Руханият • 25 Сәуір, 2019

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті имамдармен кездесті

746 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәрсенбі, 24 сәуір күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы жүзден астам имамдармен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақтобе облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті имамдармен кездесті

«Дін - тұрақтылық кепілі» тақырыбындағы басқосуға ҚМДБ  төрағасының орынбасары, найб мүфти Алау Әділбаев қатысты. Дін өкілдерімен кездесу барысында имамадардың  діни сауаттылық, тәжірибе арттыру, мәселелері мен өңірдегі діни тұрақтылық жайы талқыланды.

«Өңірдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде ҚМДБ-сы қызметкерлерінің атқарып отырған рөлі зор,  облыстағы  67 мешітте 109 діни қызметкер жұмыс жасауда. Олардың жалақы мәселесі қоғамдық қорлар мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шешіліп отыр. Қазіргі таңда, дін саласы мамандарының сапалық көрсеткіші де артқан. Алдыңғы жылдары жоғары білімді қызметкерлер 43%-ды көрсетсе, бүгінде бұл көрсеткіш 67%-ға артты. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен ҚМДБ өкілдігінің бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі»,-деді облыс әкімі.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы  бойынша өкілі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Оспан Төлеби Дәділұлы өңірдегі діни ахуалдың тұрақты екенін, өңір мешіттері діни қызметкерлермен, имамдармен толық қамтылғанын атап өтті.

ҚМДБ өкілдігі 2018 жылды «Ислам және Отбасы» жылы деп жариялап,  жоба аясында 624 отбасыға әртүрлі қайырымдылық көмек көрсетілген. 2018 жылдың 24 қыркүйегінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың өңірге жасаған сапары барысында «Уақып» қоры, Ақтөбе облысының әкімдігі және ҚМДБ арасындағы үшжақты меморандумға қол қойды. Соның аясында, қызметкерлерді тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қолдау мәселелері оң шешімін табуда.  Ал, биылғы жылы өңірде бастау алған «Ел үлесі пәтерге» жобасының аясында жергілікті ҚМДБ өкілдігінің қолдауымен  2 отбасына пәтер берілген. 2018-2019 жылдары әкімдік тарапынан облыс көлемінде  5 мешіттің құрылысы жүретін болады. Соңғы жартыжылдықта 2 мешіт ашылған.

ҚМДБ  төрағасының орынбасары, найб мүфти Алау Әділбаев атқарылған жұмыстар мен  ақтөбелік имамдардың біліктілік деңгейіне  жоғары бағасын берді.

Атап өтейік, 23-сәуір күні жергілікті имамдар аттестация тапсырған болатын.

«Өткізілген аттестация имамдардың біліктілігін арттыруға, өңірдегі білікті мамандар санының артуына септігін тигізеді деген ойдамын. Сіздерге сынақтан сәтті өтіп, діни тұрақтылықты қамтамасыз етудегі қызметтеріңізді жаңа қарқынмен жалғастырыңыздар деген тілегімді білдіремін»-деді аймақ басшысы.