Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің өзара сенімге негізделгенін атап өтті. Сондай-ақ өзі Қазақстан Президенті ретінде қабылдап отырған алғашқы еуропалық басшы – Мажарстан Премьер-министрі екенін айтты.
– Қазақстан мен Мажарстанды ортақ құндылықтар мен тарихи тамыр біріктіретінін білесіз. Мен Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған кезден бастап екіжақты қатынастарымыздың қалыптасуына куә болдым. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның елшілігі ашылған тұңғыш ел болғаны үшін Мажарстанға ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыра беретінін, еліміздің Мажарстанмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Мажарстанның Еуропалық одаққа мүшелігіне 15 жыл және Солтүстік Атлант Шарты ұйымына кіргеніне 20 жыл толуына орай құттықтады. Қазақстан Президенті Будапешттің халықаралық аренадағы беделінің артуы және мажар экономикасының тұрақты өсуі қазіргі үкімет саясатының тиімділігін көрсететінін айтты.
Бірлескен брифинг барысында екі тарап өзара іс-қимылдардың саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы басым бағыттарын айқындады. Қазақстан Президенті бұл кездесудің екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 5 жылдығы қарсаңында өткізілуінің мәніне тоқталды.
– Мажарстан Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен Стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш ел. Бұл – өзара терең түсіністіктің, сондай-ақ екі тараптың да Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысының дәлелі. Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, сондай-ақ Еуропалық Одақ аясындағы негізгі әріптесіміз деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдерімізді саяси және экономикалық мүдделерімізбен қатар, ортақ тарихи тамыр біріктіретінін еске салды.
– Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағын біріктіріп отырған «Мажар қыпшақтарының одағына» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрметті көшбасшы болып тағайындалды. Бұл – Елбасының екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесінің мойындалуын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
– 29-30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Стратегиялық кеңестің 3-отырысының жұмысына қатысу үшін Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варга бастаған бизнес өкілдерінің сапары жоспарланған. Бұл кездесу сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестігімізді одан әрі кеңейтуге септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мажарлық іскер топ өкілдерін Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге шақырды.
– Біз инвестициялық жобаларды көбейтуге мүдделіміз. Бұл үшін бізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әлемдік деңгейде қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуде. Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына және ауқымды Қытай нарығына тікелей шығуға мүмкіндік бар. Қазақ-мажар тікелей инвестиция қорының жұмысы жемісті ынтымақтастықтың жарқын үлгісі саналады. Осы қордың қолдауымен Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласында болашағы зор жоба жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.
Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
− Қазақстанда осыдан 4,5 жыл бұрын болған едім. Сол уақыттан бері елдеріңіз қарқынды дамып, ілгерілей түскен. Қазір технологиялық өзгерістерді байқап отырмын және алдағы уақытта мұнан да қарқынды дамуға куә болатынымызға сенімім мол, – деді Мажарстан Үкіметінің басшысы. Оның айтуынша, Қазақстан мен Мажарстанның арасы географиялық тұрғыда тым шалғай жатыр. Дәл осы жайт экономикалық байланыстарды күшейтуде қиындық тудырып отыр. Дегенмен, оны да еңсерудің жолдары бар.
− Біз соңғы уақытта қазақ-мажар бірлескен кәсіпорындарын құру үшін барынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық қаржы орталығының құрылуына жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақ-мажар инвестициялық қорын құрдық. Бұл қазіргі уақытта өзінің алғашқы жемісін беріп те отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында өзіміздің ең алғашқы ірі инвестициялық жобамызды жүзеге асырдық. Екінші жобаны қолға алдық. Оның аясында сүт зауытын салатын боламыз, – деді Виктор Орбан.
Мажарстан Үкімет басшысы өз сөзінде келесі аптада мажарлық 100-ге жуық кәсіпкердің қатысуымен келіссөздер жүретінін, кездесу нәтижесінде инвестициялық жобалар қарқыны артатынына сенім білдірді. Сонымен қатар өзінің бұл жолғы сапары екі тарап үшін де тиімді бастамаларға негіз болғанын жеткізді.
2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 139,2 млн долларды құрады. Мажар еліне Қазақстан тарапынан минералды отын, химиялық тыңайтқыштар, көлік құрал-жабдықтары мен механизмдері экспортталса, импортталатын тауарлардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдері, органикалық тыңайтқыштар, медициналық өнімдер, өнеркәсіптік және кеңселік құрылғылар бар. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыспен қатар, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас та берік орнаған. Мажарстанның «Сечени» ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылса, Сегед ғылыми университетінде қазақ тілі оқытылады.
Тараптар сындарлы диалог пен өзара жемісті іс-қимылдар екі ел халықтарының игілігі үшін ұзақ мерзімді негізде жалғаса беретініне сенім білдірді.