Қоғам • 25 Сәуір, 2019

Елордадағы көп балалы аналармен кездесті

794 реткөрсетілді

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының аз қамтылған және көп балалы отбасыларымен кездесті.

Тұңғыш Президент – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы аясында елорда бойынша жаңартылған АӘК алушылар шамамен 7 мың адамды құрайды. 

«Е-Халық» ақпараттық жүйесінің көмегімен АӘК-ге құжаттарды тапсыру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Жәрдемақыны алу үшін жеке басын куәландыратын құжат және өтініш берсе жеткілікті. Егер жүйеде қажетті ақпарат болмаған жағдайда жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері немесе әкімдіктер тиісті мемлекеттік органдарға жазбаша өтініш жасайды. 30 күн ішінде дайындалатын бұл құжатты күткісі келмеген өтініш берушілер қажетті құжаттарды өзі ұсынуға құқылы. «Жаңа атаулы әлеуметтік көмекте табысты есептеуге өзгерістер енгіздік. Яғни 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне төленетін, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақыларды және шәкіртақы мен жергілікті жерден төленетін ақшалай жәрдемді алып тастадық. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты және зейнетақыны алып тастаңыздар деп те айтылуда. Оны біз қарап жатырмыз. Қаржылай мүмкіндігімізге қарай шешім қабылдайтын боламыз», деген Б.Сапарбаев еліміз бойынша әр отбасының жеке әлеуметтік картасы дайындалып жатқанын да атап өтті.

«Елбасы әлеуметтік көмек ең мұқтаж отбасыларға көрсетілуі керек деген болатын. Біз осындай отбасыларды анықтау үшін жергілікті билік өкілдерімен бірге әр отбасының жеке әлеуметтік картасын жасап жатырмыз. Бұл жұмысты 1 шілдеге дейін аяқтаймыз. Бұл АӘК тағайындау үшін ғана емес, отбасының жалпы жағдайын білу үшін де керек», деді Б.Сапарбаев. 

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмектің көлемі мен саны артқанын жеткізді. Ол «Елбасының тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы өз тарапынан бюджеттік бағдарламалардағы күте тұратын шараларды кейінге қалдырып, үнемдеу жұмысы арқылы әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөліп отыр. Нақ­ты 13 шара қабылданды. Оған 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек», дей келіп, осыған дейін көрсетіліп ке­ле жатқан бес түрлі әлеуметтік кө­мек­ке қосымша қаржы бөлінгенін айтты. 

Атап айтқанда, бұған дейін елордада 2 мың отбасы тұрғын үй көмегіне ие болған болса, биыл оның көлемі 18 пайызға артпақ. Екіншіден, 18 жас­тан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың күтушілерін тегін жолақымен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Үшінші, үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін (1,5 есеге) жоғарылаған. Төртінші, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі. Бұл үшін 3 мың адамға 1,5 млрд теңге бөлінген. Бесінші, білім беру, денсаулық сақтау және әскери салада жұмыс істейтін бюджеттік қызметкерлерге берілетін тұрғын үй сертификатының санын 2 мыңға жеткізу үшін бюджеттен 2 млрд теңге қарастырылған. 

«Қосымша 8 әлеуметтік шараны айтатын болсақ: 1) Көп балалы отбасылардың балалары мектепке, колледжге, жоғары оқу орнына тегін бару үшін 200 млн теңге бөлініп отыр. Яғни 36 мың бала тегін жолақымен қамтылады. 2) Бұған дейін елордамыздағы барлық мектепте оқушылар 4-сыныпқа дейін тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, 1 қыркүйектен бастап көп балалы отбасылардың балалары 1-11 сыныпқа дейін тегін тамақтана алады. Қазір 32 мың балаға тегін тамақ берілу үшін 1 млрд-қа жуық теңге қарастырылды. 3) Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады. Биыл 10 мың балаға 500 млн теңге бөлінді. 4) Мектеп формасымен және оқу құралдарымен тегін қамтамасыз ету үшін 38 млн теңге бөлініп, 32 мың балаға беріледі. 5) Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ мүгедек бала­лар балабақшаға тегін баруына қолдау көрсетіледі. Бүгінде «Балапан» бағдар­ла­масы бойынша әр балаға орын үшін біз 27 мың теңге төлеп отырмыз, ал тұр­ғындар, тамақ үшін 17 мың теңге төлейсіздер. 1 қыркүйектен бастап көп балалы отбасылардың балаларына бұл қаржы бюджеттен төленетін болады. Бұл үшін де биылға жарты млрд теңге бөлуді көздеп отырмыз. 6) 180 мың балаға елорданың ЖОО-ларына танымал мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар бөлінбек. Бұл үшін тағы 25 млн теңге бөлініп, жылына әр балаға 500 мың теңге беріледі. 7) Көп балалы аналарға тіс дәрігері қызметін тегін ұсыну үшін бюджеттен 400 млн теңге қарастырамыз. 8) Көп балалы отбасыларға қысқы отынмен көмектесу үшін қосымша 1000 отбасына қаражат бөлінді», деді Нұр-Сұлтан әкімі. 

Сондай-ақ қала басшысы әлеумет­тік мәселелер бойынша үш айдың ішінде 350 жеке тұлғаны қабыл­дағанын, 850 адамның қабылдауда кезекте тұрғанын айта келіп, жеке мәсе­лелердің аудан, басқарма деңгейінде де шешімін табуы үшін аудан әкімдері мен басқарма басшылары да белсенді болуы керек екенін ескертті.

Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық істері коми­тетінің төрағасы Мархабат Жайым­бетов көп балалы отбасыларды пә­тер­мен қамту бірінші кезекте тұрғанын атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 616 пәтерге қаржы бөлінбек. Яғни жыл сайын қосымша 5,1 млрд теңге бөлінеді. 7 жылдың ішінде 35,9 млрд теңге бөлініп, 4107 қосымша пәтер салынады», деді ол. 

Комитет төрағасының айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында пәтер кезегінде тұрған көп балалы отбасының саны 1 қаңтарда 2888 болса, соңғы үш айда олардың саны 3000 адамға көбейген. «Көп балалы отбасыларға бірінші кезекте пәтер берілетінінен хабардар болған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер категориясын көп балалы отбасыларға ауыстырған. Соған қарамастан мемлекет есебінен биыл 23 721 жалдамалы пәтер беріледі деп отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласында 1938 пәтер беріледі», деді М.Жайымбетов.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

Аймақтар • Бүгін, 09:30

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Ұқсас жаңалықтар