27 Ақпан, 2013

Аңшы

464 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аңшы

Түз тағыларының ішінде дала бөрісінің асқан ақылды да айлалы, қайсар да төзімді болатыны белгілі. Қазақ жігіттің мықтысын көкжал қасқырға теңейді. Бар өмірін жаздың аптап ыстығында, қыстың шақылдаған аязы мен әлденеше күнге созылатын дүлей боранында ешқандай баспананы паналап, ықты жағаламастан дала төсінде өткізетін бөрінің төзімділігі жайлы алуан түрлі хикаяларды естіп, таңдай қағып жүргеніміз рас.

Түз тағыларының ішінде дала бөрісінің асқан ақылды да айлалы, қайсар да төзімді болатыны белгілі. Қазақ жігіттің мықтысын көкжал қасқырға теңейді. Бар өмірін жаздың аптап ыстығында, қыстың шақылдаған аязы мен әлденеше күнге созылатын дүлей боранында ешқандай баспананы паналап, ықты жағаламастан дала төсінде өткізетін бөрінің төзімділігі жайлы алуан түрлі хикаяларды естіп, таңдай қағып жүргеніміз рас.

Ал әлгіндей айлакер, қажырлылығымен қатар қасқырдың тірі жәндік атаулыны аямайтын зұлымдығы да жұртқа жақсы мәлім. Төрт түліктің ата жауы саналатын ит-құстың, әсіресе, қой түлігіне жолықса, әбден қырып біткенше тоқтамайтынын да жақсы білеміз. Сол себепті қасқырдан шопандар қауымы қатты сақтанады. Бұл түсінікті де. Малмен күн көріп отырған шаруа үшін көкжал бөрінің нағыз апатқа ұрындыратын қаскүнем болып табылатыны даусыз.

Ал, осы емін-еркін өсіп, көбейіп жатқан жыртқышты аулайтын аңшының жоқтығын айтып, дабыл қағып жатқан өңірлер қаншама. Көкжалдың мал шаруашылығына келтіретін залалы өлшеусіз болғандықтан, оның ізіне түсетін аңшылардың бағасы бүгінгі таңда шынымен аспандап тұр.

Осындай «бағалы» азаматтардың бірі – Сарыөлең ауылының тұрғыны Жәмихан Серікбаев. Оның көкжалмен айқаста қашанда жеңіп шығып жүретінін білетін шаруалар жиі шағымданып, өз қыстауларының маңына ат ізін салып тұруды өтініп жатады. Мал қорасының маңынан аз уақыттың ішінде үш бірдей бөрінің көзін жойған аңшыға белгілі кәсіпкер Б.Рахимовтың сиыр беруге уәде еткенін де естігенбіз. Аңшылыққа жастайынан ден қойып, көзі де, қолы да әбден қаныққан Жәмихан арлан қанша айлалы болса да, оның осал тұсын дөп тауып, терісін қанжығаға байлап жүреді.

– Мен әлдекімдер сияқты аңды мәшинемен қуып, қалың қарда мотошанамен бастырмалатып жетіп, оққа байлағанды ұнатпаймын, – дейді  Жәмихан Құдыкенұлы. – Одан гөрі жыртқышты ашық айқасқа шақырып, жеңіп шыққанды қалаймын. Оның мәні мынада: қасқырдың ізін байқаған бойда оны асықпай-саспай зерттей бастаймын. Алдымен, ол қай жақтан келді, қай бағытқа бет алды, осыған көзімді жеткіземін. Содан соң барып, ұрымтал тұстан қақпан құрамын. Ал қасқыр – өте қу әрі сақ аң. Сәл сезік тудырсаң, қайтып ол жерге маңайламай кетеді. Әсіресе, оның өзі жыққан жемтікті пайдаланып аулаған дұрыс. Ал үйден апарған өлексе, басқадай жемге көкжал жоламайды. Сонымен бірге, қақпанның бөтен иісі болмауға тиіс. Май, бензин сияқты заттардан таза болғаны жөн. Мен қақпандарымды, аңға шыққанда киетін қолғабыма дейін шатырда, бөлек ұстаймын.

Қасқырға құратын қақпанды берік нәрсеге, қағылған қазыққа бекітуге болмайды. Өйткені, қақпан сарт етіп жабылғанда шошынған көкжал бар пәрменімен секіріп, терісін жырта-мырта аяғын суырып әкетуі ықтимал. Тіпті, тісін де, езуін де аямастан жұлқылап, қақпанды сындырып кеткенін де көргеніміз бар. Сол себепті, қақпанға біраз салмағы бар дөңбек ағаш байлап қоямыз. Жұлқынса, дөңбек бірге сүйретіліп, еріп отырады. Соны сүйрелеп, әбден қажыған кезде оны алу оңайға түседі. Ал салмақты шөркені сүйреген қасқыр алысқа ұзай алмайды. Және екі-үш күн ішінде алмасаң, жансебіл хайуан аяғының қақпан жаншып, жаны кетіп қалған басын шайнап үзіп тастап, құтылып кетеді.

Осы уақытқа дейін 26 көкжалдың терісін сыпырған Жәмихан ағамыздың бұл бағытта айтары мол. Бірақ, сөзге сараң азамат жетелеп отырмасаң, көп шешіле қоймайды екен. Қайта оның зайыбы Нұрбәтима сөзге араласып, әрнәрсені есіне түсіріп отырды.

– Бірде Жәкеңнің қақпанға түскен қасқырды ауылға тірідей алып келгені бар, – дейді ол. – Әдетте ызадан қаны қайнап, көк темірді қарш-қарш шайнап тұрған бөріге жақындау қиын болғандықтан, оны ауылдастары мылтықпен атып өлтірді. Сол жолы ол мылтығын алмай, отын әкелуге аттанған болатын. Барса, біраз күн бұрын құрған қақпанына үлкен бір қасқыр түсіп қалыпты. Сол күйінде қалдырып кетудің тағы реті жоқ, Жәмихан әлгі бөріге шалма тастап шырмап, шанаға байлап алған екен. Жанын үйге келген соң бір-ақ шығарды.

Аңшылықтың қызығы мен қауіп-қатері қатар жүреді. Сондай бір сәтті Жәкең асықпай баяндап, ортаға салып өтті.

– Бірде көкжалдың жортқан ізін әбден зерттеп болып, қақпанды құруға кіріскен болатынмын, – дейді ол. – Қалың қарда қаттырақ тиянақ таба алмай, тіземе салып, ашып жатқанмын. Кенет қолым тайып кетіп, қандыауыздың сарт жабылғаны бар емес пе. Оң қолымның бас бармағын қауып қалды. Серіппесі тастай қатты қақпан жанымды шығарып барады, қайта қалың қолғаппен ұстағаным абырой болған екен, әйтпесе, қыршып түсуі қиын емес еді. Сүйрелеп жүріп, әрең дегенде бір қатты жерге салып, өлдім-талдым дегенде зорға аштым. Сөйтіп, қасқырдан бұрын қақпаныма өзім түсіп қалғаным бар.

Жәмиханның аңшылығымен қатар кәнігі бапкер екенін де білетінбіз. Оның жаратқан аттары жиі болып тұратын аламан бәйгелерде сан мәрте топ жарып, иесіне жүлде әперіп жүр. Екі бәйге атын, әйгілі торы жорғасын көзімізбен көргенбіз. Жалпы, оның қосқан жүйріктерінің жүлдесіз қайтқан кезі жоқ.

– Мен ел сияқты жылқы таңдап, басқа жақтан сатып алып, біреулерге қолқа салып жатқанды білмеймін, – дейді Жәкең өзінің қарапайым да салмақты қалпынан айнымас­тан. – Қосып жүрген аттарым өз биемнің құлындары, төл малым. Шабатын жылқыны құлын күнінен аңғарып, біртіндеп баптай беремін. Бабы келіскен жүйрік қашанда сенімді ақтайды.

Ең айлалы әрі қатерлі тағымен айқаста қапысын тауып, үнемі жеңіп отырудың  оңайға түспейтіні белгілі. Аталарымыз айтқандай, қасқырды қасқырдай жігіт алады. Ендеше, жасы 55-ке келсе де тұғырдан таймай, қайраты мен қабілетін қатар көрсетіп жүрген Жәмихандай ағамыздың азаматтың жоғарыда аталған санатына қосылатын жан екендігіне ешкімнің де күмәні бола қоймас.

Хасен ЗӘКӘРИЯ,

журналист.

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы.

—————————————-

Суретте: Жәмиханның кезекті бір қансонардағы олжасы.