Саясат • 24 Сәуір, 2019

«Ақ жол» партиясының бағдарламасы: Несие ставкасы 5-7 проценттен аспауы керек

1350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақ жол» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасының жобасын жариялады. Аталған бағдарлама жеті негізгі бағыттан тұрады. Соның бірі - бәсекелестік және жаппай кәсіпкерлік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» партиясының бағдарламасы: Несие ставкасы 5-7 проценттен аспауы керек

Партия төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, «Ақ жол» әрдайым жеке, ең алдымен, шағын және орта бизнесті жақтап келеді. Дегенмен, елдің алдында жаһандық сын-тегеуріндер тұр. Оларды еңсермей, ары қарай даму мүмкін емес. 

«Осы қауіптерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыру үшін келесі іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Несие ставкасы теңгемен 5-7 проценттен аспау керек. Шағын және орта бизнестің құлдырауына және халықтың кедейленуіне әкеп соқтыратын тұрақты девальвация тәжірибесін тоқтату қажет. Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы девальвация болмайды деп мәлімдесе, бірақ ол орын алатын болса, ондай шенеунік отставкаға кетуі тиіс», деді А.Перуашев бүгін партияның кезектен тыс XV құрылтайында.  

Оның сөзіне қарағанда, банктердің Ұлттық қордан ақша алып, осы қаражаттарды Ұлттық банк және Зейнетақы қорының қағаздарына емес, бизнеске арналған несиелерге бағыттауы тиіс. Ал Ұлттық қордың қаражатын шетелде ұстамай, отандық экономикаға салу керек. 

«Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін күшейткен жөн. Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар мен ішкі нарықта мемлекеттік сатып алуда отандық кәсіпорындардың басымдығын қамтамасыз ету, ұлттық компаниялардың және даму институттарының қызметіне парламенттік мониторинг енгізу, олармен мемлекеттік қаражаттарды пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету керек.  

Ұлттық компаниялардың барлық кірісі бюджетке түсуі қажет, ал олардың салықтары бюджеттен алынатын сомалардан асуға міндетті. Мемлекет өздігінен табыс табатын, бюджетке салық төлейтін және басқаларға жұмыс беретіндерді қолдауға міндетті!», деп атап көрсетті А.Перуашев.  

Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасы әлі де толықтырылуы мүмкін. Бүгінгі құрылтайда партия төрағасы жобаны сайлауалды үгіт-насиxатқа дейін дайындап қоюды тапсырды. Партияның кандидаты әлі анықталған жоқ.