржанға кім тамсанбайды. Көкірек көмбесіндегі білмекке бұлқынысты ширықтыратын әуестік шоғы отша маздап жөнеледі. Тәлім мен тәрбиенің, талап пен талғамның тепе-теңдігі бұзылса, сыңар ескекті қайықтай толқын жарып түзу жүзе алмайтын күйге түседі. Осындай күндіз-түні жүйкесін кеміретін күйкі тірлік уағыздарынан жас жүрегі шайлыққан мектеп оқушысы өмірге мәңгүрттей икемделіп кеткенін жазушының «Бесінші «Б»-дағы Бетховен» хикаятынан оқып біліп, алғашында күйреуік сезімге малтығып қалатынымызды жасырып қайтейік. Мұрат баланың Бетховен аталып кеткеніне ешкім пысқырып қарамайды. Әке-шешесі пианиноға таңып қойып: «біздің бала атақты музыкант болады» деп желдей ызылдап насихаттауынан дәнеңе өнбейді. Атасы ашынып айтатындай, жеті атасында жоқ ән-күйдің бұған ғайыптан қона қалуы екіталай-ау, сірә. Бірақ болмайтынды болдыртқысы келеді ата-ана. Діңкелетеді баланы. Мұрат бұл өмірде Мұрат болудан қалып барады. Оның қыр соңынан желімделіп Бетховеннің көлеңкесі сырғып жүр. Үйіне келген қонақтар ас-суды ішіп отырып мақтағанда жерге түсірмейді желпінтіп. Мұрат сонда өз көлеңкесі – Бетховенге қарап масайрайды дейсің. Өзін шын «бетховенше» сезінеді. Тыңдармандары алдамайтын шығар… Көлеңкесі де екіжүзділік жасамас. Себебі алдымен жан-жүрегіне жақыны да көлеңкесі боп кетті емес пе?
Мұрат бара-бара жетексіз өмір сүре алмайтындай күй кешті. «Көрген жұрт, «Па, шіркін, мынау пәленше-екеңнің баласы ма!» деп, таңдай қағатындай азамат қып өсіргісі келер, көкем мен апам. Қысқасы, мен олардың қиялынан құйылып шығуым керек!..» Осылай ойлайтын жеткіншек көлеңкедей ілмиіп, қасынан қалмайтын Бетховеннен кейде ақыл сұрағысы келеді. Қалай ұлы музыкант болмақ? Көлеңке мылқау. «Өзіңе ғана байланысты ғой» дегендей ишара жасайды… Түсініп көр.
Амалсыз өгей атасының бауырына тығылып, маңынан шықпайды. Көп бөлменің құйтақандайы ғана атасыныкі. «Мал дауысын естімесем күнім қараң қалар», деп кемпірінен айырылғасын қалаға зордың күшімен келген атасы алғашында «Түтін иіскемесем, өтім жарылып кетер» деп аулада от жағып отырыпты. Бірте-бірте көндіккендей. Бас жағында транзисторы қазақша самбырлап тұрады. Мұқабасы жұлым-жұлым «Батырлар жыры» жан серігіне айналған. «…кереуеттің үстінде көзін бір ашып, бір жұмып бүрісіп жатқан атама қарсы қабырғадағы суреттегі әжем жаулығы ағараңдап мұңая қарайды». О, бескүндік өмір! Кезінде көлеңкесіндей ербиіп жанынан қалмаушы еді ғой кемпірі… Енді сол көлеңкеге зар болып қалды ғой… Көлеңкесінің өзінен мейірімі төгіліп тұратын жарықтық-ай десейші! «Ал әжеңнің артында ұмытылмайтындай несі қалды?– деп Мұратқа сынай қарайтын атасы. – Қазан-ошақтың басында жыбырлаған бір қара кемпір өтті-кетті. Тек менің ғана есімде, тек менің ғана түсіме енеді. Ертең менің көзім жұмылса, еске алып, тым болмаса, жұма күні бірауыз аятын бағыштар кім бар?..». Иә, ол тұс Құранды арапша тақпақ деп, маңызын кемітіп түсінетін теріс заман еді ғой. Атасының болмысынан ғана имандылық елесі сезіліп тұратындай еді-ау.
Ессіз сүюдің не екенін Ахметхан деген жігіттің Айжан апасына ғашық болуынан түйсінетін күйге жетті Мұрат. Солардың арасындағы махаббат хикаятына қанық бола жүріп, талай қызық оқиғаға тап болды. Қараңғы түнде түзге шыққан мұны апасы санап, қапшықпен тұмшалап әйелдікке алып қашқаны бар. Ахметханның комсомолға өтердегі өлермендігі өз алдына. Комиссия бастығы: «Кімді сүйесің?», «Кіммен біргесің?» деп сұрайды. Устав бойынша, «Отанымды сүйемін, халқыммен біргемін» деп жауап беру керек қой. Ал Ахметхан болса қос самайынан «бетім-айлап» тұра қашқан терді жеңімен бір сүйкеп алады да: «Мен… Мен Сәрсенбаева Айжанды сүйемін!» – деп төбеден ұрғандай қойып қалады. Сол Ахметхан өзінің әскери борышын өтеп жүріп ерлікпен қаза тапқанын естігенде Айжан апасы есінен танып кетті. Сүймейтін секілді еді, сүйеді екен!.. Бұл қайғы Бетховен-Мұратты шерімен толқытты. Төргі бөлмеге кіре сала пианиноға жармасты… Көлеңкесі емес, дәп Өзі әлдебір мөп-мөлдір мұңды әуенді дірілдетіп қалықтата бастаған секілді!..
Туындының ғұмыры оның көкейкесті мәселені адам жанының не сан қатпарларын қамти отырып, шеккен моральдық азабының өтеуіне сай іс-қимыл полотносын жасауына қаншалықты байланысты екенін түйсінген абзал. Сыдырта баяндаумен бықсыған шала шоқ оқырманның жанын жылыта алмайтыны кәдік. Нақтылық көркемдіктің шарты болмағанымен, қасаңдықтан, сенімсіздіктен арашалап қалар фактілер жиынтығы ретінде жазушының өзгеше шешіміне жан бітіретін дәлдік синонимі. Осы реттен келгенде қаламгер Т.Сәукетай талантының өткір сәулесі «Көне сурет» хикаятында алмастай жарқырайды. Трагедиялық сюжет жүрекке салмақ салады. Екі баласын соғыс жұтып, енді кенжесі Ақжанды отыз жыл бойы күтіп жүрген Күлиман ананың ыстық мейірімі мен шексіз қажырына қайран қаласыз. Ана үміті үзілмейді екен. Үмітпен белін байлап өткізген осынша қаралы жылда ол жарықтық көрмеген өмір құқайы жоқ шығар. Ауылдастарының «қара қағазды» жасырып келгенін өз құлағымен кейін есіткен бейбақ қапыда жантәсілім етті. Күні кеше ауылда жауынгерлерге орнатылған ескерткішті менің Мақсұтымның бейнесі деп, дәлелдемек болған шарасыз кейуананың соңғы үмітін әлдебір оспадардың тосыннан айтылған бүкпесіз шындығы қиып жіберіп еді… Енді жер басып неге жүреді, құдайым-ау?! Қозы-лағы мен мысық-күшігіне дейін кенжесі Ақжанның есімімен атап, өзін-өзі алдарқатқан опасыз тірлік, бір-ақ сәтте жалп етіп өшті… «Иесін жоқтап маңыраған «Ақжан» қозының, мөңіреген «Ақжан» бұзаудың, ұлыған «Ақжан» күшіктің зарлы үні күркіреп өткен сонау бір сұрапыл соғыстың жаңғырығындай өліараның қара түнін күңірентіп тұр», деп күрсініспен тәмамдалыпты хикаят. Соғыс көлеңкесін ғұмыр бойы серік еткен зарлы да шерлі ананың қайғысын ешкім көтере алмас еді… Нендей салмақты да Ана белі қайыспай көтеріп алады екен-ау!..
Балауса өмірдің қисынсыз қылықтары мен қауесетті қатерлерінің жас жанды жаншитын салмағы («Көк автобустағы кішкентай жолаушы»), ұстанымсыз күн кешудің келеңсіздіктері («Қаңтардағы жылымық») осы әңгімелерде шеберлікпен өрілген. Тәтті сағыныш, мұнартты мұң, селкеусіз үміт-арман, келешекке талпыныс, өтпелі өкініш сананы қалай сарғайтатынын саралайсың. Соңғы әңгімедегі мына эпизодқа қараңызшы: «Айтар сөздерін саптап, қабақтарына қайғының бұлтын ұялатып үйге таяп қалған кезде, алдарынан біреу шығып: «Ойбай, әкесі емес, бастықтың өзі өліпті!» дейді. «Е, ендеше несіне барамыз!» деп жұрт тарап кетіпті…» Неткен сұмдық! Ылғи бір жапырылған жалбақпай көлеңкелер көңілді құлазытып жібереді.
…Сонымен, «Көлеңкелер патшалығына» сырғытпа саяхатымыз аяқталып та қалыпты…
Қазақ прозасының тұншығып барып-барып, демін тереңнен алып, ауыр күрсініс, шадыман шаттықты төңкерісті кезеңінің – Тәуелсіздік тамырының тереңге салуының шоқтықты асқарындай болып «Айқараңғысы» романы қоғамымызды елең еткізгені бар. Бұл – сипаты ерен, табиғилығы басым, намыс найзағындай, жасындай жарқылды роман «соңғы жылдары соқталы дүние тумай кетті» деген орынды алаңдаушылықты сабасына түсірген, мықты суреткерліктің жемісі боп саналатын көптомдықтардың беташары іспетті салиқалы дүние. Яғни, Тұрысбек Сәукетайдың қазақ әдебиетіндегі жаңашыл жазушы екендігін нақтылап, бастамашыл рөлін орнықтыра түсетін айғақты мысал осы туындысы еді. «Қилы тағдыр» романдар топтамасының бірінші кітабы болып есептелетін «Айқараңғысы» кең пішілген ойлы жобаның ерекше жаратылысты, торсық шеке тұңғышындай әсерге бөлейді. Оқырмандар пікіріне сүйенсек, шынында да бұл роман заманның ең ауыр қасіретнамасын қайғы жұта отырып, қан жылата жырлауымен, өрт шалған намыстың өртеңдегі өскіндей қайта тіріліп, желкілдей көктеп, жайқала көтерілуін, қасиетті де қаһарлы ар-ожданның ұлттық шарыққа алмастай боп қайта қайралуын көркемдік, азаматтық, еркіндік, жанкештілік пафоспен биік тұғырлы етіп, тарих тылсымының базисіне тұлғалы күйінде, болаттай берік қондырылған туынды. Бұл кітапты оқи отырып, Желтоқсан көтерілісіндегі әділдік пен бостандықты ту еткен қайсар мінез жастардың пассионарлық адуанының мұқалмасына, діттегеніне жетпей қоймайтын жаужүрек, қопарылмалы қимыл-әрекетіне тәнті бола түсесіз.
Бұл роман туралы кезінде Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов тұщымды пікірін білдірген еді. «Айқараңғысын» қазақ әдебиетінің ХХІ ғасырдағы мол олжалы туындысы ретінде бағалады. «Айқараңғысы табиғаттың өз түзілуінде таңғажайып өзгеріске түсетін, тартылыс әлемінің әлеуеті одан бетер күшейіп, соны сипатқа – жаңа ай тууының сәулелі сатысының басталар тұсындағы өзгеше түлеп, түрленуге дайындық жүргізіліп жататын ауыспалы кезеңі ғой. Ендеше мына Тұрысбектің «Айқараңғысы» романы да қызыл биліктің эволюциялық бағынышты дамуының шынжырын бытырлата үзіп, еркіндікті аңсаған буынның төңкерісшілдікке саналы түрде баруын барынша көркем әрі шыншылдық тұрғысынан шежірелеп берген өте құнды туынды дер едім. Бұл романның ғұмыры ұзақ боларына сенемін. Және Тұрысбек Сәукетайды қазақ романистерінің беделді тұлғасына айналуымен шын жүректен құттықтаймын», деген Ә.Нұршайықов пікірі біраз жайтты аңғартса керек. Естіген құлақта жазық жоқ, Әзағаңның: «Тұрысбек бауырым осы романымен классикалық дүние жасады. Бұдан әрі жазбаса да осы «Айқараңғысымен» қазақ әдебиетінің тарихында қалар еді», деп ағынан жарылғанының куәсі болған едік.
Сондай-ақ белгілі жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыштың берген бағасы да елеулі: «…Бір оқиғадан екіншісі салалап туындап жататын сюжеттік желілер, саяси мәселелерді өзек еткен әлеуметтік-имандылық тартыстары. Қанық суреттермен, соны детальдармен сырт келбеттері де, ішкі әлемдері де айқындалып қалатын толымды персонаждар. Ал осы көркемдік болмысты өрістетуге полигон рөлін атқарып отырған тақырып – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Осынау тарихи мәселенің төңірегінде топтастырылған көркемдік кешендер шоғыры аталған романды елеулі деңгейге көтеріп тұр».
Иә, бұлар субъективті пікір десек те, қалың оқырманның туындыны оң бағалап жатқанын ескермеуге тағы болмайды. Бұл роман тарих сахнасына шыққан нақты тұлғалар мен әдеби кейіпкерлердің жан-дүниесіндегі санқилы сапырылысқан сезім-күйлердің мейлінше шынайы бейнеленуімен құнды. Оқиға алаңы – әр оқырманның іс-қимыл аламаны дерліктей боп, баршасын рухани жымдастырып жібереді. Ертеңгі тәтті арман мен жарқын болашақ жолындағы егес пен күрестің бел ортасында өзіңіз жүргендей қаныңыз қайнап, жаныңызды ел мүддесі үшін шүберекке түйіп тастайсыз. Композициялық түзілім мен суреткерлік тәсілінің саналуандығы һәм серпінді тіл нақышы шығарманы дәстүрлі қазақ романдарынан оқшаулап, бағын асырып тұрғандығын және мойындауымыз керек. Ал бұл романда Желтоқсан көтерілісі көлеңкелерінің де қою, баттасып жағылған тұстарын аңғармау еш мүмкін емес. Көлеңкелер сейілгенде, көп тұлғаны жыға танып, бетті басқан хал кештірді-ау!.. Сөз құдіреті осы болар! Жазушы шеберлігінің ұшқыны шымырлап бойға жайылады. Талантты, іске деген сүйіспеншілігі ересен жазушыға үлкен мұратты жолда ешнәрсе кедергі бола алмайтынына көз жете түседі. Солай болыпты. Ай қараңғысынан соң да маңайын сүттей сәулеге орап, қасиетті сұлу Ай өзіне назар аудартып, салтанат құрмайтын ба еді…
Балпанақтай ірі, іргелі туындылардың балапандай нәзік ізашарлары болуы заңды құбылыс. Тұрысбектің «Сүт кенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар» прозалық кітаптары қалыптасу үстіндегі таланттың көркемдік әлеміне тыңнан түрен салған бақ-таланды туындылары. Одан бергі «Жанартаудың жалыны», «Шаңырақтан түскен күн» хикаяттары мен «Желқайық» сияқты кең тынысты романы байыпты прозаның сенімді сарбазын көзге елестетеді. Сондай-ақ талғампаз аудармашы көптеген шетел прозашыларының туындыларын иін қандыра тәржімалап, 200-ден астам көркем фильм сценарийлерін қазақшалады. Ал «Көне дүние кемеңгерлері» атты әпсана-эсселер кітабы індете дерек жинап, еркін баяндауымен қызықтырып, ынтықтыра тартады. Оның қаламының ұтырлы қуатынан шынайылықпен суарылған шығармалар туралы әр кезеңде Ғ.Қайырбеков пен М.Мағауин, Р.Тоқтаров, т.б. әдебиет білгірлері жылы лебіз айтып жүрді. Замандасы, қайнарлы ақын Қорғанбек Аманжолдың жазушы Тұрысбек Сәукетайдың суреткерлігі хақындағы ой-толғаныстары өз алдына өркештеніп тұрады. Мұндай жарияланымдардан оқырмандарының сүйіктісіне айналған жазушының әр қырын жетік танып-білуімізге көп мүмкіндік ашылады екен. Дегенмен, Тұрысбек шығармашылығы туралы кәсіби сыншыларымыздың кең толғап, көсіле айтар сөзі әлі алда екеніне бек үміттіміз.
…Құнды сөз құнарлы ойдан туады. Тұрысбек – ойшыл жазушы. Оның шалқар ойын кестелі тілі өрнектеп байытып, келіскен көркемдікпен кемелдендіре түседі. Бұл, міне, даралық! Ой дарқандығы! Асылы, қолтаңбасы бөлек суреткер уақыт сынына берік.
…Ал өмір бар жерде көлеңкелер өшпейді. Шамның жарығы түбіне түссе, қаламның көлеңкесі кеңістікке шашырап, ойды шиырып, ширықтырады!
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
Астана – Алматы.
––––––––
Суретте: Тұрысбек Сәукетай.