Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Оралда ауыл режиссерлары шеберлігін шыңдады

917 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының халықтық театр және көпшілік шаралары режиссерлеріне арналған «Кеңістік. Режиссура. Қолтаңба» аймақтық шеберлік сағаты өтті.

Оралда ауыл режиссерлары шеберлігін шыңдады

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен бір апталық шеберлік сабағына еліміздің батыс аймағындағы 5 облыс өкілдері қатысты. Ауыл-аудандардағы халық театрларының режиссерлері және көпшілік шараларды ұйымдастырушы мамандар үшін бұл сабақтар өте пайдалы болды. Ауыл режиссерлерінің алдында белгілі алматылық маман, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы режиссері Дина Жұмабай мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Өнер» кафедрасының оқытушысы, Шымкент қаласы әзіл-сықақ және сатира театрының қоюшы режиссері Самат Алтаев дәріс оқып, практикалық сабақ өткізді.

Ауыл өнерпаздары Дина Жұмабайдың «Қазіргі театрдағы классика жанры», «Қазіргі театр режиссурасы», «Станиславскийден Мейерхольдқа дейін» тақырыбындағы дәрістерін қызыға тыңдады. Ал Самат Алтаевтың «Бұқаралық іс-шара ұйымдастырудағы режиссерлік интерпретация», «Қоғамдық маңызды ресми мерекелерді ұйымдастыру», «Ұлттық және дәстүрлі шаралар, заманауи шаралар», «Көпшілік мәдени тынығу жұмыстарындағы режиссерлік ұстаным, этика, қолтаңба», «Мемлекеттік ресми мерекелерді ұйымдастырудағы режиссерлік көзқарас» тақырыбындағы тренинг-сабақтары елдімекендерде көпшілік шараларды ұйымдастыру жөнінде таптырмас көмек болды.

- Шараға барлығы 24 режиссер қатысты. Шеберлік сағаты ауыл режиссерлері үшін шын мәнінде даму, шығармашылық тәжірибе алмасу алаңы болды. Кәсіби біліктілігін өсіріп, шеберлігін шыңдап, заман талабына сай өзін-өзі дамытты деп ойлаймын. Шақырылған тренерлер тыңдаушыларға дайын сценарий бермей, соған жету жолдарын, тақырыпты игеру әдістерін айтты. Өте пайдалы кездесу болды, - дейді осы шараны ұйымдастырушы Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, режиссер Арайлым Ихсанова.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 11 халық театры жұмыс істейді. Ауыл режиссерлерінің семинарға қатысу шығынын аудандық мәдениет бөлімдері көтерген. Бір апталық шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.


Батыс Қазақстан