Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Қарағандыда «Ғасырдың биік тұлғасы» атты көрме өз жұмысын бастады

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Ғасырдың биік тұлғасы» атты көрме өз жұмысын бастады.

Қарағандыда «Ғасырдың биік тұлғасы» атты көрме өз жұмысын бастады

Осы шараға орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қазақ ғылымының темірқазығы» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Баянауыл және Жезқазғаннан келген қонақтар, Қаныш Сәтбаевтың ұрпақтары, ЖОО ғалымдары мен оқытушылары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және «Орталыққазжерқойнауы» геологиялық мұражайының қызметкерлері қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Арстан Ғазалиев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов ғұлама ғалымның мерейтойы аясында істеліп жатқан игі шаруалар турасында әңгіме қозғап, Қаныш Имантайұлының қазақ халқына сіңірген еңбегінің мән-мағынасы мен қадір-қасиеті уақыт өткен сайын арта түсетінін атап өтті.

Сондай-ақ, шара аясында тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының алдына  Ұлытау ауданындағы орман шаруашылығынан жеткізілген үш қайың көшеті отырғызылды. Оның біріншісін Баянауылдан келген қонақтар мен ғалымның туыстары отырғызса, екіншісін Ұлытау мен Қарсақбай тұрғындары екті. Ал үшінші қайың көшетін отырғызу қарағандылықтардың еншісіне тиді.

«Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесінің Жезді кентінде орналасқан М. Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы мен академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Көрмеге қойылған 200-ден астам экспонаттың арасында ертоқым, киім-кешек, минералдар коллекциясы, сондай-ақ ғалым-геологтың ғылыми жұмыстары, қолжазбалар мен марапаттары, академиктің домбырасы, фотоматериалдар, кітаптар, шапан, Жезқазған мысы сияқты жәдігерлер бар. Сондай-ақ, экспозиция сөресінен Әлкей Марғұланның ғұлама ғалым үшін арнайы тапсырыспен жасатқан мылтығы да орын алған. Ә.Марғұлан қаруды мұражайға 1999 жылы тапсырыпты.

 Маңызды мәдени шараның соңына таман академик Қаныш Сәтбаевтың туысы Күлтай Баязитқызы тарихи-өлкетану мұражайының ұжымына әулет атынан алғыс айтты.

«Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесі сәуір айының 30-на дейін жалғасады.


Қарағанды облысы