Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Көкшенің жасыл желегін 4 рет өрт шалды

846 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдетте, Арқа төсіне көктем кеш келеді. Сай-саладағы, орманды алқаптардағы жер дегдімей жатып жасыл желекті өрт шала бастауы елді алаңдатып отыр. Былтыр облыс ормандарында 11 мәрте үлкен өрт оқиғасы орын алған. Көктем енді туса да, Көкшенің жасыл желегін 4 рет өрт шалды.

Көкшенің жасыл желегін 4 рет өрт шалды

Облыстық төтенше жағдайлар қызметі мен орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының берген деректеріне көз салсаңыз, өрттің алдын алуға, қорғауға деген дайындық мұздай қатып тұр. 10 баллдық көрсеткіштің 7,9 процентін қамтиды. Бірақ, соған қарамастан, қызыл жалынның өңешіне іліккен жасыл орман күйік шалып, баудай бұратылып түсіп жатыр. Ол аздай заңсыз ағаш кесушілер де тыйылар емес. Өткен жылы заңсыз ағаш кесу бойынша 22 оқиға орын алса, биыл осындай келеңсіз жағдай екі рет қайталанған. Мұның бір себебі, қала тұрғындары сатып алатын отынның қымбаттауында. Яғни, орман қарақшылары сұраныс болғаннан кейін ағаш ұрлап сатуды кәдімгідей кәсіпке айналдырып отырғандығын несін жасырамыз. Қалаға келетін сантарау дала жолы бар. Оның бәрінде қапысыз күзет ұйымдастыруға орманшылардың қауқары жете бермейді. Көлігі тапшы, кісісі кем.

Қала іргесіндегі «Бұқпа» орман шаруашылығы аумағында өткен жылы бес мәрте орман өртенсе, биылғы жылы қызыл жалынның алапат тілі сумаңдап, екі мәрте қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайларды, әлі бүршігін жара қоймаған тал-теректі жайпап кетті. Табиғаты тамылжыған Сандықтау өлкесінде де өрт пен ұрыдан келген залал көп. Қазір бұл өңірде осындай оқиғаларға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қалай болған күнде де Отанымыздың бір байлығы – орманымызға абай болайықшы!



Ақмола облысы