Жалпыға түсінікті болуы үшін алдымен айтарымыз, президенттікке кандидаттар ретінде тіркелу үшін ұсынылушылар ұсынылатын айдың бірінші күніндегі, яғни 01.04.2019 ж. жағдай бойынша өзінің және жұбайының кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет. Ал кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Сонда еске ұстар жайт, тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады.
Сонымен қатар сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады. «Сайлау туралы» ҚЗ Заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне тіркелген кандидаттарға эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді хабарлау мен жариялау сайлау алдындағы үгіт басталғанға дейiн 5 күннен кешiктiрiлмей, яғни ағымдағы жылдың 5 мамырына дейін өткiзiлуі тиiс. Күнтізбелік жоспардағы бірқатар баптар сайлау процесіне қатысушыларды сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері, сайлаушылардың тізімдерін танысу үшін ұсыну мерзімдері туралы ақпараттандыру мерзімдерін белгілейді.
Жалпы жаңа заңнамалық түзетулер топтамасы бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде интернет-ресурстарда және ақпараттық-коммуникациялық желілерде үгіт жүргізу мәселелерін реттейді. Сайлауалды үгіт жұмыстарын жүзеге асыру құқығы кез келген емес, тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген интернет-баспаларда және ақпараттық-коммуникациялық желілерде ғана жүргізу бекітілген. Дегенмен Отандық заңнама желілік бұқаралық ақпарат құралдарында сайлауалды үгіт жүргізудің жан-жақты реттелуін қамтымайды және мұндай үгітке нақты шекара қоймайды. Бірақ Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауалды үгіт жүргізу мәселелері бойынша айтарлықтай маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, сайлауалды үгіт жүргізуде кандидаттарға арналған теңдей шарттардың кепілдіктері күшейтілді.
Осы жаңа нормаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған эфир және баспа ауданын беру тәртібі және шарттары, ақысын төлеу мөлшері туралы мәліметтер Ортсайлауком және аумақтық сайлау комиссияларының Интернет-ресурстарында орналастырылады. Мұндай мәліметтер жарияланбайынша бұқаралық ақпарат құралдары партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар мен үміткерлердің үгіт материалдарын орналастыруға және таратуға арналған эфир мен баспа ауданын ұсына алмайды. Сайлауалды үгіт кезеңінде үміткерлердің сайлауалды үгіт жүргізуіне байланысты мерзімді баспасөз басылымдарының таралымы кандидаттар үшін бірдей болуы тиіс.
Сол сияқты сайлаушылар құқы сақталуы үшін әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан 20 күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына, яғни 20 мамырдан кешіктірмей ұсынады. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей, тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi. Бұл орайда әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Ал арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi. Жергілікті атқарушы органдар елдің сайлау комиссияларымен бірлесіп, дауыс беру күні учаскеге келген азаматтың сайлаушылар тізімінде өзін тауып, өзінің сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс.