23 Наурыз, 2013

«Қырымның қырық батыры» жырының «Манастан» несі кем?

2167 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Қырымның қырық батыры» жырының «Манастан» несі кем?

Дана Абай «адам баласын адам баласынан оздыратын» қасиеттерді санамалап айтып кеткен болатын. Ешқашан маңызын жоймайтын сол қасиеттер қазір тіпті еңселене түс­кендей. Тәуелсіз Қазақстанды әлем жұртшылығына таныту және мойындату, жаһандану дәуірінде ұлттық құнды­лық­тарды сақтау үшін біз ақыл-санаға, өнер-ғылымға сүйенуге тиіспіз. Бүгініміздің жетістікті болуы – бір меже, ал мақтана көр­сетуге молынан татитын көне  құндылықтарымызды жеткілікті баға­лай алып жүрміз бе? Бір ғана мысал  ретінде «Қырымның қырық батыры» эпостық жыры жайлы айтуға болады.

 


Дана Абай «адам баласын адам баласынан оздыратын» қасиеттерді санамалап айтып кеткен болатын. Ешқашан маңызын жоймайтын сол қасиеттер қазір тіпті еңселене түс­кендей. Тәуелсіз Қазақстанды әлем жұртшылығына таныту және мойындату, жаһандану дәуірінде ұлттық құнды­лық­тарды сақтау үшін біз ақыл-санаға, өнер-ғылымға сүйенуге тиіспіз. Бүгініміздің жетістікті болуы – бір меже, ал мақтана көр­сетуге молынан татитын көне  құндылықтарымызды жеткілікті баға­лай алып жүрміз бе? Бір ғана мысал  ретінде «Қырымның қырық батыры» эпостық жыры жайлы айтуға болады.

Басынан талай дәуірлер мен дәурендерді өткізген қазақ хал­қы­ның, төсінен жөңкілген небір тайпалар мен ұлыстарды өткер­ген қазақ даласының тарихы шым-шытырық. Осылардың ішін­­­­де біз бір шаңырақ астында болып, 16-шы ғасырдың со­ңын­да ыды­ра­ған ноғай-қазақ ұлы­сын­­­дағы пси­хо­логия­лық көңіл-күй­ді, ха­лықтың нені аңсап-көк­сегенін «Қырымның қырық батыры» жырлар цик­лінен аңғара­мыз. Дү­ниежүзілік мәдениет ес­­керт­кіші деп есеп­телінетін ол «но­ғайлы жырлары» деп аталады. Оның себебін жоғарыда ай­тылған қос ұлыс­­тың бірге болуынан деп түсі­­неміз. Ноғай ұлы­сы Қа­заннан Самарқандқа, Қы­рымнан Ал­­тай­ға, Маңғыс­­­тау­­­дан Түменге де­йін­гі аумақты мекен еткен­дігін ескерсек,  жыр қ­азақ үшін жат емес. Қазақ ті­­лінде жыр­ланып, бірден-бір то­лық нұс­қасы қазақ жырау­лары­­ның арқасында сақ­талып, бү­­гінге жет­кендігі де біраз нәрсені аң­ғартады. Оның үстіне маңғыс­таулық ғалым, мар­құм С.Қон­­­дыбай  «Қырым» топониміне қа­­тысты «аңыздық Қырым – 14 ғасырда пайда бол­ған Үстірттің поэтикалық атауы, Үстіртті сол аймақта тұрған тү­рікпен де, қа­зақ та күні бүгінге дейін «қыр» деп атап келеді. Есен-қазақтар заманында және олардың ыдырап кеткеннен ке­йінгі жарты ғасыр уақыт ішінде жергілікті фольклорда «Қырым» деп Үс­тірт­­ті де, оған жапсарлас Маң­ғыстау түбегін да атайтын бол­ған» деген пікір айтады. Демек, жыр қазақтың да мұрасы, оған иелік етуге қазақтың да құқы бар.
Көлемі жағынан әлемдегі алып жыр «Қырымның қырық батыры» тиісті орындардың құ­лағына Ұлы Отан соғысы жылдары шалынды. И.В.Сталиннің жүдеген, көңілсіз халықты рухани қолдап, идеологиялық жа­ғынан жігерлендіру мақсатында берілген тапсырмасы негізінде, барлық республикаларда ұлттық құндылықтарға назар аударыла бастады. 1942 жылы КСРО Ғы­­лым академиясы қазақ филиалы Төралқасы төрағасының орынбасары Қ.Сәтбаев пен осы фи­лиалдың Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Н.Сауранбаев Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төр­аға­сы Н.Оңдасыновқа мәлімдеме жасап, аталмыш жырды жадында сақтап, бүгінге жеткізген Мұ­рын жырау Сеңгірбекұлын Ал­матыға алдырып, жырды аса қиындықпен қағазға түсірт­тіре­­ді. Осылайша, Мұрын жырау­­­дың  көмбе көкірегінде сақ­­тал­ған асыл жәдігер хатталды. Бұ­ған үлкен ықыласпен шүкір­шілік етуге тиіспіз.  Екі жылдан соң Ташкент қаласында өткен Орта Азия фольклорына қатыс­­ты бүкілодақтық ғылыми-тео­риялық конференцияда айтулы кеңестік ғалымдар «Қы­рым­­ның қырық батыры» жырын «дүние­­жүзілік маңызы бар жыр» деп бағалады. Сол кездері ға­лымдар, әдебиетшілер, тарихшылар тарапынан жырға қы­зығушылық туып, зерттеуге құш­­­­­­­тарлық пайда болды. Бас­тапқыда мифтік аңыз эле­мент­­­тері басымырақ жыр ретінде қарастырылып, тарихи астарына үңілуге айта қа­ларлықтай ұм­тылыс болған жоқ. Бір сюжетті әр жыраудың өзін­ше құбылта, өз қиялымен дамыта жырлауы жырдың көркемдік-поэтикалық қуатын арттыр­ған­мен, күдік-күмәннің пердесін қою­лата түс­ті. Қиялдың жыры, аңыздың әңгімесі, жыраулардың ойынан шығарылған оқиғалар, ноғай­дың мұрасы деп қарау уақыт өте келе сейіліп, белгілі бір тарихи кезеңнің дүбірі, бағ­зы дәуір да­уысының жаңғы­ры­ғы, қазаққа да қатысы бар құн­дылық екен­дігі  мойындала бас­тады. Халық қия­лын­да ға­сырлар бойы тербелген ел мен жерді қорғау, отан­сүй­гіштік, тә­уел­сіз­дік үшін күре­судің өксік-сары­ны естілді, жау­­ға қарсы атой­лаған рухтың лебі есті. Әр­түрлі пікір, пайымдардан соң, «Қы­рық бір батырды қамтитын 36 жырдан тұра­ды» деп көлемі анықталды. 10 батырды қамти­тын «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», тағы да 10 батыр жайлы сыр шертетін «Қа­радөң батыр және оның ұрпақ­тары», сондай-ақ, 21 батырды баяндайтын «Жеке батырлар» бөлімдері бар екендігі нақты­ланды. Кек алу, ел қорғау, тә­уелсіздік үшін арпалыстың  ата­­­­дан-балаға жалғасып, жыр­дың өн бойына генеологиялық сипат беретіндігі айтылды. Текс­тік-сюжеттік негізі талқыланып, жыр­­лардың бәрі бір мезгілде жазылмағандығы, әр қайсысы­ның әр заманның туындылары екендігі, Маңғыстауда, одан соң Сарайшықта тұрған қарт жырау Сыпырадан бастап, Абыл, Нұ­рым, Қашаған, Мұраттар арқы­лы Мұрынға жеткендігі белгілі болды. Сондай-ақ, жыршылар мен жыраулардың жырды жа­ңадан ойлап таппай, «14 ғасыр озалдарындағы бас кейіп­кер­лер­дің есімдерін ноғайлы тарихында аты мәшһүр болған Едіге және оның ұрпақтарының,  т.б. кісілердің аттарына ауыстыра жыр жасағандығы» шамаланды. Жырда айтылатын Шыңғырлау, Қандыарал, Елек, Қызылқұм, Бал­қан, Боғда, Бесоба, Шат, Егіз­­­бұлақ, Қаратүлей, өзге де жер-су атауларын қазіргі қазақ даласынан кездестіруге болады. Әсіресе, Бейнеу ауданы аума­ғын­дағы Күйкен ұшқан тауы «Қырымның қырық батыры» жырының менмұндалап тұрған «белгісі». Маңғыстаулықтар ара­­­­­­­сында он бір би  опасыздық жасап  кепілге қалдырып қашып кеткен, сөйтіп,  қалмақтардың қолынан қаза тапқан Күйкен кей­уананың жалғызы – Мана­шының құрметіне сол есімді ие­леніп жүргендер бар.
«Қырымның қы­­рық батыры» жыры әлі зерт­теліп болған жоқ. Тарихи-гео­­графиялық тұрғыда және жырда кездесетін салт-дәс­­­түр, діни на­ным-сенім, батыр­лардың қалып­тасуы мен соғысу әдісі, орындаушылар мектебі мен олардың жырды дамыту шеберлігі секіл­ді алуан қыры­нан толыққанды зерттеп-зерделеу үшін өз жанашырларын, із­денушілерін күте­­ді. Біздің айт­пағымыз – әлем алдында қазақ­тың мақтанышына айнала алатын ұланғайыр жыр­дың, оның орындаушысы, ай­рық­ша талант иесі Мұрын Сең­гірбекұлының әлі күнге елеусіз қалып келе жатқандығы. Жоқтар жоқтан бар жасап тыраштануға әуес болса, біз барды бағалай алмау­ға бой үйретіп алған сындымыз.
Ағылшынның «Роланд туралы аңызын», гректің «Илиадасы» мен «Одиссеясын», қырғыз­дың «Манасын», орыс­тың «Игорь жа­­сағы туралы жырын» білеміз, сол арқылы ел­дерін танимыз. Ал «Қырым­ның қырық батыры» десе қазақ аты аталатындай дә­режеге неге жете алмай жүр­міз? Жоғарыда айтыл­ған Н.Оң­да­сы­­новқа жа­зыл­ған мәлім­демеде Қ.Сәтбаев пен Н.Са­у­ранбаев «Қы­­­­рымның қырық батыры» бағалылығы жағынан қыр­ғыз­дың «Манасынан» да асып тү­сер дүние­жү­­зілік ма­ңы­зы бар, көлемі жағы­­нан  «Манастан» екі есе үлкен, шығыстың ұлы туындысы «Мың бір түн­нің» өзін кейінге қал­дырады» деген болатын. Біз­­дің ойымыз – қырғыз бауырдың бренді «Манасты» ман­сұқтау  емес, 2009 жылы Қы­тайдағы қырғыз диаспорасы ұсынды деп, Қытай атынан ЮНЕСКО-ға тіркеген­ді­гін айту. Біз қытайлық қандас­тардың қа­ре­кетін күтіп жүрміз бе, әлде жырдың кейбір нұс­қалары сақ­талған Ресей өл­кесіндегі  ноғай­ларға қарайлай­мыз ба? Жұрт біреудің ұлы мұ­расын көзапара «ұрлауға» көш­­кенде, біз барымызды насихаттаудан неге тартынамыз? Тәжік­тер Фирдоуси мұражайын «Шах­нама» кейіп­кер­лерінің мү­сіндерімен безен­дірген. Бұл жай ғана безендіру емес, тарихты таныту, ұлылық­ты мойындату, рухани мұралар­ды қастерлеу. Аласапыран Ұлы Отан соғысы кезінде эпосқа қатысты ағалар бастаған істі біз тәуелсіздік тұ­сында лайықты жалғастыра алмай отырмыз. Бұ­ған дейін ЮНЕСКО қор­ғауына Қожа Ахмет Ясауи ба­бамыздың кесене­­сі мен Тамғалы петроглиф тас ке­шені секілді екі мә­дени, Са­ры­арқа – Солтүстік Қа­зақстан даласы мен көлдері секілді бір табиғи мұрамыз енді. Енді бей­­материалдық мұра санатында көлемі, құндылығы жа­ғынан қай талаптарға да сай келетін «Қы­рымның қырық баты­ры» эпосы алынса, та­­қиямызға тар келмес еді. Қазіргі таңда алдын ала тізімде тұр­ғандар ара­сында атал­­­­мыш жыр жоқ.
«Қырымның қы­рық батыры» жырын насихаттауда қыр­ғыз­дардан үлгі алуға тиіс­­­­піз. Оларда «Манас» жырына Отанды қорғаудың,  ер­­лік­­тің, тәуелсіздік үшін кү­рестің, ұрпақ тәр­бие­леудің ұстыны ре­тін­де қарайтын көз­қарас барынша қалып­тас­қан. Жырды орындау­шылар дең­гейі мен қабілетіне қарай дә­ре­желеніп, ұлықталады. Өздері құрметтесе, өзгелер де назар аударады емес пе? Кеңес астрономы Н.Черных ашқан ғаламшарға Манас аты берілді, екі томдық «Манас» энциклопедиясы басылды. Бішкекте ха­лық­аралық әуежай осы атаумен аталып, ма­насшыларға және жырдың ке­йіпкерлеріне ескер­т­кіш-мүсін ор­натылды. Гин­нес­тің рекордтар кітабына еніп,  жырдың 1000 жылдығы ЮНЕСКО ше­шімімен кең көлемде аталып өтілді. Рухани бағытта бірнеше опералар, кинолар өмір­ге келді. Осыларға қарап, «Қырымның қырық батыры» өгейсіп тұрған­дай болады. Мар­құм А.Сейдім­бектің аталмыш жырды дүние­жүзілік дең­гейде түркіге ортақ мәдени мұра ре­тінде таныту арманы да әзірге адыра қалып тұр… Екінші айт­пағымыз – жыр­дың бірден-бір жеткізушісі, «XX ғасырдың Го­мері атанған» Мұ­рын жырау­дың тасада қалуы. Алдымен Мұрын жыраудың ерекше қабі­лет иесі, оқу-сызу­сыз-ақ осынша жырды жаттап, жадында сақтаған, өз әуен-мақа­мына сай төгілте жыр­лаған жырау екен­дігін мойындау керек. Жырлары жазбаша сақ­талған Гомерге телу – табиғат­тың өзі дарытқан ағыл-тегіл жадтың ие­сі, тарихи, мә­дени мұ­раны ұзақ жылдар сақ­тап әкеп, қазақ ауыз әдебиетінің қо­рына қал­­дырып кеткен Мұ­рынға жасал­ған қия­нат. «Күй – Тә­ңір­дің кү­бірі болса», сөздің киесі, ал жыр­дың рухы бар. Жамбыл Жабаев түні бойы «Көр­ұғлыны» орындап, таң сә­рі­де құманын ұс­тап далаға шықса, қарсы ал­дындағы қара­уыта мұнартқан тау үстінде алып қара кісі қарап тұрыпты. Шошынып кеткен Жә­кеме «қо­рықпа, мен туралы жақ­сы айт­тың» депті деген ләм бар. Мұ­рын орындаған батырлар жы­рында батырлардың рухы сақ­талған.  Мұны Мұрын да тү­сін­ген. Көнекөздерден естуіміз­ше, ол әрбір жыр біткен соң, сыртқа шығып дәретін алып ке­ліп келе­сі жырды бастаған. Ал жырдағы басты кейіпкер – қа­һарман қай­тыс болса, орындаушы мен тың­даушылар көздеріне жас алып, оның рухына аят бағыштап алып, қайта жырлауға кіріседі екен. Жырды осынша­лық­ты құр­меттеген өзі ұста, өзі жыршы М.Сеңгірбекұлы, сонымен қа­тар, қазақ жырларын Орта Азия елдеріне насихаттаумен айналысты. Бірақ, бір өзі әде­биетімізге шексіз үлес қосқан ұлы жырауды жеткілікті дәре­жеде құрмет­теп жүрміз деп ай­туға ерте. Ұлтымыздың маң­дайына біткен арыстардың мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту қуаны­шына қол жет­кіздік, бірақ бұл санатқа Мұрын енген жоқ. 150 жылдығының рес­публика көле­мінде тойлан­ған­дығына тәубе дедік. Ақ Ке­тікте мұражайға айналдырылған жы­раудың үйі Т.Шевченконың мұ­ражайымен салыстырғанда, кө­ңілге олқы түсіп тұратындай. Көре білгенге жетіспеушіліктер жетіп жатыр. Осы жерде бізге Фирдоусидің мұражайын ашып,  «Шахнама» ке­йіпкерлерінің мү­сіндерін тұр­ғызған тәжіктердің құнттылығы мен «Манасын» мадақтап, манасшыларын төбеге көтеретін қырғыздардың пысық­тығы керек.
М.Сеңгірбекұлы мен «Қы­рымның қырық батыры» – таусылмайтын тақырып. Шағын мақаланы ол жайларға тереңірек тоқталуға емес, оларды халық­аралық деңгейде насихаттау мәселесіне арнауды жөн көрдік. «Қырымның қырық батыры» мен Мұрын жырау ұлты­мыз­­дың ұлылары емес деп еш­кім айта алмас. Бі­рақ, насих­ат­тау­ға да еш­­кім құ­лық­ты емес.
Неге?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.