Руханият • 24 Сәуір, 2019

«Сәтбаев оқулары» өтті

1166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте жас ғалымдар, студенттер, магистранттар мен мектеп оқушыларына арналған «ХІX Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

«Сәтбаев оқулары» өтті
Университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Нұрлан Ержановтың айтуынша, аталған ғылыми конференцияның халықаралық мәртебеге ие болуы университет үшін зор мақтаныш. Қаныш ағамыздың жолын қуған жастар жыл сайын 12 сәуірде дәстүрлі түрде жиналып, ғылыми мақалаларын қорғайды. 

Биыл конференцияға 2 мыңға жуық ғылыми мақала келіп түсті. Ғылыми конференцияның жұмысы «Қ.Сәтбаев және оның білім беру мен ғылымдағы рөлі» атты тақырыптан басталып, филология, тарих, өлкетану, философия, саясаттану, математика, информатика, экономика, медицина, ауыл шаруашылығы, мәдениеттану, педагогика, этнология және басқа бағыттар бойынша жалғасын тапты.

Ғылыми шараға облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. Университет ректоры Гаухар Ахметова қатысушыларға сәттілік тіледі. Университет ғы­лы­ми орталығының хабарлауынша, кон­фе­рен­ция­ға Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Орал, Тараз және Ресей қалаларынан 1500-ден астам мақала келіп түскен.

Ғылыми материалдар бойынша 22 том жинақ басып шығарылды.
Университет өткізіп келе жатқан «Сәтбаев оқуларына» 17 жыл ара­лы­ғын­да 35 мыңға жуық жас ғалым мен дарынды оқушылар қатысқан. 2001 жылдан бері 222 томға жинақталған 19 мыңнан астам мақала жарық көрді. Әр конференцияның күн тәртібінде кәсіби негізделген жауаптарды талап ететін жаңа мәселелер қарастырылады.
Облыс орталығындағы №16 мектеп лицей­дің мұғалімі Айжамал Сланбек­­қы­зының оқушылары жыл сайын халықаралық «Сәтбаев оқулары» ғылыми конференциясына қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Айжамал Батаева жалпы білім беретін мектептердің 8-9-сы­нып­тарына физика пәнін терең­де­тіп оқыту бағдарламасының авторы, сонымен қатар 5-сыныптарға жаратылыстану пәнін физика ғылымының теориялық элементтері арқылы оқыту бағдар­ламасының авторы. Өткен жылы «Көшбасшы педагог-2018» атағын иеленіп, Д.Қонаев атындағы төсбел­гі­мен марапатталды.

Ал Баянауыл ауданындағы Торайғыр орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Бақытгүл Ахметованың айтуынша, Сәтбаев оқуларына қатысқан 9-сынып оқушысы Назерке Серікбай «Торайғыр өңірінде жылқы малын өсірудің тиім­ді­лігі», ал 7-сынып оқушысы Айым Егінтай «Қазақ көшінің түрлері мен ерекшеліктері» жөнінде ғылыми жұмыс жазыпты. 

Академия президенті, техника ғы­лымдарының докторы Нұрлан Рыспа­нов­тың қатысуымен оқу орында «Тау-кен ғылымдары ұлттық академиясының» филиалы ашылды. Н.Рыспановтың айтуынша, университет ғалымдарының мақсаты – жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуына, өнімнің өзіндік құнын азайтуға арналған иннова­ция­лық жобаларды әзірлеу. Сонымен бірге орталықтың техникалық білім алатын студенттерге де есігі ашық. Ғылым қуған, инновация тілін білетін білімді жастар – ел болашағы. 

Бар ғұмырын ғылым мен білім­ге арнаған Қаныш аталарының құрме­тіне арналған ғылыми жиын жас ғалым­дар­­дың ғылым саласында жаңа­лық ашулары­на ашылған жол. 

Павлодар облысы