Саясат • 24 Сәуір, 2019

Көпбалалы отбасыларға пәтерді жалға берудің талаптары қандай

915 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі көпбалалы отбасыларды жалға берілетін пәтермен қамтамасыз етудің талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпбалалы отбасыларға пәтерді жалға берудің талаптары қандай

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтан тілшілер көпбалалы отбасаларға жалға берілген пәтерді пайдалану мерзімі туралы сұрады.

 «Балалары есейгеннен кейін, отбасы мүшелері баспанадан шығарыла ма?», -деген сауал қойылды. «Пәтерді ешкім де алып қоймайды, олар сонда қала береді. Бұл сатып алу құқынсыз жалға берілетін баспана. Сондықтан тұрып жатқан отбасылар шығарылмайды», - деді вице министр. Сонымен қатар ол көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін пәтердің құны туралы айтып берді. «Шаршы метрі үшін 115 теңге болады. Қазіргі кезде оның құны өңірлер бойынша өзара байланыстырылмаған. Дегенмен ауылдық немесе қалалық жерлерге қарай бағаның белгіленуі тұрғысында өзгерістер енгіземіз»,  деді Қ. Өскенбев. 

Айта кетейік, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Оның аясында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізу қарастырылған. Заң жобасында кезеке тұрғызылған көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналар  баспананы алғанға дейін тізімнен шығарылмайтыны көрсетілген.

 «Егер де көпбалалы отбасы бүгінде кезекте тұрса, олар пәтер алғанға дейін осы кезекте тұра береді. Балалардың кейбірі кәмелетке толса да, бұл жағдай аталған отбасыны кезектен шығаруға негіз бола алмайды. Заң жобасындағы жаңалыққа тоқталсақ,  бұл норма «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналарға да таралады»,  деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов заң жобасын таныстыру барысында.