Қар адамы
Қыс. Желтоқсан. Біздің қалада бұрын-соңды болып көрмеген сұрапыл боран соқты. Бір аптадан бері толассыз жауған қар аспан мен жерді астастырып, жігін білдірмей жымдастырып жіберген. Құтырынған жел мен бұрқыраған қардан көшенің арғы бетіндегі үйді көре алмайсың. Далаға шығудан қалдық. Көшені былай қойғанда, балконда тұрып шылым шегудің өзі мұң болды. Азынаған суық. Далада не болып жатыр, біреу-міреу бар ма екен деп терезеге үңілгенмін, ақшулан түтектің арасынан әлдекімнің қараңдаған сұлбасын байқағандай болдым. Көше бойлап, қыбырлап кетіп барады.
Қыс. Желтоқсан. Біздің қалада бұрын-соңды болып көрмеген сұрапыл боран соқты. Бір аптадан бері толассыз жауған қар аспан мен жерді астастырып, жігін білдірмей жымдастырып жіберген. Құтырынған жел мен бұрқыраған қардан көшенің арғы бетіндегі үйді көре алмайсың. Далаға шығудан қалдық. Көшені былай қойғанда, балконда тұрып шылым шегудің өзі мұң болды. Азынаған суық. Далада не болып жатыр, біреу-міреу бар ма екен деп терезеге үңілгенмін, ақшулан түтектің арасынан әлдекімнің қараңдаған сұлбасын байқағандай болдым. Көше бойлап, қыбырлап кетіп барады. Осындай күні үйде отырмай, дала кезген кім екен? Аяқ жолыңды аңғармақ түгілі, бағытыңды ажырата алмай, қалай бұрылсаң да қарсы алдыңнан азынай уілдеген қарлы жел көкірегіңнен кері итерген боранда қайда барады? Кім өзі?..
Үйдің іші суып кетті, кеше өшкен жарық әлі қосылмаған, жылу жоқ, ыстық су тоқтаған, әйтеуір газ бар, салқын су жүріп тұр, соған да шүкірлік еттік. Абырой болғанда подъезімізде дүкен бар еді, кеше әйелім балаларды ертіп барып, сол дүкеннен біраз азық-түлік көтеріп келген, енді газ тоқтап қалмай тұрғанда бірер күндік тамағымызды пісіріп алайын деп ас үйде жүр. Бөлмеме барып төсекке қисайып едім, көзім ілініп кетіпті. Біреу терезені қаққандай болды ма, селк етіп шошып ояндым. Кеш түскенге ұқсайды, үйдің іші қап-қараңғы. Әлгі дыбысты түсімде естідім бе, әлде желдің тарсылы ма? Кенет терезе тағы тарсылдап қоя берді. Жоқ, мынау жел емес, адамның қағысы. Жүдемелдете бірнеше рет тарсылдатып, тоқтай қалады да сәлден соң қайтадан қағады. Екінші қабаттағы терезені қалай қағып тұр. Әлде… Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Олай болса құрыдық қой, онда бүкіл қаладағы өмір тоқтайды. Жұрттың бәрі үйінен шыға алмай қалса сұмдық емес пе! Қырылып өлеміз!
Үсті-үстіне соғылған жұдырық терезені тарсылдатып алып барады, енді болмаса сындыратын түрі бар. Әйнекті қиратпай тұрғанда ашайын дедім. Әзірейілім осы болса көріп алармын, кім біледі, мүмкін қар басқан есікті аша алмай, үйге кіруге зар болып жүрген көрші шығар. Терезеге үңілдім – дала ақ боран, түк көрінбейді. Қарасам… Әйнекке жабысып біреу тұр, аш деп ымдайды, бірдеңе айтып жатыр, онысы боранның гуілінен естілер емес. Өзі жалаңбас, көзі шарасынан шығып кеткен. Бұл кім деп үңіліп келіп қараймын, танымадым, жас шамасы өзіммен қарайлас, бірақ бұрын көрген адамым емес, әйтеуір, мұндай көршім жоқ екені анық. Не істерімді білмей абыржып қалдым. Тәуекел, не де болса көрерміз, әуелі кіргізіп алайын. Ал, терезе ашылса ше! Аяздан ісініп кетсе керек, былқ етпейді.
Бір кезде сықырлап барып ашылды-ау, әйтеуір. Суық ауа лап ете түсті, бір құшақ қар бұрқ етіп диванды басып қалды. Сол замат кешкі қонағымыз өзімді қаға-маға бергі жаққа топ етіп құлады. Дереу орнынан атып түрегеліп, терезені жаба салды да қос қолымен екі иығымнан қысып тұрып рахметін жаудыра жөнелді.
– Өркенің өссін, бауырым, көп жаса! Бала-шағаңның қызығын көр. Алла тағаланың нығметіне бөлен!
– Рахмет, рахмет! – деп күбірледім. Бейтаныс қонағымның ниеті түзу екеніне әлі де көзім жетпей тұрғанмен, көңілімде қорқыныш жоқ. Өзі бәкене бойлы, иығымнан ғана келеді екен, мүмкін батырсынып тұрғаным содан да шығар.
– Ойламаған жерден тап болып, мазалағаным үшін кешір, – деді ол бетіме үңіле қарап. – Қорықпа, арам ойым жоқ, үсіп өлуге шақ қалғасын амалсыздан паналап келдім.
– Екінші қабаттағы терезеге қалай шығып жүрсің, әлде қардың қалыңдығы осыған дейін жеткен бе? – деп сұрадым мен. – Тіптен, солай болған күнде де сенің салмағыңды көтеретіндей болып қата қоймаған шығар?
– Жоқ, олай емес! – деді қонақ абыржып. – Мұны қалай түсіндірсем екен? Бораннан түк көрінбейді, қар белуардан келеді, адасып жүріп осы үйдің қабырғасына соқтығып қалдым, сипалап есік іздеп едім, бір кезде әлдебір баспалдаққа тап болдым. Сонымен көтеріліп едім, есікке тірелдім.
– Дүкеннің есігі ғой.
– Иә, өзім де солай шамаладым. Өйткені, қанша қақсам да ешкім келмей қойды, подъезд емес, мұны түсіндім, қабырғаға жапсарлас салынған қосымша құрылыс. Сөйтіп тұрғанымда дәл төбемнен жарық көрінгендей болды, дәу де болса екінші қабат шығар, енді соған көтерілуім керек деп ойладым. Сөйтіп, жан дәрмен далбасалап жүріп, әлгі жапсырманың төбесіне шығып кетіппін. Терезеңе солай тап болдым.
Бейтаныстың үсті жұқа екен, қолында биялайы жоқ, шолақ күртесінің жағасынан ескілеу тоқымасы көрінеді. Онысы мына боранда қамсау болатын киім емес, аяғында шолақ етік, өзі әбден тоңса керек, беті боп-боз, жақ жүні үрпиіп, қалш-қалш етеді.
Бұл кезде бөлмеге әйелім де кірген, балалар есіктен сығалап тұр. Зайыбыма шай қой деп бұйырдым. Кім болса да мейлі, келгені жақсы болды, кешеден бері үйден шықпап едік, далада не болып жатқанын білетін болдық.
– Иә, қонағым, әңгімеңді айта отыр. Қайдан шықтың, қайда барасың, біздің үйге қалай тап болдың? – деп сұрадым бірер кесе шай ішіп бой жылытқан соң. Ол дастарқандағы мәзірді аздап шұқылағаны болмаса, тамақ ішіп жарытқан жоқ. Әйелім ыдыс-аяқты жинастырып ас үйде қалды. Содан кейін екеуміз қайтадан бөлмеге кіргенбіз.
– Көршілерге ұқсамайсың, бұрын-соңды бұл маңнан көрмеппін, – деп сыр, тарттым мен одан.
– Көрмеуің де мүмкін, – деді ол басын салбыратып. – Бұл үйдің реттік саны қандай? Бәсе, өзім де шамалап едім. Бұрын осы көшенің басындағы жеке үйлердің бірінде тұрғанмын. Одан бес жыл бұрын кетіп қалдым. Дұрысы… әйелім қуып жіберді.
Қонағым терең күрсініп, төмен қарап ойланып қалды. Сый-құрметке бөленіп жүрген кісіге ұқсамайды, бірақ қадір-қасиетінен айырылып, адам қатарынан сызылып қалған деуге де негіз жоқ. Сөзі байыпты, аздап жалтақтау болғанмен жібі түзу, дұрыс жігіт сияқты. Алғашында шашы бұрқырап тұрғандай еді, енді байқадым, жасына жетпей бурыл тартқанымен қоймай, төбесінің әр жері селдіреп, құйқасы көрініп қалыпты. Өзі шынашақтай адам, еңсесін езген қайғы-мұңын көтере алмағандай бүкшиіп, иығы қушиып, сөлбірейіп, бір шөкім болып шөмиіп отыр. Әбден арыған екен, мойны қыртыс-қыртыс, жағына пышақ жанығандай, көселеу иегі көгеріңкі тартып кетіпті.
Жалпы, адам деген қызық жаратылған, біреудің құпиясын білуге әуес. Әлгінде осының өзі кім, сөзі кім, бұл бейшараның адам қызығарлықтай қай бір өмір тарихы болушы еді деп менсініңкіремей отырғанмын. Енді соған қайтадан құмарта бастадым. Ойымды сезіп қойғандай қонағым да баяу дауыспен әңгімесін айта бастады.
– «Бір әйелдің мекерлігі қырық есекке жүк болады», деген сөздің неге айтылғанын өз басымнан кешкен соң түсіндім, – деп бастады ол. – Әйелім екеуміз сүйіп-ақ қосылғанбыз, әуелі қыз бала дүние есігін ашты іңгәлап. Екі жылдан соң ұлым өмірге келді, содан кейін зайыбымның мінезі өзгеріп сала берді. Мен мұғаліммін, мектепте тарих пәнін оқытамын. Жалақың аз деп тиісе бастады. Өзі кондитер фабрикасында есепші болып істейтін, үш жылдан бері бала бағып үйде отыр, бір өзімнің тапқаным шынымен аздық етіп жүрген. Кезінде оқу іздеп еліміздің екі шетінен келгенбіз, осында басымыз қосылды, үй жоқ, қаланың сыртында пәтер жалдап тұрамыз, қожайынның қас-қабағына қарап өмір сүру де қиын. Әйтеуір, күн өткен сайын әйелімнің қыңқылы көбейе берді де біртіндеп ашық жауығуға көшті. Күндіз-түні қабағы бір ашылмайды. Тамақ ішсек ыдыс-аяқтың салдырынан құлағың тұнады, тыныш отырып сөйлесе алмайтын болдық. Қызымның тілі шығып қалған, бір күні жұмыстан қайтсам: «Қаңғыған қайыршы келді», – деп қарап тұр. Шешесінің күнде айтатын сөзін қайталаған түрі. Жүрегім қан жылап қоя берді. Сәби емес пе, балалықпен айтқаны ғой, көңіліме алмайын деп іштей бекінуге тырысқаныммен, көңілім құлазып кетті.
Сосын беттің арын белбеуге түйіп, жұмысты тастадым да базарға шықтым. Әуелі айна-тарақ, балалардың ойыншығы сияқты ұсақ-түйек сатып жүрдім. Бұрын дүкенге барып азық-түлік алуға арланатын басым бірер айдың ішінде кәнігі саудагер болып шыға келдім. Қандай шаруамен айналыссаң да ығытын білгенге не жетсін, біртіндеп сауда-саттықтың қыр-сырын меңгеріп алдым, мен сатпаған зат қалмаған шығар. Көкөніс пен жеміс-жидек тиімді екен, артылғанын өзің жейсің, бала-шағаның да қарны тоқ. Бұрын ашқұрсақ жүрген олардың енді беттеріне қан жүгіріп, ет алып, толыса бастады. Әйелімнің де қабағы ашылып, жадырайтын кезі жиіледі.
Сөйтіп, жыл артынан жыл өтіп жатты. Зайыбым қайтадан жұмысына шыққан, балалар мектепке барып жүр, енді қалаға ауысуды ойластырдық. Үй сатып алатындай байып кеткен жоқпыз, әрине, пәтер жалдап тұрмақпыз, әйтпесе әйелімнің жұмысқа барып-келуі қиын, қалада көлік көп, таңертең және кешкісін көшедегі кептелістен үйге жете алмай зар боласың. Ақыры, осы көшенің бас жағындағы бір жеке үйдің жазғы баспанасына көшудің сәті түсті. Ауыз үй, ортасын пешпен бөлген бір бөлме, соның өзі бізге хан сарайынан кем көрінген жоқ, құбырмен су тартылған, тамақты газға пісіреміз. Мектеп те жақын, әйелім жұмыс орнына жаяу барады, он минутта жетеді. Қожайынымыз орыс кемпір, зейнеткер, Ресейде тұратын бір ұлы бар, жасы бізбен қарайлас, жазғы демалысында келіп, шешесінің қасында болады, Қапшағайға, Ыстықкөлге барып демалып қайтады.
Ол кезде базардағы ет сататын дүкенде қасапшымын, кесімді жалақы аламын, бал ұстаған бармағын жалайды дейді ғой, сорпа-суандық сүйек-саяқ, өкпе-бауыр, майдалап турап, қуырып қойсаң анау-мынау салатқа бергісіз ішек-қарын тәрізді қалған-құтқанды тегін әкелемін. Өтпей тұрып қалған етті тағы тасимын, тарығу дегенді біржола ұмытқанбыз. Біртіндеп жеңіл машина сатып алуға ақша жинай бастадым. Мұны әйелім де біледі, кейде екеуміз дауласып қаламыз, көлікті қоя тұрып, қаланың сыртынан арзандау үй сатып алсақ қайтеді дейді. Оған шаш жете ме! Ондай ақша жинау үшін ең кемі он жыл жұмыс істеуің керек. Мұны естігенде ол тыжырына қалады. «Енді қайтеміз, өмір бойы өстіп біреудің босағасында жүре береміз бе?» «Көрерміз, Құдайдан үмітіміз бар, бірдеңесі болатын шығар». «Ештеңе болмайды, өз қамыңды өзің ойламасаң, аспаннан ақша түсе қалады деп пе едің!» «Енді не істе дейсің маған? Онсыз да бір күн демалмай, тырбанып-ақ жүрмін, ауадан ақша жасай алмаймын ғой!» «Жаса! Талайлар жасап жүрген жоқ па, сен неге жасамайсың?» «Қой, қылмысқа итерме адамды, бір үзім нан тапсақ та адалынан жейік». «Ертең қызың бойжетеді, күйеуге қалай бермексің? Ұлың өсіп келе жатыр, оны үйлендіруің керек, құдаларыңды осы лашықта күтіп алмақсың ба?! Ез неме! Айтып тұрған сөзін қарашы!»
Қонағым өз сөзінен өзі шаршаса керек, екі иінінен дем алып, ентіге бастады. Сонша неден түңілді екен деп әңгімесін қайта жалғастыруын күтіп мен отырмын. Айтсам ба, айтпасам ба деп біраз ойланғандай болды да сәлден соң сөзін әрі қарай жалғастырды.
– Жаздың күні болатын, балалар ұйқыға жатып, көздері ілінді-ау деген кезде әйелім бір пәленің шетін шығарды. Уһ!.. Аузы-мұрны қисаймай, кемпірді өлтіріп тастасақ қайтеді дейді. «Тамағына у қосып берсем, қата қалар еді»… Мына сөзін естігенде жын көргендей селк ете түстім, тұла бойым тітіркеніп, қалшылдап қоя бердім. «Неге өлтірмексің оны?!» «Негесі несі, үйі бізге қалады».
«О, Құдай! Енді жетпегені осы еді!.. Біреудің үйін тартып аламыз деп қалған өмірімді түрмеде өткізуім керек пе?! Ұмыт ондайды!» «Жоқ, ертеңге дейін ойлан, жұмыстан келген соң тағы сөйлесеміз».
Ертесіне кешкісін балаларды далаға шығарып жіберіп, ойландың ба деп сұрайды. Еңіреп қоя бердім. Жалынып жатырмын, жалбарынып жатырмын, қиялдауға да қорқып, өз-өзімнен жасырып жүрген жоспарым бар еді, соны айтып бердім. «Әрі кетсе екі жыл, бәлкім, үш жыл болар, бірақ содан аспайды, осыдан бір кем түспейтін үйді өзіміз-ақ сатып аламыз».
«Жарайды, – деді тістеніп. – Екі жыл күтейін. Одан бір күн асса, қараңды көрмеймін, енді қайтып маңыма жоламайсың. Осыны ұмытпа!»
Әрине, ұмытпаймын, мұндайды қайтіп ұмытарсың, қойнымда жатқан сұржыланды райынан қайтарып, байғұс кемпірге улы тісін қадамай қоя тұруға көндіргеніме шүкір.
Адамға деген сенімнен айырылып, жұрттың бәрін жау санаған кезің болып па еді, бауырым? Мен байғұс оны да көрдім. Сол жолы оңбай алдандым. Өмірімде өйтіп опық жеп көрген емеспін. Машинаға деп жинап жүрген ақшамды әйелімнен қайтып алғанмын, жұма күні мал базарға барып, сол ақшаға үш өгізше, бір торпақты көтере сатып алдым. Базардан жеке орын алып, ақысын алдын ала төлеп қойғанмын. Таныс қасапшыға бір күндік табысын екі есе артығымен беріп, үйге ертіп келдім де төрт сиырды бірдей жайратып салдым. Ертесіне бәрін машинаға тиеп, базарға апардым, енді сатуға кірісе бергенімде әзірейілдер сау ете түсті. Әзірейіл емей кім болушы еді?! Базардың бастығы, ветеринар, зертхананың меңгерушісі, қаржы полициясы, учаскелік полицей, тағы біреулер. Құжаттарымды сұрады. Көрсеттім. Мынауың заңсыз дейді. «Неге заңсыз? Базардың ветеринарының мөрі басулы тұрған жоқ па?!» «Бұл тірі малға берілген анықтама, бізге еттің тазалығын куәландыратын құжат керек». Етті тәркілейміз, өзіңе айып саламыз, енді бұл базарға жоламайтын боласың». Оу, бұл қалай? Күні кеше өзім сатып жүрген ет емес пе, малдың сау екенін дәлелдейтін құжат болса жетіп жатыр, күндегі тірлігіміз ғой, тексеруге анда-санда бір апарамыз». Жан-жағымнан жапырлап, дүрсе қоя берді. «Жап аузыңды! Әйтпесе, апарып қамап қоямыз, екі көзің жылтырап темір тордың арғы жағында жатасың сосын, оңбаған!» «Тексеруден өткізілмеген ет сатып, жұртты қырайын деп пе едің? Қайдан шыққан қаскүнемсің өзің! Уахабшылардың лаңкесі емессің бе?» «Бәсе, мешіт жаққа барғыштап жүретін еді, не болса да сау сиырдың… Қамаңдар апарып! Өзін де тергейміз, үйін де тінту керек. Тұрақ-мекені белгісіз сандалбайды қалай жұмысқа алып жүрсіңдер?»
Сүмірейіп үйге қайтуға тура келді, әйелімнің көзіне қалай көрінемін, не бетімді айтамын? Ол менің ішегімнің қырындысына дейін біліп алған, өтірік айтып тұрғанымды бір қарағанда-ақ сезе қояды. Енді қайттім?..
Сол күні алғаш рет іштім. Оған дейін дәмін татып көрмеп едім, содан кейін де ұрттаған емеспін. Бұрын ішпеген соң қорқасоқтап, үйдің дәл қасындағы дүкеннен бір шөлмек арақ сатып алдым да ұрланып үйге келдім. Ауланың бұрышында жазғы душ болатын, соның ішіне кіріп алып, бөтелкенің аузынан сімірейін бір! Ол кезде не көп, қолдан жасаған арақ көп. Қазір де солай шығар, бұл жағын білмеймін, әйтеуір ашырқанған жоқпын. Мүмкін, әлгілердің қорлығы мен әйелімнен қорыққаным қосылып, арақтың күйігінен де асып түскен болар, сәл ғана ашқылтым дәмі бар жылымшы су болып көрінді. Бір демалып, шөлмекті босаттым, ішкен деген осы болғаны ма, түк әсері жоқ қой! Тағы біреуін әкелсем бе екен? Кіріп-шығып жүргенімді әйелім көріп қойып, төбемнен құй қазып жүрмей ме? Сенбі күні кір жуатыны бар еді, бүгін әдетінен жаңылған ба, көрінбейді. Шамалы отыра тұрайын.
Қалай қалғып кеткенімді білмеймін, оянсам айналам қап-қараңғы, әлдебір қапаста бүк түсіп отырмын. Бұл қалай, мұнда қайдан тап болдым, бұл қай түнек?! Жүрегім су ете қалды, орнымнан атып тұрмақ болғанмын, шайқалақтап басыммен қабырғаны сүздім. Жан-жағымды қарманып едім, абырой болғанда душтың есігі ашылып кеткені, сонда ғана бәрі есіме түсті. Тәлтіректеп далаға шықтым, тұла бойым зілдей, басым айналып, жүрегім айнып әкетіп барады. Арақ ішкеннің қандай болатынын сонда білдім. Біреулер өлесі мас болып, ертесіне бас жаза алмай, жүрегі қысылып өледі деуші еді, мен соған жетпей-ақ өліп кете жаздадым. Миым солқылдап, жүрегім атқақтап алып барады, мұның үстіне тағы ішсең өлмегенде нең қалады. Бір жығылып, бір тұрып, үйге әрең жеттім, есікті қызым ашқанын білемін, табалдырықтан аттай бере құлап түстім, тұруға шамам жетпей, сол жерде қайтадан ұйықтап қалыппын.
Ертесіне түске жақын бір-ақ ояндым, сол құлаған жерімде, ауыз үйде жатыр екенмін. Шөлден өліп барамын, сүйретіліп орнымнан көтеріліп, бір бақыраш суды басыма бір-ақ төңкердім. Сонда ғана жаным кірді. Төргі үйдің есігін аштым, үрпиісіп қызым мен ұлым отыр, көздері бақырайып кеткен. «Оу, шешелерің қайда?» «Әлі келген жоқ». «Қайда кетіп еді?» «Қапшағайға». «Қапшағайға?! Онда не бар екен?» «Білмейміз?» «Қашан кетті?» «Кеше». «Кіммен?» «Андрей ағамен».
Не дейді мыналар?! Бәсе, кеше көрінбегені сол екен ғой. Ал, мен одан жасырынып душтың ішіне тығылып жүрмін. Мұнысы несі? Бөтен біреумен Қапшағайға кеткені қалай? Не үшін барады онда? Масқара болғанда… Әлгінде ғана тәлтіректеп әрең тұр едім, қайдан қуат біткенін білмеймін, шыға жүгірдім. Кемпірдің есігін тартсам ашылмайды. Зәрем зәр түбіне кетті. Маңдай терім бұрқ ете түсті. Тарсылдатып қағайын келіп. Бір кезде санама жетті, баласы үйде жоқ, кемпір төсектен тұра алмайды, кім ашады есікті? Айнала жүгіріп, терезеден сығалай бастадым, шүкір Аллаға! Кемпір тірі екен! Төргі бөлмедегі терезенің пердесі ашық, кемпір бақырайып қарап жатыр, не болып қалды деп сұрап қояды. Ештеңе болған жоқ!
Қайтып үйге келдім, балаларым сол күйі, бақырайып көздерін алмайды. «Шешелерің қай уақытта кетіп еді»? «Таңертең». «Анық сонда кетті ме?» «Иә. Саған айтыңдар деген». Мынауы қызық екен! Не ойларымды білмей сандалып отырдым да қалдым. Баласы бар, байы бар қатынның бөтен еркекпен бірге Қапшағайға кеткені қалай? Мұны не деп түсінуге болады? Басынғаны ма? Үйленгеннен бері бетіне келіп көрмеп едім, намыстан жұрдай ынжық деп ойлап жүр ме! Көрсетейін оған! Осыдан келсін, не деп ақталар екен! Сойып салмасам ба, бәлем!
Бірақ, бәрі керісінше болып шықты, мен оны емес, олар мені сойып салды. Күні бойы не тамақ жемей, не жарытып шай ішпей әбден әлсіреген басым қарсыласып жарыта алмадым. Түрімді көріп отырсың, сау болсам да таяқ жейтін едім, әлгі Андрей деген өгіздей неме болатын. Кешке қарай екеуі бірге келді, мені адам деп көзге ілер емес, дереу балаларды үлкен үйге кіргізді де жазғы баспананың ішінде екеуі алып кеп сабасын. Оңбағанның жұдырығы күрзідей екен, тиіп кетсе тоңқалаң асып жығыламын, әйелім қосыла тепкілеп жүр. Қыңқ етіп дыбысымды шығарған жоқпын, ақыры өздері шаршады. Байқаймын, Андрей мені іштей аяйтын сияқты, әйеліме көз қылғаны болмаса бар күшін салып жүрген жоқ, көбінесе жұмсақ жерімнен немесе арқамнан тебеді. Ал, әйелім әбден екіленіп алған, бас-көз демей былш-былш ұрады. Мен де тістеніп алғам, сөйтіп жатып есімнен танып қалдым.
Ертесіне екеуі тағы келді, сөйлесеміз дейді. Сөйлесетін несі бар, бәрі түсінікті, ажырасамыз деп сотқа арыз жазып бердім. Бір апта сонда тұруға рұқсат етті. «Содан кейін қайда барсаң онда бар, біз сені, сен бізді танымайсың. Балаларды да ұмыт, енді олар Андрейдің баласы, фамилиясын өзгертіп аламыз, жан керек болса жайыңа жүр», – деді. Жан да керек қой, бірақ өз басым бар мәселе осылай аяқ астынан шешіле қалғанына риза болдым. Пәледен машайық қашқан, бұл да Құдайдың қарасқаны шығар, әйтпесе, мына залым біреудің басын жұтпай тынбасы анық. Ерлі-зайыпты болып қала берсек, оның істеген қылмысына мен де қатысты болып шығар едім. Беті аулақ! Ал, балалар… Қайтеміз енді, амалын тауып жолығып тұрармын. Шешелерінің арманы орындалды, тынышталатын шығар, қайткен күнде де әкедей емес, бала үшін ананың орны бөлек қой. Фамилиясын өзгертемін дегені жаныма батып кетті, бірақ, қолымнан не келеді менің? Есейгесін іздеп келіп жатса қашпаспын. Жаңа әкелеріне бауыр басып кетсе бұған да қарсылық жоқ.
Сөйтіп, әйелден де, баладан да, ақшадан да, жұмыстан да айырылып, жұрдай боп шыға келдім. Институтта бірге оқыған жалғыз досым бар еді, оның да өмірде жолы болмай, әйелімен ажырасып кеткен. Тау бөктеріндегі бір шаруашылықта қарауыл болып жұмыс істейді, кейде жолығып тұратынбыз, соны тауып алдым. Өмірі адам шақ келмейтін қарауылдыққа өзі сұранып келген адамды кім жек көрсін, құжаттарым дұрыс, салт бастымын, ішімдікке үйірлігім жоқ, бір сөз айтпастан жұмысқа қабылдады. Ара-тұра қалаға келіп, ұлыммен кездесіп тұрамын. Қызым сырт айналып кетті, шешесіне тартқан ба, әлде емексітпей бірден күдерін үзейін дегені ме, әйтеуір, суық тартып сала берді. Андрей оларды өз балам деп ресми таныпты, фамилиясын да, әкесінің атын да өзгертіп алған. Әйелім де соның фамилиясына өтіпті, өз аты онсыз да Рая, әкесінің аты Мағзұм болатын, оны да өзгерткен. Сөйтіп, Раиса Максимовна Смирнова болып шыға келіпті. Балаларым қазақша сөйлеуді қойып кетті, соған қиналамын.
Осыдан екі жылдай бұрын ғой деймін, баламның сабақтан шығуын күтіп, мектептің қасында тұрғанмын. Біреу ақырын қасыма келіп, иығыма қолын салды. Қарасам – Андрей. Бұған не керек, анда-санда туған ұлыммен жолығып, мауқымды басып жүргенімді көп көргені ме! «Бері жүрші, сөйлесейік», – дейді. Оңашаға апарып тағы тепкілемек қой! «Жоқ, бармаймын, осы жерде айта бер». «Қорқып кеттің бе, тимеймін, шын сөзім. Саған бірдеңе айтайын деп едім. Балаңа жолығып жүргеніңді бұрыннан білемін, туған әкесі емессің бе, бұған қарсылығым жоқ, әйтпесе баяғыда-ақ тыйым салар едім ғой».
Қорқасоқтап соңына ердім, көшенің қарсы бетіндегі гүлзарға келіп, зәулім теректің түбіндегі орындыққа отырдық. Қалтасынан бір шөлмек арақ шығарып, ортаға қойды, стақаны да бар екен, орталап құйып маған ұсынды. «Жоқ, ішпеймін, ана жолы тұңғыш рет ішкенмін, енді көрмегенім арақ болсын!» «Өзің біл», деп тартып жіберді. Атасының асы емес пе, ашырқану дегенді білмейді, жеңін бір иіскеп қойды да темекісін тұтатты. «Мен Ресейге қайтқалы жатырмын, – деді мұңайып. – Біржола кетемін. Раямен тұра алатын емеспін, алғашқы екі жылда бәрі жақсы еді, шешем қайтыс болғаннан бері күрт өзгеріп кетті. Үйленген соң үй-жайды түгелімен соның атына аударғам, маған тағар кінәсі жоқ, енді ажырасуға арыз бермекпін. Осы кеткеннен қайтып оралмаспын. Ол жақта үйім де, пәтерім де, машинам да бар, жұмыс та табылады, бұрынғы әйелім қашан барсам да қарсы алуға дайын. Ал, Раяға бекер ұрыныппын, енді өкінгеннен пайда жоқ. Тек сенің обалыңа қалдым ба деп қиналып жүрмін, сондықтан кешірім сұрауға келдім. Бүгін балаңмен жолығатыныңды сұрап біліп алғам. Қызың да, ұлың да жақсы адам болатын түрі бар, шешелеріне тарта қоймаған сияқты. Ал, не айтасың? Өкпелеп жүрсің бе маған?» «Жоқ», – дедім. Бұл рас болатын, ана мекер мұның да түбіне жетуі мүмкін. – Тек бір сұрағым бар, соған жауап берші. Шешең…» «Түсініп тұрмын, – деді Андрей. – Жоқ, өз ажалынан өлді, оған қастандық жасайтын себебі жоқ, қолын былғап қайтеді? Бір кеңес берейін саған, балаларды ойлап, солардың болашағы үшін дегенді желеу етіп қайтадан қосылып жүрме. Әлгінде айттым ғой, олар да ақымақ емес, бәрін түсінеді, ертең есейген соң қай-қайсысы да өз жөнін табады, оларға алаңдама. Қазір қиналып жүрген шығарсың, жағдайың да жоқ, бірақ ондай әйелмен бірге тұрғаннан көшеде қаңғып жүріп өлген артық».
Сөйтіп, бір әйелдің екі күйеуі бір-бірімізбен осылай қоштастық. Әйелім жұмыста жүрген кезде балаларыма барып тұрамын, үйлеріне кіріп көрген емеспін. Кейде ұлым екеуміз жазғы баспанада шай ішеміз, олар әлі көмір жағады, отын бұтау ұлымның мойнында, соған көмектесемін. Мына боран күшейіп бара жатқан соң жағдайларын білейін деп келгенмін, жете алмай қалдым, тіптен өзім үсіп өлемін бе деп қорқып едім, паналатқандарың үшін рахмет сендерге, Алла разы болсын! Терезе бозара бастапты ғой, таң атып қалған ба? Қап, ұйқыңнан қалдырдым-ау сені!
Қонағымның әңгімесін тыңдап отырып шынымен таңды атырыппыз. Балконға шығып қарап едік, боран басылған екен. Мұндай қалың қарды көрмеппін, үйдің бірінші қабатының терезесіне дейін жартылай жауып қалған. Дегенмен, айналасы ашық жерлердің қары жұқалау көрінді, кешегі ұйтқыған жел үйіріп апарып таса-тасаға үйе берсе керек. Қонағым апыл-ғұпыл киініп, қоштаса бастады.
Бұлт сейілген, күннің көзі жарқырап тұр, бірақ жылуы жоқ, бұлыңғырланып, сазара мұнартады. Ұшар басына дейін қарға оранған ағаштардың бұтақтары тұтасып кеткен, қардың салмағынан салбырай иіліп тұр. Кейбіреуінің әр жері ойдым-ойдым, соған қарағанда күн жылынатын сияқты…
Кенет көз ұшынан қараңдаған әлдебір сұлба көрінді. Қар басқан жолмен тауды бетке алып, қыбырлап кетіп барады. «Кімсің өзің?» – деймін іштей. – Кімді іздеп шықтың, әлде, керісінше, біреуден қашып барасың ба? Қыстың қытымыр аязынан адамдардың ызғары басым түсіп, аман тұрғаныңда аулақ кетуді қош көрген қорғансыз мүскінсің бе? Кімсің, жарқыным?»
Кім болса да тырбанып, қарға малтығып, елсіз тауға қарай өрлей берді. Зәрлі заманның айдаһардай ысқырған желі жүрегін суытып, тамырындағы қанын мұз қып қатырып, көкірек көзін тарс бітеген бір бейбақ қой ол. Арамыздан тұрақ таппай айдалаға безіп барады. Құдды, қияндағы қар адамы іспетті. Суығаны ма, өмірден. Суынғаны ма, мына қатыгез қоғамнан. Бәрінен көңілі қалып, жалғыз өзі жол табуға ұмтылған түрі ме, екен. Қайтшы, бауырым! Соншама түңіліп кететіндей не жаздық саған?.. Оралшы!
Жоқ, оралар емес.
Нұрлан ҚАМИ.
АЛМАТЫ.