Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Ақтауда «Сиқырлы таяқша» атты дирижерлар байқауы өтуде

1273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Боздақ Рзаханов – Маңғыстау топырағынан алғаш шыққан кәсіби дирижер және домбырашы. Боздақ Рзахановтың есімін мәңгі есте қалдыру және дирижерлардың кәсіби деңгейін шыңдау, шеберлігін көтеру, аталмыш салада жаңа есімдер ашу мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен домбырашы, дирижер Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» ІІI республикалық дирижерлар байқауы Ақтау қаласындағы Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің қатысуымен өткізілуде.

Ақтауда  «Сиқырлы таяқша» атты  дирижерлар байқауы өтуде

Б.Рзахановтың шығармашылығын кеңінен насихаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, дирижерлік өнер аясында жас дарынды таланттарды анықтап және олардың  кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау, сондай-ақ талантты музыка шеберлері арқылы музыкалық мәдениеттің деңгейін көтеру және мәдени мұраны насихаттау, олардың дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, жастардың эстетикалық және ұлтжандылық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тартылуына ықпал ету мақсатындағы байқауға республика бойынша әр облыстан 2 үміткерден, Алматы, Астана қалаларынан  3 үміткерден, барлығы 13 үміткер қатысуда.

Дирижерлардың өнерін сарапқа салушы қазылар алқасына  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Нұр-сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, профессор А.Жайымов жетекшілік етуде.


Маңғыстау облысы