Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Шымкент мектептерінде жер сілкінісінен сақтануға арналған оқу-жаттығу өтті

1043 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алдын алу жұмыстарына дайындықты пысықтау барысында тұрғындарға эвакуациялық пунктердің жұмысын көрсетті.

Шымкент мектептерінде жер сілкінісінен сақтануға арналған оқу-жаттығу өтті

Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның базасында орналасқан 31-эвакуациялық жинау пунктінде жер сілкіну кезіндегі іс-қимылдарды тексеру үшін практикалық жаттығу өтті.

Аталған оқу-жаттығу жиынына 1600-ға жуық адам қатысты. Айта кетерлігі, бүгінде шаһарда  57 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Солардың бірі осы аталған білім ордасында орналасқан  31-эвакуациялық жинау пункті.

«Эвакуациялық жинау орындары көпқабатты үйлер мен халық тығыз орналасқан елдімекендерде орналасқан. Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерін ескере келе, жинау пункт ретінде мектептер таңдап алынды. Зілзала, табиғи және тағы да басқа апаттар кезінде қауіпсіз аймаққа жиналған адамдар ашық лагерьге көшіріледі. Қалада 5000 тұрғынға арналған арнайы орын қарастырылған»,  деді Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев.

Бұл реткі шараға 33 мекеме қызметкерлері мен 50 мектептің басшылары қатысып, практикалық жұмыстар кезінде апатты жағдайда қауіпсіз аймаққа қалай бару керек екенін тәжірибе жүзінде түсіндірді.