24 Сәуір, 2019

Жастар мәселесін жаппай жұмылып қана шеше аламыз

2921 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жастар – біздің болашағымыз. Елбасының халыққа жолдаған әрбір Жолдауында келешегіміз жас ұрпақты білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің жолдары көрсетіледі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жас шетелдерден білім алып, еліміздің алға дамуына өз үлестерін қосуда, жүздеген жас шетелдерде білім алуда.

Жастар мәселесін жаппай  жұмылып қана шеше аламыз

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды еңбек нарығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуы­на, бас­па­налы болуына байланысты нақты тап­сырмалар берді. Олардың бәрі жас­тардың жағдайын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жас­тар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы бойынша 80-нен астам іс-шара өткі­з­у­­ге 130 млрд теңге­ге жуық қаржы бө­­­лін­ген. Жұ­мыс­сыздықты азайту мақ­­са­тында «Жас маман», «Жас кə­с­іп­­­кер» бағ­дарламаларын жүзеге асы­ру қарастырылып, 100 қа­жет­ті маман­дық бойынша мамандарды да­йын­дау жоспарлануда. Жастар жы­лында жастарды тұрғын үймен, жұ­мыспен қамтамасыз ету, білімді, волон­тер­лікті, ғылыми гранттарды дамыту, жас­тардың əлеуметтік белсенділігін арт­ты­ру жəне жас отбасыларды қолдауға басымдық беріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жас кəсіпкерлерге қосымша гранттар бөлу, «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген ма­ман­дар­­ға біржолғы жəрдемақы мөл­ше­­рін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұл­ғай­ту жəне мемлекеттік қолдау шара­ла­ры көрсетілетін мамандықтардың тізі­­мін кеңейту жəне басқа да тың жоба­лар іске асырылады. Нұр-Сұлтан, Ал­маты жəне Шымкент қалаларында жұ­мыс істеп жүрген жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың пəтерлік жалға бері­­летін үй салынады. Жастардың про­б­лемаларына назар ауда­ру бір жыл­­­мен ғана шектеліп қалмайды. Заң­на­­маға өзгерістер енгізу, бюджеттен қара­жат бөлу, инфрақұрылымды дамы­ту мәселелері шешілуі керек. Биылдан бастау алған жас­тар­ды жұмыс­пен, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кəсіп­кер­лі­гін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шара­лары кейінгі жылдары да жалғаса беруі тиіс.

Елімізде жастар саны 4,3 млн немесе халқымыздың 23,8%-ын құрайды.

 Ал қазіргі таңдағы Қазақстан жас­тарының қалыптасуы елімізде жүр­гі­зіл­ген саяси-экономикалық реформалар кезеңіне тура келді. Еліміздегі тари­хи өзгерістер жас­тарға өз тағдырын өзде­рінің шешуі­не, жас Қазақстан мем­лекетінің ірге­тасын қалап, оны өркен­де­туге өз үлес­терін қосып, өздерін көр­се­­туге мүм­кіндік берді. Бүгін әр жас қа­­зақ­­стан­дықтың алдында «мен мына жаңа қоғам­нан өз орнымды таптым ба?», Ұлы Абай айтқандай, «бір кірпіш болып қалан­дым ба?» деген заңды сұрақ тұр. Жастарды тәрбиелеуде қоғам­ның бар күш-жігері жас ұрпақты отан­сүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбие­леу­ге бағытталуы керек. Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік ті­регі. Сон­дық­тан халқымыз ұрпақ тәр­биесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. Мемлекет тарапынан білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөлініп келеді. Алайда жастар саясаты, жастармен жұмыс істеу айтарлықтай дәрежеде емес. Еліміздегі жастардың белсенділігі негізінен саяси науқандар кезінде ғана (сайлауалды үгіт-насихат, флеш-моб, партияның форумдары және т.б.) көрініс табады. Ал жастар арасында проблемалар жеткілікті. Атап айтсақ, олардың арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарында. Жастардың ажырасу фактісі бойынша да біз осы «үздік» ондықтамыз. Мектеп жасында жүкті болып қалатын қыздарымыздың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жастар арасындағы қылмыс статистикасы да өршіп тұр.

Әрине, жастар ұйымдары бұл проблемаларды өздері ғана шеше алмайтыны анық. Бұл мәселелермен бүкіл қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ал жас­тар ұйымдары болса, жастар мен би­лік арасындағы «алтын көпірдің» рөлін атқа­руы тиіс. Енді осы ұйымдар өз міндеттерін толық атқарып отыр ма? Жастар ұйымдары жұмыстарының сапасы қандай? Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар ұйымдары ұран­шыл, нау­қаншыл болып барады. Өздері кө­терген бастаманы тиянақты орын­даудың орнына, оны ұрандатып, нау­қан­шылдыққа айналдырып жіберу жиі кездеседі. Соңында сол ұрандатып бас­та­ған жұмыстарының нәтижесіз аяқ­талғанын өздері де сезбей қалады. Өйт­кені екінші бір идея көтеріліп, бәрі соның артынан тағы да ұрандатып кетеді. Жастарға келіп-кетер пайдасы шамалы осындай іс-шаралар жылда қайталанып жатады. Мұндай нәтиежесіз, пайдасы аз жұмысты көріп отырған жастардың белсенділігі төмендейді, немқұрайлылыққа салынады. Жастар ұйымының жұмысын жандандыру үшін бұл ұйымдарды, өздерінің арасынан шыққан нағыз интеллектуал лидерлер басқарулары керек. Егер жас­тар ұйымдарының басшылары ашық бәсекелестік – сайлау жағдайына келмей, тамыр-таныстықтың қолдауымен тағайындалса, ол қалай лидер болады? Сондықтан меритократия, әділетті сайлау принциптері әуелі осы жас­тар саясаты саласында енгізілуі тиіс. Әрине, жастар ұйымдары түк істемей отыр деп айту үлкен қателік. Жастар арасындағы өзекті проблемаларды шешуді жастар ұйымдарының мойнына артып қою да дұрыс емес. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жа­у­ап береді. Мұнан кейін мектеп. Әрі қарай идеологиямен айналысатын мемлекеттік органдар бар. Міне, осы тараптар бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болады.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Соны­мен бірге қазіргі заманда «Ел бола­мын десең экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі бүгінгі экран – осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын әрқайсымыздың тілі шыға бастаған сәбилерімізден бас­тап жүз мыңдаған адам теледидар алдында отыр. Олар атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильм­дерді көріп тәрбиеленуде. Ұрпақ тәрбие­леу­де­гі көгілдір экранның қуатын, күшін, бұқаралығын жастарымыздың санасын тәу­ел­сіз елдің азаттық рухында, руха­ни адамгершілікке, имандылыққа, пат­риот­­тық сезімге тәрбиелеуге толы­ғы­­мен пайдалана білуіміз керек. Осы орайда жастардың көкейкесті мәсе­лелерін зерттеп, талдап, оларды адам­гершілікке, отансүйгіштікке, иман­дылыққа, қазақстандық патриотизм­ге тәрбиелейтін республикалық, мемле­кет­тік телеарна, газет-журналдар керек. Жастар тәрбиесінен қаржыны аямаған жөн.

Жастарды толғандырып жүрген мәсе­ле көп. Олар жұмыссыздық, баспана, білім алу, саламатты өмір сүру, т.б. Әрине, нарықтық экономика кезінде әрбір адам өзінің келешегін, өзінің жағдайын өзі жасауға әрекеттенуі қажет. Дегенмен, мемлекеттің қатысуынсыз жастар проблемасын шешу қиын. Бүгінде, жастар саясатының негізгі мәселесі – оларды жұмыспен қамту. Мәселен, жыл сайын елімізде орта мектепті 120-130 мың жас бітіреді. Қазіргі уақытта шама­мен 300 мыңға тарта адам немесе жастардың 9%-ы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Ал 2018 жылы елімізге шетелдерден 59,8 мың шетел азаматы келіп жұмыс істеген. Соның 57%-ы өз елімізден-ақ табылатын жұмыскерлер. Елбасы Жолдауында айтылғандай, бізде жұмыссыздық емес, жұмыскерлер жоқ. Республикада кәсіби жұмысшының 2 маманына 10-12 жоғары білімді маман даярланады. Ал экономикамыз қосымша 100 мың кәсіби жұмысшыны қажет етеді. 

Елбасының Жастар жылына байланысты тапсырмасында айтыл­ған­дай, елімізде «Жас кәсіпкер» бағдар­ламасы арқылы жыл сайын 100 мың жұмыссыз жасқа кәсіби-техникалық білім беріп, жұмысқа орналастырып, шағын бизнеспен айналысамын деушілеріне арзан, ұзақ мерзімді шағын несие беру мәселесін шешу керек». Бұл бағытта «Даму» қоры мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан жастарға арналған арнайы арзан, қолжетімді несиелер квотасын қарастырған жөн. Жұмыс берушілер жастарды жұмысқа қабылдауда еңбек өтілі барларын таңдайды. Бұл мәсе­ле­ні ұжымда тәлімгерлік мектебі тәжіри­бе­сін енгізу арқылы жастарды жұмысқа бейім­деп, тәрбиелейтін тәлімгер маман­дар­ға мемлекет есебінен қосымша ақы төлеу арқылы шешуге болады.

Ең қи­ын да қа­жет­ті мә­се­лелердің бірі – бас­­­­па­на мә­се­­лесі. Жас­тар үйленген соң бас­­пана болмаса, қайда барады. От­басы берік болса, мемлекет те бе­рік, мықты болады. Ал отба­сы­ның беріктігі, тату-тәтті өмір сүруі баспанаға байланысты. Жас­тардың бас­панасының шешілуі елі­­міз­дегі демография мәселесіне де ті­ке­лей ықпал етеді. Жастар жылына бай­ла­­нысты еңбек етіп жүрген жас­тар­ды бас­панамен қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 1000-нан кем емес пәтер берілетін болды. Бұл – өте дұрыс шешім. Соны­мен бірге «7-20-25» бағдарламасын жастарға бейімдеп, оның бастапқы жарна­сының көлемін түсіру жастар үшін қолай­лы болар еді. Ал қала мен ауыл жастарына жеке тұрғын үй салу үшін 0,10 га жер телімі мен арзандатылған несие беру баспанамен қамтуды тез шешуге ықпал етер еді. Сондықтан Үкімет жастардың баспана мәселесін шешу жолдарының тиімді механизмін нарық жағдайымен үйлестіре отырып ұсынуы керек.

Жастар проблемасын, жастар тәр­бие­­­­сін бір басқарманың, бір ведом­ст­во­­ның, бір министрліктің мәселесі ре­­тінде қарауға болмайды. Жастар сая­­са­тына қатысты бірнеше ведомство мен министрлік бар. Олар жұмыс жос­­парларын орталықтан бастап, облыс, қала, аудан, ауылға дейін келісіп, бір­лесіп үйлестіріп отырулары керек. Ішкі саясат, отбасы, балалар және жас­тар іс­те­рі, білім басқармалары, тағы басқа осы салаға қатысы бар мекемелер өзара бірі­гіп шешетін мәселелерді нақты анықтап алуы қажет. Өкініштісі, қазір бізде нәтижесі нақты өлшенбейтін, ешкім жауап бермейтін шаралар көп. Мәселен, Түркістан облысының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының 2018 жылғы шығыстары 613 млн теңге екен. Одан бөлек, Ішкі саясат басқармасының бюджетінде де миллиондаған қаржы түрлі тәрбие беру, насихаттау шараларына жоспарланған. Нәтиже қандай? Оны ешкім айта алмайды. Өйткені, бізде жұмсалған ақшаның нәтижесін өлшеу тәжірибесі жоқ. Менің ойымша, жастар саясатына, жастар проблемасын шешуге деген көзқарасты түбегейлі қайта қарап, өз­герту қажет. Әрбір тең­ге­­нің нәтижесі нақты өлшенетін инди­ка­торларға негізделген болуы шарт. Жыл бойы әр іс-шараның нәтижесіне бақы­лау жүргізіліп, тиісті адамдардың жауап­кершілігі сұралып отыруы керек. Жақсы нәти­жеге жеткендерді марапаттап, қаржы­ны тиімсіз жұмсағандарға тиісті шара­лар қарастырылуы керек. «Мем­ле­кет­­тік жастар саясаты туралы» Заңның орындалу барысына терең талдау жасап, бүгінгі күннің талабын ескеріп, заңды жетілдіре түсуіміз қажет. Бізге заман талабына сай, сілтемелері аз, тікелей жұмыс істейтін заң керек. Сонымен бір­ге жастар саясатымен айналысатын министрліктер мен ведомстволар және барлық деңгейдегі әкімдіктер мен мәс­ли­хат­тар өз құзырлары шеңберінде жастар проблемаларымен тиянақты түрде айналысулары қажет. Қала, аудан, ауылдарда балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік құрылымдар, аула клубы, спорт алаңдары мен стадиондар, клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмыстарын жандандыруымыз керек. 

Қорыта айтқанда, біз өз елін сүйе­­тін, қорғай­тын, салт-дәстүрін құр­меттеп, түп-тамырын, тарихын, әдебиеті мен мәдение­тін, тілін терең білетін, онымен мақтанатын, өзге елдің азаматтарымен бәсекеге ба­рынша қабілетті, терең білімді, мә­дениетті, денсаулығы мықты, өзін өзі сыйлата білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек.


Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері