Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Рейтинг жоғары болса, көрермен қалауы

1003 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордада «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бірқатар азаматтың өтініш-тілектерін тыңдады.

Рейтинг жоғары болса, көрермен қалауы

Қоғамдық қабылдауда министр сегіз адамның үніне құлақ түріп, бәріне тұшымды жауап қайтарды. Оның ішінде екі азамат өңірлерден онлайн режімінде байланысқа шығып, сауалдарын тікелей жолдады.

Алдымен Алматы қаласынан журналист Бибігүл Дәулетбекқызы кейінгі кезде әлеуметтік желілерде көп талқыланған бірнеше мәселені көтерді. Журналист рейтинг қуалаған бағдарламаларға, соның бірі «Өз ойым» бағдарламасына қатысты сөз қозғады. Оның айтуынша түскі 15:00-де эфирге шығатын бағдарлама тәлім-тәрбиеге жат, ұятты тақырыптарды көтеріп, оған әлеуметтік желілерде біраз жұрт қарсылық танытқан. Мұндай бағдарламалардың қатарында «Кел, келінім», «Қалаулым» бағдарламалары бар екенін айтты.

Министр бұл сауалға «Осындай тақырыптардың қоғамдық талқыға түскені сіз атаған бағдарламалардың бұдан кейін көбеймеуіне ықпал етеді. Біз заңға қайшы келетін контент болғанда ғана мұндай бағдарламаларды жаба аламыз. «Өз ойым» бағдарламасы – жеке телеарнаның қарамағында. Бір тарап осындай бағдарламалардың жабылуын сұраса, екінші тарап сөз бостандығын шектеді деп қынжылыс білдіреді. Мұнда бастысы көрермендердің таңдауына қарау керек. Өйткені аталған бағдарламалардың қаралымы миллионнан асады. Яғни рейтинг мәселесі көптің сұранысынан туады. Бұл түйткілді сауалдар бойынша арна басшыларымен, бағдарлама жетекшілерімен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Қазір маған «Қалаулымның» беті бері қарап келе жатқанын айтты. Сол сияқты «Өз ойым» да бірте-бірте қалыпқа келеді деп ойлаймын» деп жауап берді. Сондай-ақ бұдан былай эфирде рұқсатсыз, балалардың бетін бүркемей көрсетсе, әкімшілік жаза қолданылатынын және теледидардан, әлеуметтік желілерден кішкентайлардың қандай дүниелерді көретініне ата-аналар да жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

Екінші сұрақ та онлайн түрінде Батыс Қазақстан облысынан жолданды. Жаңақала ауданы, Қызылоба ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Табылды Масатовты өңірде Қазақ радиосының стансасы жоқтығы алаңдатады екен. Өйткені көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін тұрғындар жаңалықтарға радио арқылы қаныққысы келеді.

Д.Абаев бұл мәселе назарда екенін, Кеңес өкіметі кезінен бері қозғалып келе жатқанын және оның біртіндеп шешілетінін жеткізді. Оның айтуынша, 2018 жылы Алматы облысы мен Түркістан облысында радиостансалар түгел орнатылды. Енді бұл мәселе Батыс Қазақстан облысында биыл және келесі жылы толық шешімін табады.

Осыдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының өтінішін зейін қойып тыңдады. Соның бірі «Active life» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің президенті Арнұр Искаков өзі Youtube желісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап түрлі тақырыпта арна жүргізетінін және алдағы уақытта өнерге әуес қамкөңіл жандар үшін арнайы бағдарлама жасап, контент қалыптастыруды қолдауын сұрады.

Бұған Д.Абаев «Әлеуметтік әлсіз топтарға бөлектеп бағдарлама жасау қаншалықты қажет? Өйткені инклюзивті дегеннің өзі ондай жандарды қоғамнан оқшауламай біріктіру, балалардың бәрі бірдей деген сөз емес пе?! Бірақ мұндай бағдарламалардың бізде бірнешеуі бар. Сіздің ұсыныстарыңызды да қарап көреміз» деп жауап қатты.

Сонымен қатар Наталья Теміржанова есімді қала тұрғыны «Ұлы даланың екі қаласы» атты бейнесюжет әзірлеуге және «The Brain media group» ЖШС директоры Сергей Сельищев телеарнада жаңа бағдарламалар жасауға қолдау сұрады. Бұлардың тілектерін министр қағазға түртіп алып, назарда ұстайтынын жеткізді.

Ал Айнұр Нұрымова жастар арасында айтыс ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірсе, Шерхан Жеңіс хип-хопты дамытуға демеу көрсетуді өтінді. Д.Абаев мұны ұйымдастыру Мәдениет және спорт министрлігінің еншісінде екенін, дегенмен тележоба ретінде өткізуге қаншалықты жарайтынын қарастырып көретінін айтты.