Осының алдында, яғни 2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес Nur Otan партиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тиісті құжаттарын тапсырған болатын. Онда Nur Otan партиясы жоғары органының Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші, өмірбаяндық деректері, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері және мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар болды.
Бұл құжаттардың бәрі талапқа сай болғаннан кейін лингвистикалық комиссия мүшелері заңға сай кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсіміне кірісті. Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін алдымен лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу беріледі. Одан кейін лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын баспа мәтінін оқу ұсынылады. Ал лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа сай көпшілік алдында сөз сөйлеуге кемінде он бес минут уақыт беріледі.