Руханият • 25 Сәуір, 2019

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз еді...

1228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көзі тірі болғанда абзал азамат, көрнекті ғалым, өнертап­қыш, техника ғылымдарының докторы Анвар Акчурин үстіміздегі жылдың 28 сәуірінде 75 жасқа толатын еді.

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз еді...

Батыс Қазақстан облы­сының Бітік кентінде туып-өскен қарапайым ғана ауыл баласы ғылымның нәріне терең­нен бойлап, осы салада орасан зор табысқа қол жеткізді. Орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған ол Ресейдің Саратов қаласындағы Меха­никаландыру және элек­трлендіру институтына оқуға түсті. Студенттік шағында да алғырлығымен оқшауланды. Ленин стипендиаты атанып, айтулы білім ошағын қызыл дипломмен аяқтады. 

Өз қатарластарының алды болған Анвар Ғафурұлы 1970 жылы техника ғылымдары бо­йынша кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады. 1976 жылы 32 жасында техника ғылымдарының докторы атанды. Сол кезеңде елімізде отыздан енді ғана асқан шағында дәл осындай биік дәрежеге жеткен техника саласының ғалымдары ілуде біреу ғана еді. 

А.Акчурин көптеген ауқым­­ды еңбектер жазды. 1975 жы­лы Қазақстан Ленин комсо­мо­лы сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар КСРО өнертапқышы (1983), Қазақ­станның құрметті жол қыз­меткері (1989), КСРО Жоғары мек­тебінің үздігі (1990), акаде­мик (1998), ЖОО-ның ең үздік оқытушысы (2007), «Қазақ­станның ғылымын дамытуға қос­қан үлесі үшін» медалінің иегері деген атақтары тағы бар.  

А.Акчурин 1979-1983 жыл­дар аралығында Рес­пуб­ликалық ғылыми ең­бек­т­і ұйымдастыру және өн­діріс­ті басқару орталығына жетек­­шілік етті. Одан ке­йін­гі уа­қытта Қазақтың авто­жол инс­титутының ректо­ры, Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік қызмет академиясының оқу-әдіс­темелік жұмыс орта­лығы­ның директоры, Басқару инс­титутының проректоры қызметтерін атқарды. Бір сөзбен айтсақ, айтулы азамат­тың отандық ғылым мен көлік саласының дамуына қосқан үлесі орасан зор.

Өзінің саналы ғұмырын толықтай білім мен ғылымға арнаған Анвар Акчуриннің жетекшілігімен 800-ден аса маман дипломдық жобаларын ойдағыдай қорғады. Ұла­ғатты ұстаздан тәрбие алған шәкірттердің дені республикамызда жол көлігі, халық шаруашылығын басқару, құрылыс және басқа да сала­лардың дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінде ел экономикасын өркендету жолында А.Акчуриннің шәкірттері тынбай еңбек етуде. 

Міне, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұла­ғатты сөз осындайда айтылса керек.