Мәселен, Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғындары осы күнге дейін ауыз сусыз отыр. Тұрғындар есік алдындағы құдықтан шыққан лай суды тұндырып, ішіп отырғанына ширек ғасыр асқанын айтады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері су мәселесін шеше алмай келе жатқан аудан орталығындағы 30 мыңнан астам халық жақсылықтан үмітті. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылы халқының ауыз суға қатысты жанайқайы да 7-8 жылдан бері толастамай келеді. Мұндай ауылдар Әулиеата өңірінде жетерлік. Мәліметке сүйенсек, 373 ауылдық елді мекеннің 199-ы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған екен. Ал 171 ауыл орталықтандырылмаған сумен, 3 ауыл тасымал сумен қамтылған.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы биыл Тараз қаласында 89,3, Қаратау қаласында 100, Жаңатас қаласында 100 және Шу қаласында 60,0 пайыз халық орталықтандырылған сумен қамтылғанын растайды. Дей тұрғанмен, өңірде ауылдарды ауыз сумен қамту деңгейі қандай және аталған мәселе төңірегінде нендей жұмыс атқарылып жатыр?
«2021 жылы Тараз және Шу қалаларының тұрғындарын 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланған. Қала және аудан басшылары қамтылмаған алқаптарға жобалар әзірлеп, осы нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстарды ұйымдастырулары қажет. Қазіргі кезде сараптама қарауындағы Шу қаласының 7 мыңнан астам халық тұратын «Қосқұдық» алқабының су беру жүйелері жобасына оң қорытындыны алуы қажет. Оның құны шамамен 300 миллион теңгені құрап отыр. Осы жоба іске асырылған жағдайда Шу қаласы тұрғындарының 77 пайызы орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізеді. Өткен жылы аудандардағы 19 нысанның құрылысы және 13 жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуіне бюджеттен 8,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 8 нысан 2017 жылдан бері өтпелі болып есептеледі. Ал 17 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге, 2 нысанның құрылысына және 13 жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінді», дейді басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров.
Ауыз су талай елді мекеннің басты мәселесіне айналғаны шын. Алайда түйіні тарқамаған мәселемен қатар, көңіл қуантарлық көрсеткіштер де бар. Жамбыл ауданының Пригородное, Тоғызтарау ауылдары, Қордай ауданының Ауқатты ауылы, Талас ауданының Қызыләуіт ауылы, Байзақ ауданының Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдары, Т.Рысқұлов ауданының Луговое ауылы және Шу ауданының Д.Қонаев ауылдарының тұрғындарына ауыз су берілген. «Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған 199 ауылдық елді мекен ішінде тұрғындар саны 362 729 адам болып отыр. Оның 144 ауылында халық ауыз суды тәулік бойы пайдалануда. Ал 55 ауылында су кестемен беріледі. Былтыр 65 ауыл суды кестемен пайдаланған болатын, оның ішінде 9-12 сағаттан суды 19 ауыл пайдаланған болса, қазір 55 ауылдың 27 ауылы 12 сағаттан пайдалануда. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғаса береді», дейді басқарма басшысы.
Ал судың кестемен берілу себептеріне келсек, су беруші мекемелер осы арқылы электр қуатын үнемдейді екен. Суды тәулік бойы беру мекемелер үшін тиімсіз болғандықтан, бұдан басқа тарифтерді тиімді ету мақсатында облыста «Тараз су» мекемесі негізінде бірыңғай оператор құру бойынша шешім қабылданған. Аталған мекеменің директоры Марат Смайловтың айтуынша, кәсіпорын 70-тен астам арнаулы техникалармен жабдықталған, білікті мамандары да жеткілікті. Енді мекеме осы мүмкіндіктерді аудандар аумағында пайдалана отырып, ауылдық елді мекендерді сумен қамту жұмыстарын дұрыс жолға қоюды жоспарлауда. Бұл бір күннің шаруасы болмағанымен, ауыл тұрғындарының мәселесін оң шешуге ықпал ететіні белгілі. Алайда, Н.Алдамжаров аудандарда сумен қамту саласында жұмыс істейтін коммуналдық кәсіпорындар техникалармен толық жабдықталмағанын, мамандар тапшы екенін, сондықтан да көбісі шығынмен жұмыс істейтінін айтып өтті.
Бүгінгі таңда аталған салада ауылдық елді мекендерді сумен қамту саласына халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция тарту мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі кезде «Тараз су» мекемесі Еуропалық қайта құру және даму банкімен 2015 жылдан бері келісімшарт бойынша жұмыс істеуіне байланысты, аталған қаржы ұйымының келісімін алуға хат жолданыпты. «Осы бірыңғай оператор құруды ұйымдастыру жұмыстарына Тараз қаласы және аудан басшылары белсенді түрде атсалысулары қажет. Өйткені кәсіпорындар жұмысын тиімді және пайдалы жүргізу ең басты мақсат», дейді Н.Жанұзақұлы.
Дегенмен, өңірде ауылдардағы ауыз су мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Айталық, 2019 жылға республикалық бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту саласы бойынша 2 жобаға 650 миллион теңге, ал ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға 10 жобаға 3440 миллион теңге бөлінген. Осы жобаларға облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 10 пайыз көлемінде қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейін облыстағы 209 ауылды орталықтандырылған сумен қамту көзделуде.
Басқарманың мәліметінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2019-2021 жылдары ауылдарға ауыз су тартуды қаржыландыру мақсатында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының сумен қамту жүйелері жобасы бойынша құны 3,8 миллиард теңге, Сарысу ауданының Игілік және Өндіріс ауылдарына 705,9 миллион теңге, Талас ауданы Майтөбе ауылына 331,5 миллион теңге, Мойынқұм ауылының Қылышбай ауылы 413,8 миллион теңге сумен қамту жүйелері құрылысы жобаларына бюджеттік өтінім тапсырылып, биыл жұмыстарды бастауға 4 ауылға 723,5 миллион теңге бөлу қолдау тапқан. Ендігі жерде тұрғындардың ауылды жерлердің ауыз су мәселесі біраз болса да шешімін табады деген үміті бар.
Жамбыл облысы