Руханият • 24 Сәуір, 2019

Алматыда Дүниежүзілік кітап күніне арналған жиын өтті

1661 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23 сәуір - әлем әдебиеті үшін мәні бар атаулы күн. Кітап пен сөзге деген сүйіспеншілікте, шын мәнінде, шек жоқ. Жыл сайын бұл күн әлемнің 100-ден астам елінде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді.

Алматыда Дүниежүзілік кітап күніне арналған жиын өтті

Іс-шара кітап пен авторларға құрмет көрсетіп, кітап оқуды насихаттауды  мақсат етеді. Бұл мереке жаңа технологиялар ғасырында кітаптың бұрынғыша көшбасшылық орында тұратынын, ал кітап оқу жанға ләззат сыйлайтындығын еске салуға бағытталған.

Осыған орай, 23 сәуірде Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында дәстүрлі түрде Дүниежүзілік кітап күні аталып өтті.

«KITAP SHOY´- 2019» -мерекесінің мазмұнды бағдарламасында кітап көрмелері, әдеби викториналар және театрландырылған көріністер, танымал жазушылармен кездесулер, кітаптардың тұсаукесері және концерттер, ең үздік оқырмандар мен авторларға құрмет көрсету сияқты қызықты шаралар қамтылды. Бұл, шын мәнінде,  көптілді кітап оқу мерекесі және уақытты пайдалы өткізудің тамаша мүмкіндігі болды.

Кітап оқуға, рухани қазынаны құрметтеуге шақырған шараны Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросы, Қазақстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастық өкілдігі, Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, Алматы қаласындағы Гете-Институты, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, Алматы қаласы  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «EDU Stream» Білім беру компаниясы, «Әдебиет әлемі» Жастарды  қолдау орталығы, «Дария» Даму орталығы қолдай отырып, мереке серіктестері ретінде жан-жақты бағдарламамен байыта түсті. Мысалы, Қазақстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастық өкілдігі «Кеңес ақындары – балаларға базарлық»  әдеби-театрландырылған композиция ұсынса, ҚХР-дің Алматы қаласындағы Бас консулдығы «Сянь Синхай: «Қазақстандағы өмір» кітабының авторы Қаламқас Арислановамен  кездесу өткізіп, Сянь Синхайды еске алу фотокөрмесін ұйымдастырды. Кітапхана қонақтарына «Қытай ертегілері» атты кітаптарын сыйға тартты. Қазақстан Гете-Институты «Интерактивтік оқу: Бремен музыканттары», балалар әдебиетінің көрмесімен және «Actionbound» мобильдік ойынымен қуантты. Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі болса, балалар жазушысы, "Золотое перо Руси" ұлттық әдеби сыйлығының, "Алтын қалам-2011" қазақстандық әдеби сыйлығының лауреаты, балаларға арналған "Желтая гусеница" 1 Бүкілресейлік жазушылар байқауының жеңімпазы Елена Клепикова және балалар ақыны, аудармашы, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының редакторы Саят Қамшыгермен кездесу өткізіп, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы әңгіме өрбітті. «Әдебиет әлемі» Алматы қаласы жастар саясатын дамыту орталығы кітапсүйер көпшілікті «Отан, саған жыр өрімін ұсынам» атты ақын Мұратхан Шоқанның жеке шығармашылық  кешімен қауыштырды. Сондай-ақ танымал кинорежиссер Ермек Тұрсыновпен  және «Шал» фильмінің актерлерімен шығармашылық кездесу өтті.

АЛМАТЫ