Саясат • 25 Сәуір, 2019

Сенат бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

840 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

Сенат депутаттары Жоғарғы Соттың судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновты орнынан түсуіне байланысты, Еліс Әбдіқадыровты басқа қызметке тағайындалуына орай қызметінен босатты.

Отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісім ратификацияланды.

Келісім бойынша филиалда «математика», «қолданбалы математика және ақпараттану», «филология», «экология және табиғатты пайдалану», «экономика» бағыттарындағы даярлықта Қазақстан тарихы мен қазақ тілі міндетті түрде оқытылады; филиалдағы оқу күндізгі және күндізгі-сырттай оқыту нысандары бойынша жүзеге асады және орыс тілінде жүргізіледі; Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалда оқуды тәмамдаған Мәскеу университетінің түлектері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істеп өтеуі міндетті; филиалдың білім беру және қаржылық-шаруашылық қызметіне Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру және Қазақстан тарапына бекітіліп берілген мүлікті филиалдың пайдалануы тұрғысынан бірлескен тексеруді жүзеге асыру үшін мекемеаралық комиссия құрылады; филиалдың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінен мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға бөлінген қаражат есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асады.

Сенат Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялады.

Келісім авторлардың, орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың (жасаушылардың), авторлық және сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің авторлық және сабақтас құқықтарды іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді.

Мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалатын авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкіндігі көзделеді.

Палата Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялады.

Құжат 2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында жасалған келісімді ратификациялауға арналған.

Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасында бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық сауда режимін белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделген.

Отырыс барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың Атырау-Орал-Самара теміржол бағытының құрылысын қаржыландыру туралы; Төлеубек Мұқашевтың Беларусь Республикасымен бірлесе отырып «ұшқышсыз ұшақ» өндірісін ұйымдастыру мәселелері бойынша; Дулат Құсдәулетовтың қоршаған ортаны қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауалдары тыңдалды.

Отырыс соңында Сенат басшысы депутаттарды Экологиялық кодексті әзірлеуге белсенді қатысуға шақырып, бұл саладағы проблемаларды шешу қоғам үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.