Паллиативтік көмек – айықпас дертке шалдыққан науқастардың ауруын жеңілдету мақсатында көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызметтер жиынтығы. 2018 жылдың мамыр айынан бастап жүргізілген зерттеу авторы Марат Мамаевтың мәліметінше, Қазақстанда шамамен 27 мыңға жуық адам паллиативтік көмекке зәру. Олардың денін әбден асқынып, ақырғы кезеңге өткен онкологиялық аурулар құрайды. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының аздығына байланысты бұл көмекті сырқаттардың жартысы ғана пайдалана алады.
«Біз зерттеу барысында паллиативтік көмекке деген сұранысқа баға бердік. Оның ресми мәліметтерден айырмашылығы болуы да әбден мүмкін. Себебі, есептеу әдістемелерінде өзгешеліктер бар және паллиативтік көмек түрлерінің бірсыпырасы бізде көрсетілетін медициналық қызметтер тізіміне енбеген. Әдетте, олар ресми статистикада басқаша атаулармен, стационарды алмастыратын көмек түрлері ретінде беріледі», - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен, қазақстанда паллиативтік көмекті дамытуға не кедергі болып отыр? Жобаны таныстыру барысында сарапшылар оның негізгі деген үш себебін атап өтті. Айтуларынша, бізде рынок дамымаған және науқасқа паллиативтік көмекті үйде көрсететін қызмет мүлдем жоқ деуге болады. Екіншіден, ауыр дертке шалдыққан науқастарды күтумен айналысатын туыстарына әлеуметтік жәрдемақы төлеу мәселесі шешілмеген. Үшіншіден, паллиативтік көмек көрсететін арнайы мекемелерде яғни, хоспистер мен стационарларда орын жетіспейді.
«Өкінішке орай, паллиативтік көмекті үнемі үй жағдайында көрсету мүмкін бола бермейді. Мысалы, пациенттің үйі тар болуы мүмкін. Кейде ажал аузында жатқан науқасқа күрделі медициналық көмек түрлерін көрсету қажет болып жатады. Жалпы, еліміз бойынша паллиативтік көмек көрсетуге 41-ақ орын бөлінеді. Ал, Қазақстанда 1352 пациент паллиативтік көмекті қажет етеді. Стандарт бойынша, көмектің бұл түрін көрсету үшін әр 400 мың адамға 30 орын бөлінуі тиіс», - деп түсіндірді «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Күлкаева.
Паллиативтік көмек саласындағы қаржы тапшылығын жою үшін медициналық қызметтерге қосымша 3,4 млрд теңге бөлу керек. Оған қоса, стационарлар мен хоспистердегі орын тапшылығын біртіндеп қысқартуға тағы 1 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Сарапшылар пікірінше, ауыр дертке шалдыққан пациенттерді бағатын туыстарына әлеуметтік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 9-11 млрд теңге қажет болуы мүмкін.
«Қазақстанда паллиативтік көмек саласы үлкен дағдарысты бастан кешіп жатыр. Оның үстіне, халық санының көбеюіне байланысты аталған қызметке деген сұраныс алдағы уақытта артпаса, кемімейді. Сондықтан бұл тақырыпты күнтәртібіне шығарып, жұртшылық назарын аударудың маңызы зор. Мемлекет денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгертуге бет бұрғаны абзал», - деп атап өтті тәуелсіз сарапшы, зерттеудің рецензенті Әли Нұрғожаев.