Баһаргүлдің байлығы
Егер адамдардың табандылығына, бастаған ісінің бүтіндігі мен елжандылығына тәнті болу керек болса – ондай жандардың шоғырында шоқтығы биік болып Баһаргүл де тұрар еді. Осы бізді Баһаргүлдің әлеміне бастаған қандай жол еді, өзі? Атажұртта тұрақтағанына жиырма жылға жуықтаған және осы аралықта жалғыз өзі-ақ ерен тірлік атқарып, армандарын іске асырған қазақ қызының ұғымындағы «байлық» деген не?
Егер адамдардың табандылығына, бастаған ісінің бүтіндігі мен елжандылығына тәнті болу керек болса – ондай жандардың шоғырында шоқтығы биік болып Баһаргүл де тұрар еді. Осы бізді Баһаргүлдің әлеміне бастаған қандай жол еді, өзі? Атажұртта тұрақтағанына жиырма жылға жуықтаған және осы аралықта жалғыз өзі-ақ ерен тірлік атқарып, армандарын іске асырған қазақ қызының ұғымындағы «байлық» деген не?
Дүниенің де тұрақтысы бар, тұрлаусызы бар деп толғамай тұрып, алғашқы сұрағымызға аз-кем аялдап өтелік. Осыдан он шақты жыл бұрын туризм тақырыбына аз уақыт болса да тұрақты қалам тарту керек болды. Алтын жұмыртқа табатын тауық сияқты бұл саланы жандандыру әлі күнге дейін күн тәртібінен түспегені аян. Туризм тақырыбын қаузай жүріп, алыс-жақыннан келген туристер елімізден естелік ретінде алып кететін тәбәріктер, яғни ұлттық кәдесыйлар жоқтың қасындай екеніне көзіміз жеткен.
Талай қолөнер шеберлері мен мүсіншілерге, суретшілерге нан тауып беріп қана қоймай, қазақтығымызды паш етіп тұратын сапалы сувенирлерді армандап жүргенде, бірен-саран жасалған жұпыны сый-кәделерді көріп жабырқап қалушы едік.
Иә, сөйтіп жүргенде сый-кәде дейтіннен әбден хабары бар, замананың әр кезінде жасалған, жүре келе жәдігерлерге айналған бұйымдарды жинауға толайым кіріскен Баһаргүл Төлегенқызымен таныстық. Және болашақты бажайлай алатын, бұл тірліктің құнын білетін сұңғыла қыз ұлттық кәдесый жасауды басы бүтін қолға алуға тәуекел еткеніне де куәміз. Осылайша, «Әдемі-ай» компаниясы дүниеге келді. Әрине, оңай емес. Жүрген аяққа ғана жөргем ілінеді. Бастапқыда Баһаргүлдің компаниясы бар болғаны 10-15 түрлі тәбәрік бұйымдар дайындауға қол жеткізгенінен де хабардар едік.
Ұлттық нақыштағы ғажайып кәдесыйлар жасап ғана қоймай, нарыққа не керек екенін, халықтың сұранысын, болмысын қоса зерттеген қызымыз бүгінде өнімдерінің санын 600-ге жеткізіпті. Және қандай? Қарасаң көзің тоймайтын, сәні де келіскен, сапасы да шетелдік қонақтар алдында жерге қаратпайтын әсем дүниелер. Бұлар, әрине, заманауи сыйлықтар.
Оған қоса бүгінде Баһаргүл Төлегенқызының қолында мыңға тарта көне жәдігер бар екендігін айтуға болады. Жылдар өткен сайын бағасы өсе беретін зергерлік және тұрмыстық бұйымдарды жинауға Баһаргүл Бейжің мемлекеттік университетінде оқып жүргенде-ақ әуестенген екен. Бастаған ісіне ыждағаттылықпен кіріскен қандасымыздың коллекциясын сонау ХІІ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі ғажайып зер-герлік және қолөнер бұйымдары толықтырумен келеді.
– Бұрын Бейжіңде оқып жүргенде Қытай императорла-рының сарайларын көп аралап, онда жинақталған көне бұйым-дарды, жәдігерлерді тамашалап, тәнті болатын едім. Осыдан кейін қоладан құйылған мүсіндерге қызығып, қолыма түскенін жинастырып жүрдім. Елге оралған соң «Неге өз ұлтымыздың шашырап жатқан байлығын жинастырмасқа?!» деген ой келді, – дейді Баһаргүл.
Айтқандай, осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайындағы Баһаргүлдің көрмесіне сырмақ, түкті кілем, тақыр кілем, төсек жапқыш, кебеже, сандықтар, күмістен соғылған зергерлік заттар, мыс самауырлар, қашалғанына ғасырлар өткен диірмен, келі-келсап, күміс жалатылған ыдыс-аяқ сияқты 800-ге тарта экспонаттар қойылған болатын. Ол өз коллекциясын толықтыру үшін талай рет Қытайдың, Тибеттің, Моңғолия мен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдарға дейін аралауға тура келгенін айтқан-ды. Сол кезде «Баһаргүлден бай адам жоқ» дейтін мақаламыз жазылған.
Баһаргүлдің байлығы жайлы сөз қозғап отырып, оның қазіргі шетелдік туристер мен қадірлі қонақтарға арнап шығарып жатқан кәдесыйларын аттап өту мүмкін емес. Тәуелсіздіктің елең-алаңында туризмді дамыту туралы мәселе көтеріліп, елімізге ат басын бұрған шетелдіктерге ұсынатын қандай кәдесыйларымыз бар деп бас қатырғанымыз кеше ғана деп айтып отырмыз ғой. Заманның іскер адамы деген осы болар. Жоқтан барды құрастырып, бардан байлық жасайтын Баһаргүлдің іскерлігіне тәнті болып, ақ батасын беріп жүрген ағайын аз емес.
Мәселен, Қысқы Азиада ойындарында, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде, Дүниежүзілік діндер құрылтайы, ШЫҰ жиыны сияқты елдігімізге сын болған келелі оқиғаларда Баһаргүл Төлегенқызының компаниясы шығарған ұлттық кәдесыйлар келген қонақтармен әлемнің әр шалғайына тарады. Мемлекеттің әріптесіне айналған компания республикалық байқаулардың мүсіншілерін дайындауға қол жеткізген.
Бүгінде Қазақстанда немесе шет мемлекеттерде өтіп жүрген халықаралық зергерлік бұйымдар көрмесінен Баһаргүл жинастырып жүрген жәдігерлер жауһарын жазбай тануға болады.
Осылайша, жуырда ғана «Әдемі-ай» компаниясы және «Әдемі-ай» өнер мұражайы өткізген «Ұлт жауһарлары» атты көрменің үстінен шықтық. Осы он шақты жылдың көлемінде Баһаргүлдің өмірінде талай өзгерістер мен көз қуантарлық жаңалықтар орын алыпты. Өнертанушы ару Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атаныпты. Ұлт мұраларын заманауи технологиялармен жаңғыртып, халқымыздың салт-дәстүріне сай жасалған кәдесыйларды жаңаша тұрғыда тұтынушыларға ұсына бастаған.
Олардың қатарында, қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Қазақстан тарихы» табақшасы, «Наурыз» картинасы, зергерлік әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, өңірлерге арналған табақшалар топтамасы, қазақ халқының соғыс қарулары мен саз аспаптары үлгісінде жасалған флеш-карталар бар. Барлық бұйымға да сұраныс бар.
Ең қызығы, «Қазақстан тарихы» табақшасының тұсында көп аялдадық. Компьютерлік техникалардың көмегімен жасалған табақтың түймесін бассаң сөйлейді. «Жеті қазына» сыйлық-картинасы, тізе берсең бәрі тамаша. Осыдан кейін Баһаргүлмен әңгімелесіп, біткен іс пен бастауын күткен жобалар жөнінде сұхбаттастық.
– Соңғы көрмені «Әдемі-ай» өнер мұражайында тұрған көне жәдігерлерді жаңа қырынан жаңғырту үшін қолға алдық. Өйткені, бізде дарынды дизайнерлер тобы пайда болды. Баяғы зергерлік бұйымдарды қазіргі жастардың талғамына сай етіп, қайта көпке ұсынуды көздеп, көп жұмыс атқардық. Ата-бабаларымыз тұтынған, әжелеріміз тағынған өңіржиек, құдағи жүзік, шашбау, шолпыларды жаңғыртып, жаңа үлгіде, қолжетімді етіп қайта жасап отырмыз. Бұлардың көпшілігі қазір ұмытылып, сурет күйінде қалып барады. Кейбірін ғана сахна адамдары пайдаланып жүр. Ал неге ұзатылатын қызға, жаңа түскен келінге тамаша етіп жасалған зергерлік бұйымдарды тағынбасқа? – дейді замандасымыз.
Баһаргүл десе, дегендей екен. Байырғы бұйымдардың ерекшеліктерін сақтай отырып, компания дизайнерлері жаңа үлгіде жасаған өңіржиектердің әдемісі-ай. Тұрмыс құрмаған қыздар тағатын құстұмсық жүзік, білезіктер – арзанқолды көрші елдерден тасылып жатқан бижутериялардан қай жағынан алып қарасаң да көш ілгері.
– Біз не бастасақ та өз дәстүрімізге сүйенеміз. Қазақта қуыс үйден құр шықпа дейтін кәде бар. Сондықтан «Орамал тон болмайды, жол болады» дейтін этикеткамен жібек орамалдар коллекциясын жасадық. Бұл орамалдарда шаңырақ, шашбау, шолпыларымызды көрсеттік, – дейді Баһаргүл.
Модель бикештер көрмеде осы орамалдарды тағып шыққанда көпшілік қошеметін аямағанына қарап, бұл істің де баянды боларына қуанып қалдық.
– Қаражаттан өте бір тапшылық көріп тұрмаса, ешкім ата-бабасының көзіндей жәдігерлерден айырылғысы келмейді. Тіпті, мұндай дүниелерді қомақты ақшаға да таба алмайсың. 90-шы жылдары ел нәпақадан қысылған кезеңде кей дүниелер қолға түсті. Ал Орта Азия елдерінің тарихи жәдігерлерін әлі де Бұл елдің несі бар, несі жоқ екен аз-аздап табуға болады. Ал қазақтың зергерлік бұйымдарының сарқыншағын да таба алмайсың қазір, – дейді Баһаргүл.
Міне, Баһаргүлдің байлығы осындай!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.