Экономика • 25 Сәуір, 2019

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты ұлғайып келеді

2082 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан экономикасында ең үлкен әлеует ауыл шаруашылығы саласында екені белгілі. Жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елімізде бұл саланың дамуы көптеген мәселені ретке келтірген болар еді, экономикамыздың бәсекелестік қабілеті артар еді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің  экспорты ұлғайып келеді

Қазір қай елде ауыл шар­уа­­­шылығы жақсы дамып отыр­ға­нына назар аудар­са­ңыз, алдыңғы қатарға Батыс­тың шағын елдерінің шық­қан­ын байқайсыз. Себеп, бұл елдерде ауыл шаруашылығын жүр­гізу, өнім өндіру мен өң­деу технологиялары дамыған. Мал өнімдерінің сапасы мен тазалығына қойылатын ветери­на­риялық талаптар кез келген рынокқа еркін енетіндей халықаралық стандарттардың биік деңгейіне көтерілген. Міне, осындай мәселелердің ретке келтірілуі нәтижесінде ала­қан­дай ғана жері бар Ни­дер­­ланд, Дания секілді ша­ғын елдердің ауыл шаруа­шы­­­­лы­ғынан табатын табысы Қазақстанның табысын бір­не­ше орайды.

«Адамның берге­ні жет­пей­ді, Алланың бергені кет­пей­ді» деп дана халқымыз айтқан­дай, бұл елдерде ауыл шаруа­­­шылығы дамуының да өз шегі бар. Олар өз дамуы­ның зама­науи деңгейіне көтеріл­генімен түбінде өнім өн­ді­ру­дің молдығы, өнім­де­рінің өтім­ділігі жағынан Қазақ­стан­­­нан асып кете алмайды. Себебі қазіргі сәтте олардың қо­л­ында технология мен қа­зір­­гі заманғы озық тәжірибе бол­ғанымен біздегідей ұлан-байтақ жер жоқ. Түптің түбінде жердің ұлан-байтақтығы мен жайылымдардың молдығы дамудың аса зор перспективасы бойына шоғырланған бір мәселені шешетін болады. Бұл әлем бойынша таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін елдердің алдыңғы қатарға шығу мәселесі. Әлемде кедей елдер қатары азайған сайын бұл үдеріс үдей бермек. Ал осы сұранысқа жауап бере алатын санаулы елдер қата­рын­да жер ресурстарының молды­ғымен Қазақстанымыз бе­рік орын алады

Өкінішке қарай, әзірге бұл мәселе елімізде әлі ашылмаған әлеует күйінде қалып келеді. Егер осы зор әлеуетті аша алсақ, экономикамыздың ха­лық­­аралық деңгейдегі бәсе­ке­лестік қабілеті қазіргіден әлдеқайда артқан болар еді. Демек, бұған қол жеткізу деге­ні­міз, түптің түбінде, бос жат­қан даламыздың іске қосы­луын, халық үшін орасан мол жұ­мыс көзінің ашылуын, ақыр аяғында еліміздегі адам санын халқы­мыздың және бізге жұмыс іздеп келуші мигрант­тар есебінен әлдеқайда артты­ратыны түсінікті. Мұн­дай перспективалық даму мүм­кіндігі мен әлеуеті эконо­ми­ка­мыздың басқа салаларында кез­десе қоймайды.

Әрине, оған қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортын жолға қою керек. Қазақстан Үкіметі осы бағыт­та соңғы бірнеше жылда үз­дік­сіз жұмыс істеп келеді. Экспорт­тық әлеуетті нығайту үшін суб­си­диялар бөлу, шетелден асыл тұқымды малдарды топтап сатып алу, Қазақстанның шетелдердегі елшіліктеріне отандық өнімдердің экспортын алға жылжытуды міндеттеу, ветеринария саласын дамыту, ауыл шаруашылығының кооперациясын нығайту, шетелдік технологияларды елге жеткізу ісімен шұғылданатын арнайы мемлекеттік ұйымдар құру секілді талай амалдар да жасалды. Міне, осындай шаралар кешенді сипатқа ие бола келе, алғашқы нәтижелерін де бере бастағандай. Бұған біз өткен жылғы еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экс­порты туралы Қаржы ми­нис­т­рлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің мәлі­мет­те­ріне назар аударғанда көз жеткіздік.

Бұл мәліметтерде 2018 жы­лы ауыл шаруашылығы өнім­­­­де­­рінің жалпы экспорты 3 мил­­лиард 24 миллион АҚШ дол­ларына жеткені айтылған. Бұл ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің экспорт көлемі трил­лион теңгелік биіктен асып түсті деген сөз.

Соның ішінде, атап көрсе­те­тін бір мәселе, 2018 жыл­ғы ауыл шаруашылығы өнім­­дерінің экспорт көлемі алдындағы жылмен са­лыс­тыр­ғанда 24,5 пайыз­ға асып түсуі болып отыр. Егер осы қарқынды сақтай­тын болсақ, енді 4 жыл өткенде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қазіргі экспорттық деңгейін екі есе өсіріп, екі триллион теңге­лік деңгейге қол жеткі­зе­міз.

Бір өкініштісі, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдері экспортының жалпы көлемі осы деңгейде артқанда бұл өнімдерді өңдеу ісінің әлі де болса, кенжелеп қалуы. Мәселен, экспортқа шыға­­рылған өнімдердің үштен бір бөлігі ғана өңдеуден өткізі­ле­ді. Мұның өзі еліміздің агро­өнеркәсіптік кешенінің ауыл­шар­уашылық технологиялар саласында әлі де болса, көп кейін қалып келе жатқандығын көрсетеді. Бұл – бір.

Екіншіден, 2017 жылмен салыс­тырғанда өңделген өнім­дер экспортының көлемі 3,5 пайыз­ға арта түсті. Яғни алға басу бар. Бірақ мұның өзі шикізаттық ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерінің экспорт көлемінің артуындай қарқын­ды емес.

Үшіншіден, экспорттың негізгі көлемі бұрынғыдай би­дай (26,9 пайыз) мен ұнға (14,7 пайыз) тиесілі. Де­мек, Қазақстанның байтақ дала­с­ының, оның негізгі бөлігін құрай­тын мал жайы­лым­да­ры­ның әлеуетін көте­ре­тін мал шаруашылығы экономикалық даму процесі ішінен өзінің берік орынын ала алмай отыр.

Әрине, осының бәрі айт­қан­ға, сынағанға жеңіл. Ал істі жүргізу оңай емес. Сон­дықтан Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі мен экспорттық опера­цияларға қа­тысушы ком­паниялардың, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өнді­ру­ші­лердің атқарған ісі айтар­лықтай.

Өңірлерге назар аударатын болсақ, өткен жылы экспортқа шығарылған 3 миллиард 24 миллион АҚШ долларына тең жалпы экспорт көлемінің 81 пайызы Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола об­­лыс­­тары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ла­­ры­ның үлесіне тиетінін айтуы­­мыз керек. Егер жекелеп айтатын болсақ, бүкіл ауыл шаруашылығы өнімдері экспор­тының 18 пайызы – Алматы қаласының, 17 пайы­зы – Қос­танай облысының, 14 пайы­­­зы – Нұр-Сұлтан қала­сының, 12 пайызы – Түркістан облысы мен Шымкент қала­сы­ның еншісінде. Міне, деректер осылай дейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің ісіне осыншалық зор үлес қосуы өнімдерді өңдеу ар­қы­лы қалыптасса керек. Әйт­песе, статистикалық дерек­тердің бір олқылығы ма, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жөнінен Алматы қала­сының Қостанай облы­сы­ның алдына шығуын, елор­да­ның Ақмола облысынан асып түсуін, шынын айтқанда, онша түсіне алмай отырмыз.

Енді осы ойымызды одан әрі жалғасақ, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­порт­тау жағынан бірінші орын­ға Қостанай облысы (экспорттың 24 пайызы), екін­ші орынға Түркістан облы­сы мен Шымкент қаласы (22 пайы­зы), үшінші орынға Алматы қаласы (18 пайызы) жай­ғас­қан екен. Осы төрт өңір­дің өзі ғана өңделген өнім­дер экспор­тының 64 пайы­­зын қамта­ма­сыз еткен.

Айта кететін тағы бір жағ­­­­дай, экс­порт мәселесінде егі­н­­­­­шілік са­ласынан айтар­лық­­­­­­тай кен­желеп келе жат­қа­­­­нымен, өткен жылы мал ша­руа­шылығында да жақсы серпін байқалған. Ұзақ жылдан бері алғаш рет Қазақстан ет экспортын 33 мың тоннаға жеткізді. Мұның 19 мың тоннасын сиыр еті құрады. Еліміз әлемнің 11 еліне ет экспорттады. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүл­ми­ра Исаеваның айтуына қара­ғанда, бұл қарқын биыл да сақталмақ. Өйткені биыл алғашқы үш айда 7,5 мың тонна ет экспортталған. Міне, осының 5 мың тоннасы бір ғана Түркістан облысының еншісінде екен. Біз мұны жаңа құрылған облыстың алдын­да­ғы тың бағыттың ашыл­уы деп түсіндік.