Спорт • 24 Сәуір, 2019

Жасталап Санауов: Асаділов жыл басынан бері үш ірі турнирде топ жарған жалғыз спортшы

716 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Марокко астанасы Рабатта аяқталған каратеден кезекті әлем кубогі додасы Қазақстан спортшылары үшін сәтті өтті. 60 келідегі команда үздігі Дархан Асаділов өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдесе, 84 келідегі Игорь Чехмарев қола медаль жеңіп алды, деп хабарпайды Olympic.kz тілшісі.

Жасталап Санауов: Асаділов жыл басынан бері үш ірі турнирде топ жарған жалғыз спортшы

- Биылғы маусымда Париж, Дубай және Рабат қалаларында әлем кубогінің үш кезеңі аяқталды. Сондай-ақ, Зальцбург қаласында А сериясы кезеңі мәресін жетті. Десе де, Рабаттағы турнирдің маңыздылығы жоғары. Осы кезеңнен бастап олимпиадалық рейтинг ұпайлары жаңа жүйемеен есептелмек. Егер осыған дейін спортшылар жиған ұпайдың жартысы ғана пайдаға асса, енді барлық ұпай толығымен каратешінің еншісіне жазылмақ. Бұл спортшылардың рейтингтегі жағдайын әлдеқайда жақсартуға берілген үлкен мүмкіндік. Мароккодағы турнирге әлемнің 77 мемлекетінен 700 спортшы қатысты. Олардың барлығы да олимпиада ұпайы үшін жанталасқаны сөзсіз. 

Бұл сында бізді каратешілер де өздерін жақсы қырынан көрсетті. Бірінші кезекте 60 келіде сынға түскен Дархан Асаділовке тоқталғым келеді. Ол былтырдан бері өзі қатысқан жарыстардың бәрінен жүлдемен оралып жүр. Рабаттағы Премьер-лига кезеңінде ол әдеттегідей кіл мықтылармен бір топқа түсті.

Бразилиялық Броз, италиялық Кречензо, жапондық Саго мен түрік Ерай Дарханның басты қарсыластары саналады. Премьер-лига кезеңінде Асаділов азулы спортшылардың бәрінен басым түсті. Сондай-ақ, Дархан жыл басынан бері қатарынан үш алтын иеленді. Ол Дубай, Зальцбург және Рабатта тұғыр биігінен көрінген жалғыз спортшы.   

Осылайша, Дархан олимпиадалық рейтингтегі төртінші орынға тұрақтады. 

84 келідегі Игорь Чехмаревтің жүлдесі де біз үшін бағалы. Ол рейтингте жоғарылау үшін барын салуда. Йорданиядағы Азия чемпионатында, Шанхайдағы турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал Рабаттағы қола медаль біздің спортшының рейтингтегі орнын нығайтуға көмектесері сөзсіз. Ұлттық құраманың өзге мүшелері жүлдеге ілікпесе де, бірнеше айналымға дейін сүрінген жоқ. 

Рабаттағы турнирге Қазақстан командасы ұзақ әрі тыңғылықты түрде дайындалды. Алматы облысындағы ҰОК базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жарыс қарсаңында Франция құрамасымен бірлескен дайындық кезеңінде болдық.

Енді мамыр айындағы олимпиадалық рейтингтің айтарлықтай өзгеріске ұшырайтыны анық. Мароккодағы жарыс қорытындысы сол кезде есепке алынады, дейді Жасталап Санауов.